Біреудің қайғы-қасіретінен табыс табуға ұмтылған міскіндер мына дүниеде болмаса да ана дүниеде жауап беретіні анық. Алайда, қазіргі жағдайда қоғам тұрақтылығы үшін біреудің азасы мен қазасынан ақша жасап жатқандар тізгінін тартып, міндетті түрде жазасын алғаны жөн. Қандай жолмен болса да байығысы келетін қорқау дүниеқоңыздық барлық кезде болған. Адаммен бірге жасап келе жатқан ашкөздік кісінің көз жасы, обал, сауабына қарамайды.
Сондықтан да көз алдымызда керекті дәрі-дәрмектер күрт қымбаттады. Қолдан жасалған дәрілердің жетіспеушілігі мұқым жұртты үрей құшағына қамады. Салдары адам ағзасына орасан зиян келтіретінін түйсініп тұрып, жасанды препараттарды сатпақ болған алаяқтар табылды. Көр қазушылардың еңбек құны өсті. Жуырда газетімізде «Бейіт басындағы бизнес немесе Алматыдағы қаралы кәсіптің бүгінгі бағасы» деген мәселе көтеруге мәжбүр болған едік. Қазір бұл мәселеге қатысты шаһар билігі нақты әрекетке көшті деуге болады.
Ал алда Құрбан айт келе жатыр. Бір Алланың ризашылығы үшін жоқ-жітікке құрбандық шалып, сауапқа бөленгісі келетін мұсылмандар қандай күрделі кезеңде тұрсақ та жақсы амалға ұмтылары анық. Ал мұндай кезде малды бейнетін көріп баққандар емес, ортада жүретін делдалдар мен алыпсатарлар бір байып қалуға ұмтылатынын жылда көз көреді. Егер мұндай болмасақ, елордада өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Әсіресе, зираттағы жер құнын аспандатып жібермейік. Жерлеу рәсімдеріне қатысты қызмет бағасын да қолдан шарықтатпайық. Сындарлы сәтте халықтың жағдайын ескергеніміз абзал. Ар мен ұятты естен шығармайық, ағайын! Осындай қиын-қыстау шақта азаматтарды пендешілікке салынып, пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырамын. Қасапшылар да бұрынғыдай өз қызметі үшін алатын ақысын көтермей, жанашырлықпен елге қызмет етеді деп үміттенеміз», демес еді.
Дегенмен, қай істің болсын жауабы болады. Алматыда өткен онлайн-жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Ақша жасауға» тырысқан азаматтар жазаланатын болады деп анық айтты. Дәрі-дәрмек пен жерлеу қызметі бағасының өсуі хақында шаһар басшысы қынжыла отырып, нақты деректерді алға тартып, қала тұрғындарын бір-біріне қайырлы болуға шақырды. Қала әкімі өзі азалы болып отырған 8 адамның ашынғаннан Полиция департаментіне зират жұмысшыларына қатысты ресми түрде шағымданғанын айтты. Ал мұндай жағдайда қайғысымен әлек болып, бастан құлақ садаға деп отырғандар қаншама?! Өтініш білдіргендердің айтуынша, олар жерлеу қызметтері үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болған, оларды белгіленген құнға қосымша 70-тен 80 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр еткен.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Алматыда зират қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекетінің жолын кесу үшін арнайы жедел-тергеу топтары құрылған. Өткен аптада екі азамат қолға түсті. Жерлеу кезінде заңсыздықтың жолын кесу мақсатында басқа да жерлеу орындары тексеріліп жатыр.
Дәрілік заттарды заңсыз сату және оның бағасын көтеру фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында прокуратура, ПД, ЖД, ТҚСБҚД, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінен тұратын мобильді топ құрылды.
Қазіргі таңда жоғарыдағы жайттарға қатысты осындай 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды, оның 24-інде дәрілік заттарды сату фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Осы істерді тергеу шеңберінде 986 қаптама (левоцин, ингавирин, фраксипарин, азитромицин және т.б.) дәрілік заттар, сондай-ақ 8,5 млн дана медициналық маскалар алынып, стационарларға берілді.
Қала дәріханаларында дәрі-дәрмектердің бағасын заңсыз көтерудің 93 фактісі анықталды. 39 адам ӘҚБК 426-бабы «фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы ережелерді бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Қалада медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттарды алып сататындар байқалды. Олар көтерме саудада ең танымал дәрі-дәрмектерді сатып алып, интернетте хабарландыру берген. Біз әрбір осындай хабарландыруды Алматы қаласының Полиция департаменті арқылы бақылап, «сатып алушы» бейнесінде оларға келіп, одан әрі қажетті шаралар қабылдадық. Осылайша, біз 8,5 млн теңгеге дәрі-дәрмектер тәркіледік», деді әкім.
АЛМАТЫ