Алматы қаласында медициналық көмек көрсету тәсілдерін өзгерту төсектік орын қорының жүктемесін азайтуға септесе бастағанын байқауға болады. Шаһарда жедел жәрдем мен емханалардың, стационарлардың жұмысынан бастап барлық бағыттар бойынша жұмыс тәсілдері өзгертілді.
Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров соның нәтижесінде, жұмыс жүйелене бастағанын, бұған дейін клиникалар провизорлық және инфекциялық стационарларға бөлінген болса, бүгінде пациенттер жағдайының ауырлық дәрежесіне қарай бөлінетінін жеткізді.
«Біз оны үш санатқа бөлдік. Бірінші санатта – ең жақсы материалдық-техникалық базасы бар клиникалар, онда озық реанимация қызметі, қажетті мамандар жиынтығы бар. Екінші санаттағы клиникаларда мамандар бар, бірақ реанимациялық төсектік орын саны аз. Үшінші санаттағы клиникаларға біз ауруының ауырлық дәрежесі салыстырмалы түрде жеңіл және орташа пациенттерді жатқызамыз. Мұндай ағындар бойынша бөлу пациенттердің маршрутын жүйелі түрде құруға мүмкіндік берді», деді қаланың бас дәрігері.
Оның айтуынша, бүгінде қалада төсектік орын саны мен сауығып шыққан пациенттер санының артқаны байқалады. «Бұрын бізде төсектік орындардың бос болмауы аурулар ең көбейген сәтте 90%-ға жеткен болса, қазір бұл көрсеткіш 50%-дан аз. Әрбір екінші төсектік орын бүгінде бос, бірақ осыған қарамастан, біз төсектік орынды көбейтуді жалғастырып жатырмыз», деді К.Надыров.
Сондай-ақ БМСК деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері өзгерді, тек КВИ-мен ауырған пациенттермен ғана жұмыс істейтін арнайы мобильді бригадалар құрылды.
«Бүгінгі таңда 72 мобильді бригада бар, дәрігерлер мен орташа медициналық қызметкерлер саны 400 адамға жетті. Бұрын 200 адам болған. Мобильді бригадалардың міндеті – пациенттерді БМСК деңгейінде барынша ұстау, яғни асқынулардың дамуына және келесі деңгейге – стационарлық деңгейге жеткізбеу», деді ол.
Енді жедел жәрдем пациенттерге келгенде, олардың әзірленген чек-парағы бойынша пациенттің ағымдағы жағдайын объективті бағалауға болады. Аурудың ауырлық дәрежесіне байланысты жедел жәрдем науқасты қандай ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдайды. Осы арада айта кету керек, COVID-19-бен күреске тартылған медициналық ұйымдардың саны артып келеді. Бүгінде қалада шамамен 6 мың төсектік орын бар, онда 4 440 медициналық қызметкер жұмыс істейді.
«Біз сонымен қатар медицина кадрларын жұмылдыру мәселесін қарастырудамыз, өйткені біздің алдымызда төсектік орын санын кем дегенде 7 700-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде 1 500-ге жуық дәрігерді қабылдадық. Олар дайындықтан өтіп, инфекциялық қауіпсіздік, пациенттерді емдеу мәселелері бойынша оқытылып жатыр. Бұл тұрғыда мамандарды дайындайтын арнайы оқу-клиникалық орталық құрылды», деді бас дәрігер.
Сонымен қатар қала басшылығы төсектік орын санын арттыру үшін барлық нұсқаларды пысықтауда. Қаладағы «Halyk Arena» мұзайдын сарайының базасында госпиталь ашылды, онда 1 мың төсектік орын орналасқан. Сондай-ақ сол жерге медициналық газдар, оттегі жеткізіп, толыққанды реанимациялық бөлім ашу жоспарда бар.
«Медициналық мекемелерден басқа да нысандарды зерделедік. Атап айтқанда, бастапқыда психоневрологиялық ауруларды емдеу орталығы ретінде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың біріне тоқталдық. Барлық инфрақұрылымды зерттеп, оны медициналық нысан ретінде қайта бейіндеу өте қолайлы екенін түсіндік. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл 500 төсектік орындық толыққанды стационар болады, оны қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Онда инфекциялық қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталады», дейді.
АЛМАТЫ