Жаһанды жаулаған пандемия адамзаттың өмірін бір мезетте күрт өзгертіп, қарусыз жаумен бірге соғысуға мәжбүр етті. Алғы шепте – дәрігерлер. Қызыл жолақтың үстімен күн сайын ары-бері өтіп, қауіп-қатермен бетпе-бет күресіп жүрген медицина саласының мамандары халықты әрі сақтыққа, әрі сабырға шақырады. Осы орайда "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының өткен жылғы жеңімпазы, А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Рақышевта пандемия кезінде халыққа кеңес беруді азаматтық міндеті санайды.
- CoVid-19 індетімен жаппай әлем болып күресіп жатырмыз. Оның негізгі емі әлі нақты табылмағанын ғалымдар жазып та, айтып та жатқаны бәріңізге белгілі. Қазір әр елдің ғалымдары бірігіп, вакциналар жасаумен айналысып жатыр. Әзірге қуантарлық нәтиже болмағанымен түбінде оған қарсы дауа табылып, жеңіп шығатынымызға сенімдімін, - деп бастады Бауыржан Рақышев.
- Сіздің ойыңызша, пандемия адамзат өмірін қаншалықты өзгертті? Бұл біздің санамызға серпін әкелді ме?
- Адам баласы небір зұлмат заманды бастан кешірді ғой. Пандемия бізді түбегейлі басқа адам етіп шығарады дегенге бірден келісе салу қиын. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Дегенмен, белгілі бір деңгейде көзқарасамыз бен санамыздың өзгеретіні рас. Мына қалыптасқан жағдай бізді біраз нәрсеге үйретті. Адамзат баласы бір-біріне бауырмал бола бастады деп сенемін. Шүкір етуді үйрендік. Өмірдің жаңаша талаптарына бейімделе бастадық. Халық бұрын сұранысқа аса ие болмаған кәсіптерді игеріп жатыр. Кейбір мамандықтардың маңызы артты. Әдетке айналған кейбір әрекеттерімізден арылдық. Сайып келгенде санамызды жаңғыртпасақ, жақсы жолға түспейтінімізді түсінетін кез жетті.
- Ал өзіңіз коронавирустан сақтанудың қандай жолдарын ұсынып, осы вирусты жұқтырғандарға қандай кеңес берер едіңіз?
Кардиохирург ретінде менің мамандығымның коронавирусты жұқтырған науқастарға тікелей қатысы жоқ. Әйтсе де, медицина саласының өкілі ретінде өз ойымды айтайын. Ең бастысы, сақтық пен сабырлық қажет. Барынша сақтанып жүру керек. Ал егер вирус жұқты ма, онда бірінші кезекте сабыр етіңіз. Байбалам салып, бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Ауырғандардың көбі аман-есен жазылып шығып жатыр. Біреу айтты екен деп дәрі-дәрмекті дәрігердің тағайындауынсыз қолдана беруге болмайды. Дәрігердің нұсқауын жіті орындаңыз. Қазіргі жағдайды түрлі пиғылда пайдаланып, неше түрлі дәстүрлі емес және дәлелденбеген ем ұсынып жатқандар да шығып жатыр. Ондайдан барынша аулақ болған жөн. Карантин вирустың бір мезетте жаппай таралып кетпеуі үшін жасалған шара ғой. Дегенмен, егер өзіміз тәртіп сақтамасақ, ешқандай да карантин көмектеспейді. Бәрі өзімізге байланысты.
- Енді өзіңіз жайлы. Бүгінде А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында кардиохирургия бөлімінің меңгерушісіз. Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?
- Бала кездегі арманым дәрігер болу еді деп әсірелеудің қажеті жоқ. Оқуға түсерде ата-анамның ақылын тыңдадым. Әкем көп жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған, ал анам қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Маған бағыт-бағдар берген осы кісілер. Саралай келе үлкендердің ақылын тыңдап, Алматыға С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне түстім. Бәрін бірте-бірте үйреніп, кейін медицинаның кардиохирургия саласын таңдадым. Ауыр да жауапкершілігі мол жол. Адам өмірімен тікелей байланысты сала. Кейін "Болашақ" бағдарламасы бойынша Мәскеудегі А. Н. Бакулев атындағы Ресей ғылым академиясының жүрек-қан тамыры хирургиясы ғылыми орталығында кардиохирургия мамандығы бойынша екі жылдық оқуды аяқтап, білімімді жетілдірдім. Оқуымды тәмамдаған соң Алматыдағы А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына дәрігер-кардиохирург болып орналастым. Содан бері осында жұмыс жасап келемін. Дегенмен әрдайым ізденіс үстіндеміз. Басқа мемлекеттердің мамандарымен тәжірибе алмасып отырамыз.
- Кардиохирургияны өте ауыр, жауапкершілігі мол сала деп айтып қалдыңыз. Ерекшеліктерін айтып берсеңіз.
- Жұдырықтай жүрек болғанымен оның өзінің көптеген ауруы бар, салалары да көп. Ашық жүрекке жасайтын және тамыр арқылы жабық түрде жасалатын ота түрлері бар. Біздің саламыз ашық жүрекке жасалатын оталар. Бұл мамандықтың ерекшелігі сол, сіз науқастың ауруымен ғана оқшауланып қалмай оның өмірімен толық танысып, кейде ауруынан тыс мәселелерді шешуге де ат салысқыңыз келіп тұрады. Өйткені, оның жүрек соғысы тікелей сенің жұмысыңа байланысты. Бір жағынан бұл сала сіздің адамгершілік сезіміңіздің одан әрі артуына, жан-жағыңыздағы адамдарға жауапкершілігіңіздің күшеюіне әсер етеді. Бұны әрине жүрекпен сезіне білген дұрыс.
- Қазіргі кезде елімізде ғана емес, әлемде медицина мамандығының маңызы артты. Дегенмен, бір жағынан, қауіпті саналатын бұл саланы таңдайтын жастар да мынау пандемиядан кейін аяқ тартып қала ма деп қорқамыз. Болашақ медицина мамандарына қандай кеңес берер едіңіз?
- Егер бұл мамандықты таңдап, жан-тәніңізбен қалаған болсаңыз, онда шегінерге жол болмауы керек. Бар ғұмырыңызды осыған арнайсыз. Бұл мамандық бірте-бірте өмір дағдысына айналады. Сондықтан, ешқандай жалқаулық немесе еріншектікке бой алдыруға болмайды. Бұдан бөлек, сіздің адамгершілік қасиетіңіз бірінші орында тұруы тиіс. Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Сондықтан, адамгершілік қасиетіңіз жоғары болмай, сіз білікті медицина маманы болып шыға алмайсыз. Себебі, қанша жерден мықты дәрігер болсаңыз да, адамға жаныңыз ашымаса, науқастың жан-дүниесін түсіне алмасаңыз, сізден жақсы дәрігер шықпауы мүмкін. Өз басым, осы бағытты таңдап, жолымды дұрыс тапқаныма еш өкінбеймін. Бағыт-бағдар берген ата-анама да алғысым зор. Өмірлік жолымда кездесіп, тәлім-тәрбие берген ұстаздарға да көп рахмет!
- "100 жаңа есімнің" былтырғы маусымында жеңімпаз атандыңыз. Жалпы бұл жобаға қатысудағы мақсатыңыз не еді?
- 2017 жылы "Қазақстанның 100 жаңа есімі" деген жоба туралы естігенде мен де қатысып көрсем деп ниеттендім. Көптеген азаматтар қатысты. Соның ішінен финалға шығып, үздіктер қатарынан көрінгенде бәріміз қуандық. Ал қатысуымның негізгі себебі – атақ-дәреже емес. Өзіміздің жасап жатқан жұмысымызды таныстыру арқылы медицинаның кардиохирургия саласындағы тың өзгерістерді, заманауи емдеу жолдарының жаңа үлгілерін халыққа көрсетуді және сол арқылы қандай көмек алуға болатынынын жеткізуді мақсат тұттым. Бұдан бөлек, медицина саласын таңдаған жас мамандарға стимул болғанын, талпынысының артқанын қаладым.
- Сұхбатымыздың соңында, сіздің ойыңызша әр азамат рухани жаңғыру жолында не істеу қажет деп ойлайсыз?
- Қазіргі жастарға жүрексінудің, қорқудың қажеті жоқ. Өзінің қалаған білімін алып, ойындағысын жүзеге асыруға мүмкіндік көп. Қай жақта білім аламын десе де барлық жағдай жасалған. Сондықтан, еліміздің дамуына, Тәуелсіздігіміздің сақталып, әрі қарай нығаюына еліміздің әр азаматы үлес қосуы керек деп санаймын. Егер әркім өз мамандығы бойынша сол жолдың әрі қарай дамуына және оның аяққа тұруына, басқа елдермен бәсекеге қабілетті бола алуына септігін тигізсе, оның санасы рухани жаңғырды деуге әбден болады.