• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Шілде, 2020

Кесене күмбезі тарихи келбеті сақталып, қайта қалпына келтірілді

1307 рет
көрсетілді

Түбі бір түркі жұртының рухани орталығы – Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту, зерттеу және туристік орталыққа айналдыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің үш жылдық даму жоспары жүзеге асып жатқаны белгілі.

Бұл орайда «Әзірет Сұлтан» мем­ле­кеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ау­мағындағы тарихи орындарды қайта қал­пына келтіру, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қылует жерасты мешіті (XII ғасыр), Жұма мешіті (XII-XIX ғ.), Ра­­­бия Сұлтан Бегім кесенесі (XVI ғ.), Шил­дехан (XIV-XV ғ.), Шы­ғыс мон­шасы (XVI ғ.), тағы да басқа орын­дар­ын­да да ауқымды жұмыстар қолға алынған.

Ал үш жылдан бері жабық тұрған, Орталық Азиядағы сәулеттік кесенелердің бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Күмбездің тарихи келбеті сақ­талып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілді. Қазір күмбез етегіндегі се­гіз қырмен қосылған жерінде гидро­оқ­шаулау жұмыстары аяқталуға жа­қын. Күмбезді қайта қалпына келтіру жұ­­мыстарын Мәдениет және спорт министр­лігінің бастамасымен «Қазқай­та­жаңарту» РМК жүргізген болатын. Қал­пына келтіру жұмыстары барысын­да ғылыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп, оған белгілі тарихшылар мен зерт­теушілер және білікті реставраторлар қатыстырылды.

Күні кеше Қожа Ахмет Ясауи кесе­несінде атқарылған жұмыстармен Мәде­ниет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова танысып, БАҚ өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ жур­налистер кесенеге қолданылған құры­лыс материалдары мен сәулеттік ерек­шелігі жөнінде қорық-мұражай қыз­меткерлерінен терең мағлұмат алды.

Түркістан қаласына жақындаған кезде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бірден көзге түседі. Биіктігі жағынан оған тең ке­летін сол заманғы ғимараттар өте аз. Осы қасиет оның негізгі бір ерекше­лігіне жататынын атап өту қажет. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәде­ни қорық-мұражайы қызметкерлері Шах­рисябз­дағы Ақ-Сарайдың маң­дайында Әмір Темір: «Біздің қуатымызға, күшімізге күмән келтірсең – біздің сал­ған ғимараттарға қара» деген ұран жаз­дырғанын айтады. Ал күні кеше қалпына келтіру жұмыстары аяқталған күмбездің рәміздік қасиеттері туралы бұған дейін де пікір білдірген ғалымдар баршылық. Әмір Темір тапсырыс беруші ретінде өзі де күмбездерге көп көңіл бөлген екен. Қалалық сәулет өнері Әмір Темір дәуірінде гүлденгені туралы Кастилия мен Лион патшасының елшісі Клавихо былай деп жазады: «Әмір Темір және оның ұрпақтары қалыптастырған дүние экономикалық өркендеуді ынта­лан­дырудың негізі болып табылады. Осыған байланысты Иран мен Орталық Азияда сансыз ғимараттардың салынуы сәулетшілерді шабыттандыра түс­ті. Аруақ қонған жерлер ерекше кө­ңілге алынды: бар ғимараттар қайта жаңғыртылды және әшекейлендірілді, көптеген жаңа кесене салынды». Яғни Әмір Темірдің көркем мұрасы Орталық Азия өнер тарихының жарқын беті деп айтуға болады. Ғалымдар тари­хи құжаттар, аңыз-әнгімелер негізінде Түркістан төңірегіндегі радиусы – 40-75 шақырымда орналасқан елді ме­кен­дердегі көптеген балшық түріне зерт­теу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде ескерткіштің керамикалық кірпіштерінің химиялық құрамына ең жақын және сәйкес келетін балшық Түркістан қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан қазіргі теміржол бойындағы Сауран стансасындағы көне Сауран қорғаны маңынан алынған топырақ екендігі анықталды.

Дәл сол жер, әсіресе, аңыз әңгі­мелерде көп айты­лады. Белгілі тарихшы М.Е.Массон бы­­лай деп жазды: «Аңыз әнгімеге бай­ла­нысты ке­сененің құрылысы және өр­некті кір­піштері Сауранда дайындалып, Ясыдағы құрылыс орнына дейін қол­ма-қол жеткізілген». Ғалымдардың де­регіне жүгінсек, күйдірілген Сауран балшығының химиялық талдануы мынадай қатынасты көрсеткен: кремний – 61%, қалайы тотығы – 14%, каль­ций мен магний – 15%, темір тоты­ғы­ – 5%, калий мен натрий – 4,5%. Бұл көр­сет­кіш кесене кірпіштеріне жүргізіл­ген химиялық талдауымен сәйкес келеді. Яғни іргетасы балшық пен тастан құ­йыл­ған Ахмет Ясауи кешені ХІV ға­сырдағы құрылыс инженерлерінің сөз­сіз озық шешімі болып табылады. Про­порциялық қатынастардың бірлігі, құрылыс тәжірибелері ортағасырлық шеберлердің сәулет өнерінің күрделі теорияларын меңгергендігін көрсетеді.

Ал ортағасырлық Күлтөбе қала­шы­ғы мен Жеті ата негізгі көше­лерін­дегі архео­логиялық-қалпына кел­тіру жұмыс­тарының нәтижесінде Қожа Ахмет Яса­­уи кесенесі мен көне Түркістан қа­ла­сының тарихи-мәдени кешенінің аума­ғында еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы мұражайын ұйымдастыру жос­парлануда. Аталған жұмыстарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қазақ ғылыми зерттеу институты, «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізуде. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында турис­тер демалатын, қалың бау-бақшалы сел­­фи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер туристердің көз қуанышына айналмақ. Сондай-ақ Б.Саттарханов даң­ғылы аумағында этноауыл салынуда. Күлтөбе қалашығындағы қазба жұ­мыстарының нәтижесі бойынша өткен жылы 5000-нан аса біздің заманымызға дейінгі I ғасырда жасалған ежелгі алтын бұйымдар табылған. Түркістан аумағындағы алғашқы қала­лық қоныстардың бірі – 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбе қалашығын қай­та қалпына келтіру мақсатында Мә­де­ниет және спорт министрлігіне қарас­ты Қазақ ғылыми-зерттеу мәде­ниет институты 2018 жылдан бері архео­логиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Археологиялық зерттеу­лердің нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХ ғасырларға тән қыш-құмыралар, бас­­қа да түрлі құнды жәдігерлер табыл­ған.

Күлтөбе қалажұртында әлі де ашыл­­маған тарихи сырларды зерт­­теп, анықтау, ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы ұсынған маңызды тарихи орындарды сақтау, қалпына келтіру, археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу және әртүрлі әлеуметтік бағыттарға арналған – ғи­бадатханалар, үйлер, қолөнер ше­бер­ханалары және өзге де тарихи архео­логиялық нысандардың 3D үлгісін жасау, тарих, археология, этнография, мәде­ниеттану және өнертану тұрғысынан Күл­төбе қалажұртын зерттеудің әртүрлі аспектілеріне арналған монография, ғылыми жинақ, иллюстрациялық альбом, бірқатар ғылыми мақалалар форматында жарияланымдар ұйымдастыру жоспарланған. Тарихи орындарды қалпына келтіру, абаттандыру жұмыс­тары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қада­ғалауында. Бүгінде 2019-2021 жыл­дарға жоспарланған археология және реставрация жұмыстары аясында көне қалашық аумағында табылған тарихи орындарды бастапқы келбетіне сай қабырғасын қалау, сондай-ақ турис­тердің аралап, танысуына ыңғайлы гале­рея­лық жолдар салу сынды бірқатар жұ­мыс атқарылған.

 

Түркістан облысы