• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Сұхбат 30 Шілде, 2020

Тәңірқұты Мөде қаған ордасы

2846 рет
көрсетілді

Газетіміздің өткен 20 шілде күнгі санына «Ғұн ұлысының ордасы табылды» деген атпен шағын мақала жарияланған еді. Мұндағы бір жапырақ жазбада: біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларда Қытайдың солтүстігі мен Орталық Азияда үстемдік жүргізген Ғұн ұлысының тәңірқұты Мөде қағанның ордасы болған Луут қаласының орны табылғаны жайлы айтылған болатын.

Жоғарыдағы тың ақпар басылым оқырмандарының назарын аударып, бәзбір тұлғалар осынау жағымды жа­ңа­лықты әлі де індете жазуды өтінген еді.

Осы орайда, Моңғол даласының Қан­ғай таулы алқабы Ары-Қанғай аймағы, Өлзиті сұмыны жерінен табылған ны­санға қазба жұмыстарын жүргізген моң­­­ғолиялық маман архео­логтердің жер­гілікті баспасөз құ­рал­дарында жария­ла­ған мақала-сұх­баттарында, жоға­рыдағы Тәңірқұт ор­дасының табылуы кез­дей­соқ оқиға қатарына жатпайды депті.

Өйткені әлемге әйгілі көшпенділер мәдениетінің алғашқы іргетасын қалап, әскери-әкімшілік тұрғыдан жетілген ұлыс құра білген ғұндар жайлы дерек ежелгі Таң патшалығының тарихшысы Сыма Цянның «Ши цзи» атты жылнамасының 110-шы бөлімінде жазылған. Осындағы мәтінді 1960 жылдары атақты моңғол оқымыстысы Х.Пэрлээ зерттеп көріп: «Қытай тарихшысы жазған ғұндардың Луут ордасы Қанғай тауы алқабында жатыр» деп берік болжам айтқан екен.

Жалпы, оқырман үшін айта кетерлік мәлімет: өз дәуірінде еуразиялық ке­ңіс­­­тікті құшағына сыйдырған Ғұн им­периясының орталығы қазіргі Моңғол даласы болғаны анық. Бү­гінге дейін Азия құрлығынан ғұн дәуі­ріне тән 7 мыңға тарта мәдени-археологиялық артефактілер табылса, осылардың 5 мыңы Моңғол жерінде жатыр. Ал бұлардың 1335-і Қанғай таулы алқабын көктей өтіп 280 шақырымға созылып ағатын Тамыр өзені бойында екен.

Демек, ғұн дәуірін зерттеуші архео­логтер ұзақ жыл жоғарыдағы Луут орда­сын Қанғай таулы алқабының күре­тамыры Тамыр дариясы бойынан табылар деген үмітте болғаны анық.

Осы орайда, тарихи жаңалықты ашқан топтың жетекшісі, Ұлан­батыр университеті археология факуль­теті­нің меңгерушісі, доктор (PhD) Т.Идэрханғай мырзамен онлайн сұхбаттасып, тәңір жолын ұстанушы баба­ларымыз ту тіккен орданың табылу тарихы жайлы қысқаша әңгіме өрбіттік:

– Идэрханғай мырза, сіздер Ғұн ұлысының ежелгі ордасын тапты деп естіп жатырмыз. Құтты болсын!

– Рахмет. Бірақ аталмыш нысан осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылы әуеден түсірілген суретті сараптау нәтижесінде анықталған болатын. Оның ғұн дәуіріне тән дүние екеніне дау жоқ. Өйткені қала орналасқан өлкеде ғұн дәуіріне тән артефактілер өте көп. Бірақ біз алғашында бұл қаланың ғұндар ордасы екенін біле қоймадық. Ол кейін анықталды.

– Оны қалай анықтадыңыздар?

– Өткен жылы нысанға кезекті қаз­ба жұмысын жүргізу барысында қатты қышқа ежелгі қытайдың ханзы әрпі­мен бәдізделген жазуды таптық. Оны қа­лаға алып келіп, кәсіби мамандарды қатыстырып оқып көрсек «Тәңірдің ұлы Шаньюй» («Тәңірқұт») деген сөз екен. Бұл ғұн ұлы­сының билеушісіне берілетін атақ. Сөйтіп алғаш рет аталмыш қала орны ғұндардың астанасы Луут­ ордасы болуы мүмкін деген жо­ра­мал­ жасалды. Бірақ жариялауға асық­па­дық.

– Неге?

– Оған себеп, Луут қаласы жайлы қытай жылнамаларында қала сырты екі қабат қорғанмен қоршалғаны жайлы нақты жазылған. Биыл дәл осы деректі дәлелдеу мақсатында қазба жұмысын жүргіздік. Расында қала қос қорғанды екен. Тіпті екі қорған арасында біршама төбешік тәрізді дүниелер орналасқан. Тегі бұл қала қорғанысының ерекшелігі болар деп топшыладық.

Тағы бір таңданарлық жағдай – іш­кі қорғаннан 4/1 қашықтықта адам қо­лы­мен жасалған су қоймасы (бассейн) табылуы. Жасалу стилі мен бас­сейннің құрылымы керемет. Міне, бұл қаланың Луут ордасы екеніне тағы бір дәлел. Өйткені ежелгі дәуірде мұн­дай бассейн көшпелі ғұндардың патша сарайында ғана болатыны жайлы қытай деректерінде кездеседі.

– Қала орнына жүргізіліп жат­қан қазба жұмысы әрі қарай жал­ғаса бере ме?

– Әрине. Тек қаржы мәселесі қол байламаса болғаны. Шынын айтқанда, қазба жұмысы әлі жүйелене қойған жоқ. Тек барлау шаралары атқарылуда. Біздің болжалды пайым бойынша, қала қорғаны «Тәңірдің ұлы Шаньюй» деген жазуы бар қыш тақтайшалармен көмкеріліп, патшаның даңқын әйгілеп тұрған тәрізді. Тек, қорғаны осындай бол­ғанда оның іші қандай болуы мүм­­кін. Егер қазба жұмысын жүйелі жүр­гізе алсақ, бұл нысаннан әлемді таңдан­дыратын ғұн мұралары табылары хақ.

– Қала аумағына толыққанды археологиялық зерттеу жүргізу үшін қанша уақыт қажет?

 – Бері айтқанда 10 жыл қажет. Бұл уақытта қала құрылымын анық­тап, қорған қабырғалары мен су бас­сейн­дерін нақтылауға болады. Әрі қарай өте нәзік қазба-зерттеулер кәсі­би жол­мен жүргізілсе, қалаішілік мәде­ниетті пайым­дауға болады.

– Көп жағдайда Еуразия ке­ңіс­тігін­де орын тепкен ежелгі көш­пенділерге тән қорған-мұралар қа­зыл­ған, тонал­ған үрдіс кездесіп жа­тады. Бұл нысан­ның күйі қалай екен?

– Нысанға бұған дейін адам бала­сының қолы тимепті. Қала ежелгі бейнесін жақсы сақтаған. Сондықтан да қазба-зерттеу ісін жүргізуге өте қолайлы.

– Болашақта зерттеу жұмыстары­на шетелдік мамандар тартылуы мүм­кін бе?

– Бұған дейін моңғол даласынан табылған ғұн және түркі дәуірі ескерт­кіштері бірлескен жұмыс топ­тарының жемісі ретінде тіркеліп кел­ді. Ал мына жаңалық тек моңғол архео­логиясының жеке табысы бо­луы тиіс. Сондықтан өз басым бас­қа біреулермен жаңалық бөлісуді қаламаймын.

– «Біз көмектесейік, бірге қазайық» деп жатқандар бар ма?

– Болғанда қандай. Мен докторлық дәрежені Ресейде қорғаған едім. Ғұн ордасы табылғаны жайлы ондағы ғалым­дарға хабарлағанымызда, олар қолма-қол «Бірлесіп қазайық, қаржы­сын біз көте­реміз» деп ұсыныс білдірді. Бірақ моңғол археологтері өз даламыздағы тарихи мұраны өзіміз зерттеп, әлемге өзіміз танытуға құштармыз.

– Луут қаласының табылуы шын мәнін­де әлем таңданарлық жаңалық. Осы­ны естіп-білгендер не айтып жатыр?

– Әсіресе екі жақ көршіміз Ресей мен Қытай қатты елеңдеді. Ас­пан­асты елінің басылымдары «Әлем таң­данарлық ұлы жаңалық» деп жарыса жазып жатыр.

Біздің жыл санауымыз бойынша ұлы Ғұн ұлысының құрылғанына келесі жылы 2230 жыл толады. Бұ­ған дейін әлем көшпенділерді еуро­центристік көзқарас тұрғысынан ат үстінде жүрген қарақшы-тонаушы күштік құрылым ретінде бағалап, оларды қала мәдениетінен мақұрым қалған тобыр деп санады. Егер де Луут қаласы толық зерттелген жағдайда оның ғажайып архитектурасы әлемге әйгіленіп, ата-бабаларымыздың керемет өнері дүние жүзін тамсандырары сөзсіз.