Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жариялаған Бес әлеуметтік бастаманың бір бағыты студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағдарын ұстанғаны белгілі. Осы бастаманы жүзеге асыру сәтінен елімізде 9 мың орынға арналған 34 жатақхана пайдалануға берілді.
М.С. Нәрікбаев атындағы «КАЗГЮУ университеті» АҚ жатақханасының ішкі көрінісі
«Бұл зор мәселені шешу үшін ат салысамын», деп ілкімді іске білек сыбана кіріскен инвестор немесе жеке кәсіпкер жатақхананы өз қаражаты есебінен салып, нысанды (жатақхананы) студенттер игілігіне пайдалануға бергеннен кейін мемлекет тарапынан 8 жыл бойы үздіксіз негізде ақша төлемдері жүргізілетін болады.
Жыл сайын әр орынжай үшін жаңадан жатақхана салынған жағдайда – 122 АЕК (Алматы қаласы үшін бұл көрсеткіш 144 АЕК), ғимаратты жатақхана ретінде реконструкциялау жасалған жағдайда 47 АЕК көлемінде қаржы төленеді.
Сондай-ақ жатақхана салу (реконструкциялау) жобаларын іске асыратын кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырыстан басқа қосымша ұсыныстар бар, олар:
1) «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында банктік несиелер мөлшерлемесін субсидиялау. Қолдаудың бұл шарасы кәсіпкерлерге қарыздық жүктемені азайтуға және несиені жылдық 6%-бен төлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар несие тарту үшін кепілдік болмаған жағдайда «Даму» қорынан кепілдікті қамтамасыз ететін қосымша тетіктер де қарастырылған. Бұл – өте оңтайлы тәсіл.
2) Студенттер төлейтін ай сайынғы тұру ақысы мемлекет тапсырысының құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхананың меншік иесі дербес реттейді және ол нақты өңірдегі тұрғын үй нарығының шынайы шарттарына сәйкес анықталады.
3) Құрылысты салушы немесе ғимаратқа реконструкция жасаушы тарап (меншік иесі) тұрмыстық қызметтер көрсету мақсатында коммерциялық алаңдар жасақтауға құқылы. Олардың негізгі тұтынушылары, әрине, жатақхана тұрғындары болары күмәнсіз.
4) Сонымен қатар егер белгілі бір тұлға белгілі бір ғимараттың иесі болса, оны реконструкция арқылы жатақхана ретінде пайдалануға бергеннен кейін, ол тұлғаға мемлекеттік тапсырысты алуға болады.
Істің ұтымды бір тұсы – ғимараттың инвестордың меншігінде қалуы.
Жобаға қатысудың біршама шарттары бар, оның бастысы – қолға алған істі ілгері бастыру үшін бастапқы капитал мен жер телімінің болуы. Жер телімі болмаған жағдайда біз оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі негізінде, өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен бірге жобаны бастамалау немесе консорциум құру жолымен ресурстарды біріктіру арқылы алудың бірқатар тиімді жолдарын ұсынамыз.
Келесі шарт – жатақхана ғимаратының нысанды мақсатта қолданылуы 20 жыл ішінде сақталуы тиіс. Осы тұрғыда, бұл нысанды 20 жыл ішінде банкке кепілге қою немесе сату мүмкіндігі бар, бірақ сатып алушы да аталған мерзім аралығында ғимараттың нысанды қолдануын өзгертпеуі шарт.
Осы тұрғыда жобаға қызығушылық танытқан тұлғалар үшін 2 мысал негізінде (құрылыс және реконструкция жолымен) Үшінші әлеуметтік бастама аясында пайдалануға берілген жатақханалар жөнінде мәлімет ұсына кеткен жөн болар.
1) Жаңа құрылыс жолымен: М.С.Нәрікбаев атындағы «КАЗГЮУ университеті» АҚ студенттері үшін – 370 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жатақхана заманауи үлгіде салынған. Жатын орындардан бөлек студенттер қолайлылығы үшін көркем безендірілген коворкинг орталығы және асхана бар. Университет 8 жыл ішінде орналастырылатын мемлекеттік тапсырыс аясында 1 млрд теңгеден астам қаражат көлемінде қаржы алады және жатақхана нысаны өз меншіктерінде қалады. Жатақханада ай сайынғы тұру құны – 10 мың теңге.
2) Реконструкция жолымен: «Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті» өз оқу орнының студенттеріне – 500 орындық жатақхананы орын тапшылығын сезінген жастар игілігіне тапсырды. Реконструкциядан өткізілген ғимарат – бұрынғы «Тараз» қонақүйі. Ашық көздерден алынған мәліметтерге сәйкес, еліміздегі қонақүйлердің орташа толымдылығы 26,4%-дан кем. Университет 8 жыл ішінде орналастырылатын мемлекеттік тапсырыс аясында 550 млн теңгеден астам қаражат көлемінде қаржы алады және жатақхана нысаны өз меншіктерінде қалады. Жатақханада ай сайынғы тұру құны – 10 мың теңге. Демек, адам толмайтын қонақүйге иелік еткенше, жатақханаға қайта бейімдеу қаржылық тұрғыдан да инвестор үшін әлдеқайда тиімді.
Жобаға қызығушылық танытқан мүдделі тараптарға қатысу шарттарымен толық танысу үшін studdom.fincenter.kz сайтына кіру және 8 (7172) 695-127, 8 (705) 198-01-01 телефон нөмірлеріне хабарласу қажет. Ал одан кейінгі қадам – шарт жасасу үшін Қаржы орталығына өтініш беру керек. (Шарттың үлгілік нысаны және оны жасасу үшін қажетті құжаттар тізбесі invest.fincenter.kz telegram-арнасында орналастырылған).
Біз, әрине, мәуелі жемісін берер екіжақты тиімді әріптестікке қашанда мүдделіміз.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жатақханасының көрінісі
«Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы