Пандемия басталғалы бері түрлі қауесет те қоса пайда болды. Ар жағында кімдер тұрғаны аян, көзге көрінбейтін ақпараттық соғыста арандап қалып жүргендер де аз емес. Сол сияқты инфекцияның таралуын тежеу үшін қолданылатын дезинфекциялық қоспалар адам ағзасына зиян екен деген де дақпырт бар.
Осыған байланысты Алматы инфекционистері «қалада жүргізілетін дезинфекция пневмония тудырады» деп таратылып жүрген ақпаратты жоққа шығара отырып, тұрғындардың үрейін туғызатын теріс ақпараттарға қатысты түсініктеме берді. Дәрігер-инфекционист, вирусолог, биоқауіпсіздік жөніндегі маман, Phd докторы Қарлығаш Әбдиева барлық препараттардың тиісті тексерулерден өткенін атап өтті.
«Дезинфекцияның пневмония тудыруы мүмкін емес, себебі дезинфекцияға арналған барлық препарат қаншалықты улы болатынына тексеріліп, тест жасалады. COVID-19 вирусы беткі (үстіңгі) қабатта ұзақ сақталады, канадалық Pathogen Safety Data Sheets (PSDSs) зерттеулеріне сәйкес, коронавирус белгілі бір ылғалдылық пен температурада 7-9 тәулік сақталады. Сол себепті үстіңгі қабатты тиісті препараттармен дезинфекциялау вирустың таралуының алдын алуда қажет», дейді маман.
Қарлығаш Әбдиеваның айтуынша, COVID-19 вирусы күрделі, сөйлескен кезде науқастың сілекейінен вирусы бар микротамшылар бөлінеді және олар беткі қабатта шамамен 30 минут бойы сақталады. Сондықтан қазіргідей жағдайда дезинфекция аса қажет.
Қаладағы Фтизиопульмонология орталығының пульмонологы Абзал Малбасқанов елдің арандатушылыққа ермей, ақпаратты ресми, ғылыми дерек көздерінен тексеруге кеңес берді. «Қазір ресми дерек көздері бар. ДДҰ ресми жарияланған дерек көздері, Денсаулық сақтау министрілігінің, 100% зерттеу жүргізетін ғылыми танымал журналдар бар», деген Абзал Малбасқанов атауы жоқ арналарға сенудің қажеті жоқ екенін айтты.
Бүгінде Алматыда көпшілік жиналатын орындарда, кіреберістер мен аулаларға дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін «Глюзамин» және «Акма-Хлор» деген 2 түрлі дезинфекциялық құрал қолданылады. Бұлар отандық өндірістегі тексеруден өткен, Кедендік одақтың санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін препараттар, өндірілуіне, жүзеге асырылуы мен пайдаланылуына рұқсат етілген препараттар реестріне тіркелген. Бұл құралдар бактериялар, вирустар, қышымаларға қарсы тиімді, қауіптілігі төмен 3 топқа және қауіптілігі аз заттардың 4 тобына жатады, тітіркендіру әрекеті жоқ және адамдар, жануарлар мен құстар үшін зияны жоқ. «Акма-Хлордың» өзіне тән иісі бар екенін, ал «Глюзаминнің» иісі жоқ екенін атап өткен жөн. Сол себепті «Акма-хлор» ерітіндісін пайдаланып, нысандарға өңдеу жүргізілген кезде адамдар препараттың иісін сезуі мүмкін, ал «Глюзаминнің» иісін сезбейді.
Алматыда қолданылып жатқан дезинфекциялық препараттарға жүйелі зертханалық бақылау жүргізіледі. Лабораториялық зерттеулердің санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкестігін тексеру үшін тұрғын үй саясаты басқармасы дайын дезинфекциялық ерітінділерден сынама алып, оны «Алматы қаласының ұлттық сараптама орталығының» филиалына жеткізеді.
Халық коронавирустық инфекцияны тарату көзі науқас адам немесе симптомсыз науқас екенін естен шығармағаны жөн.
«Біз ауруханаларда жұқпалы вирустар болмауы үшін міндетті түрде және өмір бойы дезинфекциялық құралдарды пайдаланып келеміз. Еден жуатын санитарлар да оны ұдайы қолданады. Жұмыс режімі аяқталғаннан кейін медбикелер кабинеттерді дезинфекциялайды. Осыдан кейін персонал пневмониямен ауырған болса, одан кейін жұмыс істеуге келісуі екіталай еді», дейді Алматыдағы Онкологиялық орталық директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетов.
АЛМАТЫ