• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Шілде, 2020

КТ-ның кілтін тапқан

1258 рет
көрсетілді

Дамуды көздейтін адам да, мемлекет те сыннан сабақ алуға талпынады. Әлемді жаулаған пандемия елімізде өршіген сайы­н медицина ғылымын дамытуға лайықты көңіл бөлмегеніміз көріне бастады. Әлдебір зерттеусіз нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. «Медицина ғылымын дамытуға не кедергі?» атты мақаламызда медицина ғылымы дамымаса, медицинаның дамымайтынын жазғанбыз. Осы жолы сол тұжырымымыздың дұрыстығына тағы бір мәрте көзімізді жеткізген, медицинада ғылым жасай жүріп отандық медицинаны дамытуға атсалысып келе жатқан, еліміздегі сирек мамандық иесімен таныстыруды жөн көрдік.

Кезекті кейіпкеріміз – ком­пью­терлік томография маманы, радиолог-дәрігер, медицина ғы­лы­мының PhD докторы Бақыт Сер­жанқызы Дүйсенбаева. Еліміз­де тапшы мамандықты таң­дауына бала кездегі әкесінің ақы­лы әсер етіпті. Сержан Бөрі­бекұлы қызына: «Дүниеде үш түр­лі мамандық маңызды. Біріншісі – мұ­ғалім, білім іздемейтін адам жоқ; екіншісі – дәрігер, ауырмай­тын жан жоқ; үшіншісі – аспаз, тамақ іздемейтін жараты­лыс жоқ. Осылардың бірі болсаң, елге пай­даң тиеді, өзің де ұта­сың», деген екен. Оған қоса кейіпкеріміздің анасы да дәрігер, сондықтан осы жауапты сала оған бала күн­нен таныс болды. Қолға алған әр­бір істе адал, ілім-білімге, ізде­нуге, кітап оқуға құштар болуды үйреткен ата-анасы еңбекте де, өмірде де өзіне үлгі. Соның айғағы болар, Бақыт Сержанқызы ең­бек жолын Қазақ мемлекеттік ме­дицина академиясының 4-курсында оқып жүргенде анасы жұ­мыс істейтін Президент Іс бас­қар­масының медициналық ор­талығында қарапайым сани­тар болып бастаған. Кейін флюо­рография бөлімінде тіркеуші, 6-курсты тәмамдаған соң рентген-зертханашы болып жұмыс істеді. Медициналық академия­ны бітіргеннен кейін аталған орталықта және Ұлттық ғы­лы­ми кардиохирургияда, Ұлт­тық ғы­лыми онкологиялық орта­лы­ғында дәрігер болып еңбек етті. Ал қазір жекеменшік клиникада жұмыс істеп жүр. Қызметін ауыстыруына мемлекеттік мекемедегі мардымсыз жалақы мен әлі де түп-тамырымен жойылмаған бюрократизм түрткі болған көрінеді.

«Мен шетелдерге түрлі грант­тармен оқуға және тағылым­да­мадан өтуге бірнеше рет бар­дым. Сонда салыстырасың ғой. Мәселен, Американың Сол­түстік Каролина штатындағы Дюк уни­верситетінде болғанда (Duke University) жұмыстағы жү­йе­лілікке куә болдым. Дәл осы жүйелілік мамандардың ғы­лымға келуіне, кәсібилігін арт­тыруға ықпал етеді. Біз басты да, жүректі де, қандай органды тү­сіріп, диагнозын жазу керек, бәрін істей береміз. Былайша айт­қанда, бізден әмбебап болуды талап етеді. АҚШ-та кардио­радиолог тек жүректі қарайды, басқасына бас қатырмайды. Жү­ректің ерекшеліктерін зерттеп отырып, кенет басты түсіріп кетесің. Осыдан соң нақты һәм нәтижелі ғылым қайдан болсын», дейді Б.Сержанқызы.

Ал Англияда 3 ай оқығанда кейіпкерімізді дәрігерлерге деген құр­меттің жоғары екені және ғылыммен айналысатын дәрігер­лерге қолдаудың көптігі қызық­тырыпты. «Қарапайым көзқарас пен қарым-қатынастың өзі көп нәрсені шешеді. Ашығын айту керек, Қазақстанда білімді болып тұрсаң да саған қолдау көр­сете бермейді. Бір мысал, мен көрген Англияда профессор өзінің ассистентін немесе қатардағы қызметкерді өзімен тең дәрежеде көреді, сөйлеседі, қабылдайды. Түсінбеген нәрсе болса, сұрақ туса, ерінбей тү­сіндіреді. Бізде деңгейлік төмен­дету бар. Бұл өз кезегінде тә­жірибесі мен білімі көп адамнан бойындағы барын алып қа­­луға, одан үйренуге кедергі бо­лып тұрады. Бұдан бөлек жұ­мыс­­тағы жағдай да мықты ма­мандарды шетелдерге тартады. Елімізде әншейін кем-кетігіңді, кішігірім құралдарыңның жо­ғын, жетіспейтінін директорға жет­кізудің өзі қиын. Басшылар көбіне проблеманы шешудің ор­нына сол мәселені көтерген адам­мен алысып кетеді», дейді радиолог-ғалым.

Дәл қазіргідей індеттің алдын алуға және вирустың бар-жоғын анықтауға компьютерлік томографияның үлесі зор болып тұр. Себебі түр-өңін өзгертуге бейім вирусты анықтауға тест-жүйелердің қауқары жетпей жатыр. Бұл туралы «COVID-19: Тест­тің өзін тексеру керек» атты мақаламызда кеңірек тарқат­қанбыз. Сондықтан көп адам КТ жасатуға мәжбүр. Ал маусым айында КТ-ға кезек күрт көбейді. Мемлекеттік медицина мекемелеріндегі КТ аппарат­тарының саны жеткіліксіз бол­ған­дықтан, көбі жекеменшік клиникаларға қаралып жатыр.

«Біз әр 10 күн сайын ПТР тестін тапсырып отырмыз. Жа­қын­да әріптесімнен ПТР тест-жү­йесі арқылы коронавирус анықталды. Бірақ ол өзін өте жақсы сезінеді. Ешқандай белгі­лері де білінбейді. Содан КТ-ға түсті. Өкпесі сап-сау, яғни еш өзгеріс жоқ. Мұндай мысалдар көп. Бір пациент өзін тым нашар сезінеді, әлсіреп, тіпті дем жетпей жатады. КТ өкпесінің тек 40 пайызы ғана зақымданғанын көрсетеді. Бірақ дәл осындай нә­ти­же көрсеткен екінші науқас жағ­­дайы жақсы адамша, тек аздаған жөтелмен жүреді. Сон­дық­тан КТ көрсеткіштері дәл қа­зір соңғы шешім шығаруға және дұрыс диаг­ноз қойып, емдеуге негіз болып отыр», дейді Б.Сержанқызы.

Дәрігер-ғалымның ойынша, сәулелік диагностика саласында жаңалыққа жаны құмар және әрдайым ізденісте жүретін жандар ғана жоғары нәтижеде жұмыс істей алады. Себебі техника мен технология заманында жыл сайын емес, тіпті күн сайын өзгерістер орын алып отырады. Қысқасы, маман заманға ілесе алуы керек. Енді дами бас­таған 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында аталған салада небәрі 10-ға жуық маман болса, қазір олардың саны елімізде 100-ден асады. Бірақ осы 100 маманның өзі 18 млн-нан аса халқы бар Қазақстанға аздық ететіні анық. Медицина са­ла­сында оқып жүрген студент­тер де мұндай мамандықты таңдай бермейтін көрінеді. Осын­дай түйткілдің түйінін тар­қатуды көздеген кейіпкеріміз мем­лекеттік медициналық орта­лықта жүргенде клиника тарихында болмаған нәтижеге қол жет­кізіп, резидентура ашып, сту­денттерді осы мамандыққа тартқан.

Ізденуді жаны сүйетін кейіп­ке­ріміз Еуропалық және Солтүстік Америка радиолог­тарының қауымдас­тықтары ұйымдастыратын виртуалды кездесулерге аталған халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде үнемі қатысып, шетелдік әріптес­терімен кеңесіп, тәжірибе алмасып отырады. Себебі ғылым күнде өзгеретінімен қызық­ты­рады. Отандық әріптестері мен ғалымдарды да жадынан шығармаған Б.Сержанқызы – қазақстандық Жас ғалымдар альянсының (YRA – Young researchers alliance) белді мүше­сі. Кейіпкеріміз альянстың ғы­лыми орта қалыптастырып, әріп­тестікте жұмыс істейтін мамандар табуына себепкер болға­нын айтады. Ол аталған альянс мүшелігіндегі нанотехнолог мамандармен бірлесіп, жаңа техно­логияның жетістіктерін сәулелік диагностикада нәтижелі қолдану төңірегінде зерттеу жүргізген. Әрі осы жұмыс жөнінде арнайы ғылыми мақала жазып, оны импакт факторы жоғары халық­аралық журналға жолдап та қойыпты.

Ол – Орталық Азия бойынша бірінші болып PhD докторы атағын алған әзірге жал­ғыз әйел-радиолог. Scopus база­сын­дағы журналдарға ғылы­ми мақалалары жариялаған, Ұлт­тық ғылыми кардиохирургия орталығында 3 бірдей жаңа әдісті қолданысқа енгізген, Аустрия, Чехия, Америка, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Хорватия сынды елдердегі көптеген халықаралық ғылыми-конференцияда баяндама жасаған, Денсаулық сақтау саласының үздігі, сондай-ақ көп­теген тезистердің және бірқа­тар ғылыми еңбектердің авторы, білікті шәкірттері бар ұстаз. Ең ғажабы, кейіпкеріміз – еліміздің демографиясына үлес қосып, үш ұл, бір қызды өмірге әкелген ана. Б.Сержанқызының айтуынша, отбасылық өмірмен қатар жауап­кершілігі зор жұмысты алып жүруінде ата-анасымен бір­дей қолдау көрсетуден танбай келе жатқан жолдасының еңбегі орасан. «Мен босанғанда 3 апта ғана үйде отырдым, содан соң жұмысқа шығып кеттім. Жолда­сым қызметімнің қоғам үшін аса маңызды екенін түсініп, әрдайым жетістікке жетуге, кәсіби шың­далып отыруыма ата-анаммен теңдей көмектесті. Мен шетелдерге кеткенде әке-шешем балаларыма уайымдамай, алаңсыз оқу оқуыма жәрдемдесті. Осы жақындарымсыз алға бір қадам да жылжымаушы едім», дейді.

Кейіпкерімізбен сөйлесіп болғанда, қос тостағанымызды бір жуып алдық. Өйткені ол үш апта бұрын Ішкі істер минис­трлігінің төтенше жағдай жағын­да жұмыс істейтін асқар тау әке­сінің аты жаман індеттен қайтыс болғанын қабырғасы қайы­са жеткізді. Өмірдегі ең асылынан, биік шыңынан, шамшы­рағы­нан айырылғанына көп бол­маса да жұмыста жүр. Сонда іші­мізден: «Өзінен бұрын өзгенің өмірін ойлап, қоғамға, елдік, мем­ле­кеттік мүддеге қызмет қылу да шаңырақтағы тәрбиеден, отба­сынан басталады екен-ау» деп ой түйдік. Ал біз осындай кең жү­ректі жандарды арамызда жүр­генде бағалай алып жүрміз бе?..