БҰҰ UNCTAD (ЮНКТАД) Сауда және даму жөніндегі конференциясының директоры Памела Коук-Гамильтон қоршаған ортаның ластануы пандемия тұсында күшейіп кеткеніне мазасызданатынын білдірді.
«Індет таралмай тұрып та табиғатты пластик қалдықтарымен ластаудан планетамызға қауіп көп еді. Ал пандемия тұсында ауа газдан тазарғанымен, табиғат тазалығы сын көтермейтін күйде», дейді ол. Оқшауланған адамдардың үйіне тауарлар мен тағамдарға тапсырыс берген кезінде оны пластик ыдыстарға салып апару жағдайды одан сайын ауырлатып жіберді. БҰҰ сарапшыларының пайымдауынша, пластмасса қалдықтарынан табиғатқа тиетін залал
40 млрд долларды құрайды.
«Grand View Research» консалтинг компаниясы жүргізген есепке қарағанда бір рет қолданылатын медициналық тұмша 2019 жылы 800 млн болса, биыл оның саны 166 млрд данаға ұлғайған.
Ұйым осы тұмшалардың бейберекет шашылып қалуының да қоршаған ортаға теріс ықпалы барлығына тоқталған. Шынында да, көшелерде шашылып жатқан бетпердеден аяқ алып жүре алмайтын болдық.