«Адал Ниет Астана» қорында күн сайын 100 адам ақысыз оңалту қызметін алуда. Қор қызметінің негізгі бағыты – азаматтарға қайырымдылық танытып, денсаулығының берік болуына көмектесу.
Елорда әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Адал Ниет Астана» жеке қайырымдылық қорында 140 адам күнделікті оңалту қызметін алады. Бұл – бес мезгіл тамақ, физиотерапия, массаж, дәрі-дәрмек, тұзды шахта, оттегі коктейльдері, йога, дренаж жұмыстары және тағы басқалармен қамтамасыз ететін, тәулік бойы жұмыс істейтін стационар.
«Күніне 140 науқасқа қызмет көрсетеміз. Оның ішінде 100 адам қайырымдылық, 40 адам – оңалту мен ем алуға келген қала, республика тұрғындары. Пандемия кезінде бір-бірімізді қолдауымыз керек. Науқастар үлкен ризашылықтарын білдіруде. Қайта ем алуға жиі келеді. Біз олармен ынтымақтастықты жалғастырудамыз», дейді қор жетекшісі Бибісара Бейсенбаева.
Барлық емдік шара қатаң гигиенамен жүргізіледі. Науқастарға тәжірибелі мамандар қызмет көрсетеді. Аталған қайырымдылық қорының тағы бір ерекшелігі – мұнда науқастар мен қарттар әлеуметтік және медициналық көмек алумен қатар, өз мүмкіндіктерін іске асырып, ақша табады.
«Біз келушілерді ара қашықтыққа назар аударып, маска тағу тәртібі мен жеке гигиенаны сақтауға, өз денсаулығына мән беруге шақырамыз. Үйдегі карантин жағдайында да дене, тыныс алу жаттығуларын жасауға болады. Сол арқылы сіз иммундық жүйені нығайтып, жағымды эмоциялар аласыз, өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасайсыз», дейді реабилитолог-дәрігер Алтынай Сатмағанбетова.