• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2010

ӨМІРДІҢ ҚАТАҢДАНЫП БАРА ЖАТУЫ – РУХАНИ ЖҰТАҢДЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ

1545 рет
көрсетілді

Президентіміз айтқандай, қазіргі уақытта ұлттық ұйысу егемендігіміздің кепілдіктерінің бірі ғана емес, бірегейі де. Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Бүгінгідей жаһандану заманында жастарға этномәдени білім мен тәрбие берудің, оларды ұлттық құндылықтар мен этномәдени дәстүрлер тұрғысынан қалыптастырудың маңызы зор. Себебі, кешегі кеңестер кезеңінде бұл мәселенің көлеңкеде қалғаны шындық. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана ұлттық ұстаным, ұлттық рух пен намыс, ұлттық таным мен тағылым жөніндегі мәселелер жан-жақты әңгіме бола бастады. Бұл істе әлі де ойласатын жәйттер жеткілікті. Біз философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановпен кездесіп, осы және басқа мәселелер төңірегінде әңгімелескен болатынбыз. – Мемлекет басшысы еліміздің егемен­дігі үшін де, ілгерілеп дамуы үшін де ұлттық ұйысудың, бірліктің аса қажет екенін айтудан жалыққан емес. Сіз қоғамдық, саяси-әлеуметтік ғылымның өкілі және ұстаз есебінде оны қалай түсіндірер едіңіз? – Иә, этносаралық және конфессия­ара­лық келісімді, адамзаттық бірлікті қамтамасыз ету Қазақстан дамуының, елдің әлеумет­тік-экономикалық, саяси жаң­ғыруы­ның маңызды шарты болып табылады. Ел Президенті бұл мәселе туралы өзінің сөйлеген сөз­дері­нің бәрінде айтып та келеді. Прези­дент бұл мәселеге, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблея­сының ХІV сессиясында сөй­леген сөзінде: “Халқымыз­дың тату­лығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты. Осы байлы­ғы­мызды қадірлей білу, оны жас ұрпақ­тың жүрегіне ұялату – Отанымыздың жар­қын болашағының кепілі”, – десе, биыл­ғы Жолдауында да бұл мәселені назар­дан тыс қалдырмай: “Болашаққа белгілен­ген орасан зор міндеттерді ұйыс­тырушы ұлттық стратегиясыз орындау мүмкін емес... Біздің ең басты құндылы­ғымыз – ол Отаны­мыз, Тәуелсіз Қазақ­стан!.. Мемлекет­  және оның әрбір аза­маты қай жерде де қоғамның тұрақты­лығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамға бар­мауы тиіс... Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз”, – деген болатын. Бірлік – қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды, ізгілікті этикалық ұғым. Бірлік – адамдар арасын­дағы ынтымақтың, жарасымды татулық­тың көрінісі, ел болудың белгісі. Ол белгілі бір ұжымның, ұлт пен халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын “Бірлік болмай, тірлік болмас”, “Бірлік түбі – береке”, “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деп түйсе, хакім Абай: “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”, – деп ескертеді. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан да ел ақсақалдары мен зиялылары ел бірлігіне ерекше көңіл аударған. – Осы арада ұлттық бірлікті қалыптастырудың негізгі шарттарын таратыңқырап айтсаңыз. – Осы заманғы әлемде ұлттық бірлік ортақ мемлекетті бірлесіп құру, толерант­ты­лық, азаматтық және осы елдің мемле­кет­тік тілін мін­детті түрде білу секілді шарт­тармен анықталады. Ұлттық бірлікті нығайту – ел ішіндегі қауіпсіздікті нығайту, елді өркенді дамыту, бәріміздің берекет­тілікпен өмір сүруіміз. ХХ ғасыр­дың аяғына қарай бұрынғы қалып бұзы­лып, ХХІ ғасырда қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде жаңа белеске көтері­ліп, Қазақ­стан халқының берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналып, жаңа әлеумет­тік өмірге бетбұрыс жасады. Президент атап көрсеткеніндей, Қазақ­­станның тәуелсіздігінің болашағы, өсіп-өркендеуі, нығаюы үшін алдымен қазақтардың – өздерінің ұлттық бірлігі керек. Мемлекет басшысының пайым­дауын­ша, Қазақ­стан халқының бірлігі басты үш тұғырға негізделген. Олар: біздің ортақ та­рихы­мыз; ортақ құн­ды­лықтары­мыз; ортақ болашағымыз. Ал болашақ жастарда. Сондықтан біздер, педагогтар, алдымен оларға достық пен бауырластық, сенім мен толерант­тылық сезімдерін дарытып, мақсатты білім және бағытты тәрбие беруге тиіспіз. Бізге қа­зақстандық қоғамның ерекше­лік­терін ескере отырып, этномәдени білім мен тәрбие беру аса қажет. Алайда, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ерекше ынтамен қолға алынған бұл мәселе кейін аяқсыз қалды. Халық­тың бірлігі мен ұлттық ұйы­суын­да ақпарат құралдарының, өнердің, халық шығармашылықтарының да алатын орын­­дары ерекше. Оларда этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас­тар­ды әдептілікпен жазу, көрсете білу маңызды мәсе­лелердің бірі. Ақпарат құралдарында қазақстандық патриотизм тақырыбын бел­сенді насихаттап, алдымен жастардың, қала берді бүкіл азаматтардың бой­ына барлық этностық топтардың мәдениеті мен дәстүр­леріне деген құрмет сезімін дарыту ұтымды. Осы тұрғыдан алғанда айта кететін бір жәйт, республика көлемінде орыс тілді ақпарат құралдары әлі өздерінің қоғамдағы орнын анық сезінбейтін сияқты. Олардың ішінде кейбір ресми басылымдардың өзі ұлт ұйысуына, мемлекеттілікке әлі ден қой­маған болса, “тәуелсіз” деп жүргендері бұл тақырыпты, әсіресе, мемлекет құраушы ұлт болмысын көрсетуден гөрі көрші елдің көрігін басып әуре. Ұлттық бір­лік­тің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі конфессияаралық келісім екені даусыз. Конституцияда көрсетіл­генін­дей, ұждан бостандығы, діни сала – әркім­нің жеке өз ісі, бұл мәселені адам өзі шешеді. Соңғы кездері біз қандай да бір дін­нің тереңіне бойламай, діндер­дің ізгілігіне, шынайылығы мен жалпыға ортақ басқа да қырларына дендеп енбей жатып, діндарлықты сәнге айналдырдық. Егер өткен тарихқа көз салсақ, оның жал­пы дамуына, қоғамдық функция­лары­на, оның салдарына көңіл аудармау, басқаны былай қойғанда бір діндегілердің өзін қақ­тығыстарға ұрындырып, үлкен әлеу­мет­тік трагедиялар әкелген. Бұл тұрғыдан алғанда этносаралық және кон­фессия­аралық қарым-қатынастың қа­зақстандық моделі қоғам дамуымен қатар жетілу үстінде деп айта аламыз. Қазақстан азаматтарының этнос­ара­лық келісімі халықтың бірлігіне бастай­тын жол десек, халық бірлігінің айғағы этнос мәдениеті болмақ. Өзінің болмы­сында мәдениетсіз ел болмайды, алайда, мәдениет мәдениетке иек артса ғана нағыз өскелең де өміршең мәдениет бол­мақ. Оқшауланған мәдениет нағыз мәде­ниет емес, тұйықтық, сабақтастық­тың үзілгенінің белгісі ғана емес, бо­л­ашақтың да болмағаны. Этностар мәдениеті де сондай мәдениет. Бүгінде дүние жүзінде бірнеше мың­даған ұлттар мен ұлыстар бар. Ал мемле­кет­тер саны 200-ге таяу ғана, 3 мыңға жуық этностың өзіндік ұлттық мемлекеті жоқ. Біз ата-бабаларымыздың, бізден бұрынғы ұрпақтардың арманын жүзеге асырып, екі мыңжылдықтың түйісер тұ­сын­да тәуелсіз мемлекет құрдық. Соның арқасында байырғы қазақ жерінде жаңа азаматтық қоғам қалыптасуда.  Осының бәрі бір­лік пен түсіністік арқасында мүмкін болды. – Ұлттық ұйысу үшін ұлттық идеоло­гия, ұлттық сана қалыптасуы керек дедіңіз. Осы екі ұғымның мәніне тереңірек тоқтала кетсеңіз. – Идеология (грек. іdea – идея, бейне; ogos – сөз, білім) – адамдардың үлкен әлеу­меттік топтарының іс-әрекетіне бағ­дар беріп, олардың мақсат-мүдделерін біл­діретін идеялар мен көзқарастар жүйе­сі. Идеологияның түрлері көп, солардың ішін­де аса белгілісі саяси идеология. Алай­да, ел азаматтарының отаншылдық сезімін біл­діретін ұлттық идея мен саяси идеология арасында үлкен айырмашылық бар. Кеңес заманында біз және бізден ересек ұрпақтар өкілі ресми түсі­нік­пен үн­дес­пейтін өз ойыңды айтуға ресми тыйым салын­баға­ны­мен, оған қырын қараған, кейде тезге салуға әрекеттенген режімді басымыз­дан өткердік. Ол заман­ның мемлекеттік идеоло­гиясы – ұлттық сана, ұлттық идея, қазақша ойлау деген­дер­ге жатсына қарайтын және оны мәде­ни-рухани тар шеңбердегі, қара­байыр сана­дан аспаған, шектеулі адамның ісі деп ұғындыратын. Ұлт көсемдері мен зиялы­лары мұны түсінді де, жалған ұран­ның орнына ұлтты ояту ұранын ұсынды. Сон­­дық­тан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­­тұр­сынов, Мағжан Жұмабаев, Мір­жақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сын­ды озық азаматтар “Оян, қазақ!”, “Тұр, бұ­қара” деп үн қатты, халықты қалғыт­пауды ойлап, “Маса” (А.Байтұрсынов) болып шағып та көрді. Бірақ оянбаған ұлт бұқара­сы оны түсінбеді, һәм соңдарынан ермеді, тіпті қайсыбірі оларды “ұлтшылдар” деп айыптаған топқа ерді. Халқын жақсы көретін, соған адал қызмет етуге белін бекем буған адамды қазақ “ұлтшыл” деп атаған. Ендеше, мәсе­ле “ұлтшылдықтың” мазмұнын қалай ұғуда, оған берілген сол тұстағы саяси баға мен түсі­нікте болатын. Кеңес зама­нын­да “ұлт­шыл­дар” дегеніміз “халық жау­лары” деген­­нің синонимі болды. Мәсе­ленің байыбына барсақ, ұлтшылдар деп жүргеніміздің бәрі Алаш ағалары болып шықты. Өткен ға­сыр­лардың оты­зын­шы жылдары “бан­дит­тер” туралы барын­ша айтылды, жазылды, сол кездегі жастардың санасына сіңірілді, енді жаңа­ша ойлау тұрғысынан зерделесек, олар кәмпескеге, ұжымдасуға қар­сы көтерілген халық жасақтары екен. Сөй­тіп, ұлттық идеология жасақталмады, ұлт­тық сананың бойы тіктелмеді, өз маз­мұнына сай қалып­тас­пады, ұлттық ұйысу да болмады. Ал дұрыс мағынасында “ұлтшылдары” болмаған жұрт ешқашан елге де, жерге де ие болмақ емес. Ұлттық мемлекетті тек солар ғана құра алмақ деген пікірге қосылу­ға болады. Бұдан шығатын қоры­тынды – әуелі өз ұлтыңды жан-тәніңмен сүйетін ұлтшыл болмай тұрып, басқа­ларды жарылқаймын деу бос сөз. Осы тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық – мемлекетті құрушы ұлттың оянуы, ұлттық сананың қалыптасуы және бір мүдде айналасына мақсатты түрде топтасуы. Ендеше, ұлтшылдықты ұлттық экстре­мизм­мен шатастырмау керек. Кейінгісі заңға да, адамшылыққа да жат қылық, жетілген сананың да жемісі емес. Шына­йы ұлтшылдық сананы тәуелсіздікке бастайтын идея, рухани қуат негізі. Қазақстан мемлекетінің ұлттық-мемлекеттік идеологиясы қандай болуы керек деген мәселе күн тәртібінде тұр. Халықтық идеологиямыздың үлгісін сырттан іздемеуіміз керек. Біздің идеоло­гиямызға Батыстың да, Шығыстың да, тіпті түркі-мұсылман дүниесінің идея­лары да негіз бола алмайды. Қоғамымызға өзге елдің мәдени-рухани жүйелерін, әлеумет­тік үлгілерін, идеологиясын әкеп тықпалау­дың да керегі жоқ. Біздің идео­ло­гиямыз тек өз қоғамымызды жан-жақты зерттеу, әрқилы әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеру нәтижесінде ғана туындауы қажет. Өйткені, Қазақ елінің қай салада да өзіндік ерекшелігі бар. – Егемен еліміздің ұлттық идеясының басты бағыттары қандай болуы керек, ол неге табан тіреуі тиіс деп ойлайсыз? – Идея – (грек сөзі – іdea) түсінік, елес, бейне. Оның бірнеше мағынасы бар. Ол – ой, түпкі ой; бір нәрсенің негізгі ойы (мысалы, көркем, ғылыми, саяси шығарма); теориялық жүйенің, логикалық құрылымның, соның ішінде дүниетаным­ның негізінде жатқан анықтаушы түсінік; нәрсе немесе құбылыс жөніндегі жалпы түсінік. Идеялар белгілі бір гуманистік, азаматтық, ұлттық құндылықтармен тығыз байланысып жатады. Ұлттық идея – халықты топтастыра­тын, біріктіретін, өз елі үшін мақтанышқа бөлейтін асқақ рух болып табылады. Отан үшін, ұлты, халқы үшін адамдар ғажап ерлік көрсетіп, идея үшін өзін құрбан ету­ге дейін баратыны да сондықтан. Халқы­мыздың өткен ғасырдағы басына түскен нәубет кезінде Алаш ағалары өздерінің осы миссияларын абыроймен орындады. Ұлттық идея қоғамның дамуына қарай туындайды. Ендеше, осыған орай “Қазақ­стан – 2030” Стратегиясы біздің осы заман­ғы ұлттық идеямыздың негізі бола алады. Ұлттық идеяның іргетасының өзегі ретін­де Президент елдік бірлікті, экономика­ның бәсекеге қабілеттілігін, интеллектуал­дық жасампаз қоғамды және бүкіл әлемде құрметтелетін мемлекет құ­руды атады. Осы төрт ұстын біздің ұлт­тық идеяның ірге­тасы, біздің Отаны­мыздың табысты дамуының негізі, кепілі деп атап көрсетті. Олай болса, қазақ идеясының шекара­­сы қазақ ұлтымен шектелмейді. Қазақ идеясының негізінде қазақ халқының ұғым-түсініктері, философиялық, этика­лық қағидаттары, гуманизмі, т. б. ұлт менталитетіне тән ерекше бояулары жата­ды. Қазақ идеясын ұлт шеңберінен жоғары көтеріп, бүкіл елге, сан түрлі ұлыстарға ортақ қазынаға айналдыру үшін ұлтымыз бойындағы рухани қуатты таныту – басты мақсат. Қазақ дүниетанымы (философиясы), этикасы, гуманизмі де ұлттық идеямыз­дың басты бұлақтары. Біз бұлардың бар­лы­ғының түп негіздерін ауыз әдебиеті­нің үлгілерінен іздеуіміз керек. Ал білім беру мен тәрбиемізде танымымызға арқау бо­лар осы біртұтас жүйемізге орын қалмаған. Жалпы, ұлттық идеяның тағы бір бастауы тіл идеясы. Тіл мәдениеті жалпы халықтық мәдениеттің құрамдас бөлігі. Қазақ халқының шын мәдениетке, өрке­ниет­ке жеткенінің көрінісі өз ана тіліне деген құрметінен, қарым-қатынасынан айқын көрінеді. Біз күні бүгінге дейін тіл туралы айтқанда сапалық көрсеткіш­тер­ден гөрі сандық көрсеткіштерді көбірек тілге тиек етеміз. Мәселен, қанша қазақ мектебі мен балабақшалары ашылды, қазақ тіліндегі ақпарат берудің өсуі, тіл үйрету орталық­тары­ның көптеп ашылуы, басқа ұлт өкіл­дері­нің мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы т.б. – бұлардың бәрі дұрыс, бәрі керек. Бірақ әңгіме басқада. Ол өз тіліңді сүюде, құрметтеуде, оның есік­тен төрге озуына барынша, бар бол­мы­сың­мен қызмет етуіңде. Өйткені, ол сенің ана тілің, ардағың, мемле­кеттік тілің таны­мыңның да, танылуың­ның да, танысуың­ның да бастауы. Өз тіліңді жете біліп, еркін қолдану үшін адамның бойында ұлттық рух, ұлттық намыс болуы қажет. Біз білім беру идеясының стратегия­лық мәнін әлі түсінбей келеміз. Білім мемлекет қауіпсіздігін сақтауға қызмет етуі керек. Бірде бір білім мен тәрбие мекемесінде жас ұрпақты жөргегінен жерітетін, ұлттық құндылықтарынан ажырататын істер жасалмағаны жөн. Ал біздің бүгінгі білім жүйемізде бұл мәселе әлі қолға алынған жоқ. Ендеше, этномәдени білім мен тәр­бие беру ­– уақыт талабы. Ұлтыңды ұлттық санаға, ұлттық рух пен намысқа жетелейтін білім мен тәрбиең, тағылымың болмау қазіргі таңда экономикалық апатқа ұшы­рау­мен тең. Ел экономикасының даму дәре­жесі ондағы халықтың білім дәрежесі­не тікелей байланысты. Сапалы, этномәде­ни білім — ұлттық дамудың кепілі. Қазақ ұлтының білімін көтеру мен тәрбиелеу мемлекеттік идеологиямызда өз орнын алуы керек. Жалпы алғанда, біздің еліміз­дің идеологиясының басты мақсаты – Қазақ елінде қуатты мемлекет құру. – Елдіктің ертеңіне қызмет ететін идео­ло­гиялық ізденістер бар ма? Ұлттық идеологияны қалыптастыруға не кедергі болып отыр? – Мен ұлттық идея туралы жоғарыда айтып өттім. Енді сіздің сауалыңызға қатысты айтайын. Ұлттық идея деген ой төңірегінде пікір алмасу мен пікірталас­тар­дың қазақ ортасында жүріп жатқанына біраз уақыт болды. Ол – табиғи құбылыс, ұлттың өзінің дербес екенін сезінуі. Ұлттық идея, халықтық идея, оның негізгі мақсаты – ұлт болып бірігу. Ол сонымен қатар ұлтты жетілдіру жолы да. Ендеше, ұлттық идеяны ұлттық мүддеден іздеу керек. – Ұлттық рух пен намыс көтерілмей, ұлт­тық сана қалыптаспай, ұлттық мүдде қорғалмай ұлттық ұйысудың биік дең­гейі­не көтеріле алмасымыз анық. Ал ол ұлттық тәлім-тағылымға, білімге, парасат­қа тәуелді. Бұл бағыттағы істерге көңіліңіз тола ма? – Тарихта адамзаттың көптеген ұрпақтары ғасыр алмасуларын көрді. Ал мыңжылдықтардың алмасуын көру біздің замандастарымыздың пешенесіне жазы­лып­ты. Мұндай уақыттарда үлкен әлеу­мет­тік өзгерістер мен жаңа бағыт-бағдар­лар болатынын адамзат тәжірибесі жоққа шығармайды. Екінші мыңжыл­дық­тың таусылар шағында қазақ ұлты ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімен қауышты. Тәуел­сіз мемлекетті қалыптас­тыру, тәуелсіз­дігімізді сақтау өз кезегінде елі мен жерін сүйген, өзін отаншылмын деп есептейтін, ұлттық қадір-қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақты қажет етеді. Өйткені, бірнеше ұрпақтың санасына сің­ген қасаңдық қазақ хал­қы­ның ұлттық, отан­шылдық иммуни­тетін әбден әлсіреткен еді. Ұлтқа рух беретіндер тектілер. Тектілік – қасиет. Этномәдени тәрбие тектіні, дарынды, дананы, талантты құрметтеуге үйре­теді. Өйткені, “Ақ ниетті, ақ жүректі тектілер, жұртын қолдап, елді ұшпаққа жеткізер”, – деп Жүсіп Баласағұн айтқан­дай, ұлтты ілгерілететін солар. Ондай ірі тұлғалар, кейде қарапайым сана өлшеміне сыймай да жатады. Ұлттық рух жоғалуы­ның бір белгісі – ұсақтық, уақтық, көре алмау­шылық. Ал мұндай келеңсіздіктер надан­дарға, тоғышар­ларға, топастарға тән. Міне, осындайлар 30-шы, 50-ші жылдарда ұлт зия­лы­ларын, рухты тұлғаларды әбігерге түсірді, үлкен бір бөлігі­нің түбіне жетті. Ондайлар арамызда әлі бар, алда да болар. Оларға қарсы тұра білу үшін де біздің этностық біліміміз бен білігі­міз, ішкі рухани құнды­лы­ғымыз болуы керек. Ұлттық рухтың құнын түсіретін тағы бір нәрсе – қазаққа тән емес құбылыстардың көп­теп етек алуы. Олар жағымпаздық, жарам­сақ­тық, жандай­шаптық, пайда­күнем­дік, дүниеқоңыз­дық, ман­сапқорлық. Ал мұның арғы атасы тексіздік. Ұлттық білім рухани сабақтастық негізі. Этностар дамуында оның дүние­танымдық, рухани көздерін елемеу – ұлт­­сыз­дандыруға апаратын жол. Қазіргі жаһандану заманында бұл өте қауіпті. Сондықтан әңгіме әлемдік білім беру жүйесін көшіріп алуда емес, қажетімізше пайдалануда болуы керек. Осы орайда, тағы бір айтарымыз, бізге жеделдетіп шет елдердің оқу технологиясына көшкеннен гөрі, жалаң білім беруден, білікке көш­кеніміз жөн. Ендеше, жастарымызды білік­тілікке жетелейтін этномәдени білім арқылы, ұлттық тіліміз бен ұлттық мәде­ниеті­міз арқылы қазақы болмысымызды қалыптастыруымыз керек. Білім беру ісі – ұлттық рух пен мәдениет дамуының ең негізгі іргетасы, ұлттың өмір сүруі үшін де, халық тағдыры үшін де аса қажетті шарт. Ел егемендік алған күннен бастап қалай оқимыз, қайтіп оқытамыз, кімнен үлгі аламыз, т.б. сияқты мәселелер төңірегінде көп толғаныс болуы да сондықтан. Бүкіләлемдік жаһандасу кезінде түп тегі­міз­де бар бейімделе, үйрене білу, сыйласа және сыйлата білу қасиеттерімізді де ұмытпағанымыз жөн. Алдыңғы буын өкілдерінде мұндай дәстүрді ұстану бар еді.  Осыны көре қалған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары Шоқанды, Абайды, т.б. ерекше құрметтеген. Мәсе­лен, Ахмет Байтұрсынов Абайды қазақ­тың бас ақыны десе, Мағжан Жұмабаев алтын хакім деп дәріптейді. Олар бір-бірін өзара аса құрметтеген. Сондағы өлшемдері жеке тұлғаның ел, халық алдындағы беделі мен қажыр-қайратын жұмсап атқарған игі істері болған. Ал бүгінгі күні біз тұлғаны шенеу­ніктің дәрежесімен, адам парасатын отыр­ған креслосымен өлшейтін халге жеттік. Ұлттық идеологияның маңызды ком­поненттерінің бірі – ұлт мүддесін қор­ғау. Ұлт мүддесін қорғамасақ, біз өз ұлтымыз­дың қалыпты дамуын қамтамасыз етіп, оның әр түрлі мазмұндағы сыртқы “шабуы­л­­дардан” қорғаныс қабілеттерін күшейте алмаймыз. Ұлттық намыс – үнемі қорғауды қажет ететін намыс. Бұл жерде бізге ешқандай да босаңсуға бол­майды. Қазіргі қоғам – идеолология­лық күрестің қоға­мы. Сондықтан біздің мем­лекеттік тілі­міздің, ортақ дініміз бен наным-сенім­дері­міздің және Қазақстан­ның мемлекеттілігі идеясының төңірегінде топтасуымыз маңызды. Ұлт мүддесін қорғау үшін әуелі өзіміз мықты болуымыз керек. Қазақ ғылымы, қазақ тілі, қазақ өнері, қазақ әдебиеті шын дарынның жоғары үлгісі болса, сонда ғана оны айрықша намыспен қорғауға болады. Ұлттық санасы қалыптасқан адам кез келген мәселеден сырт қала алмайды, сөйтіп, бүкіл халық болып ел қамын, ел мүддесін ойлайды. Алайда, ұлттық сана халық мәселесін көтеруге ғана қауқарлы болғанмен, оны шешуге келгенде дәрмен­сіз, ол үшін сапа керек. Ол сапа — азаматтықты іс жүзінде асыруға бірден-бір қауқарлы да жігерлі ұлттық парасат. Пара­­сат болмай, ұлттық бірлік те болмайды, ешбір ұлттық асу алынбайды. – Біз кеңестік кезеңде көптеген ұлттық мұрамыз бен рухани құндылықтарымыздан көз жазып қалған халықпыз. Жастарымыз­дың ұлттық құндылықтарға көзқарасын қалып­тастырмай тұрып, ұлттық ұйысудың ертеңінің іргесін бекем бекіттік деп айта аламыз ба? – Өркениетті елдерде тарихи ескерт­кіш­терді қорғау, тарихи жадын сақтау ісі әрбір адам мен бүкіл қоғамның жеке ісіне айналған. Әркім оған ұлт символы ретінде қарайды, надандық жайлаған, осыны ұғынбаған елдерде олай емес. Ендеше, біз бұл саладағы кемшілі­гіміздің себебін тарихи тамырымыздан мүлдем қол үзіп кет­кенді­гімізден емес, болмаса, мәңгүрт­ті­гі­мізден емес, әлі де толыққанды өрке­ниет­ке қол жеткізіп, мәдениетті елге айнала алмай жатқан­дығымыздан іздеу керек болар. Мәдениет барлық уақытта өркениеттің даму деңгейіне сәйкестенуге ұмтылады. Кезінде Канттың Еуропа мәдениетін: “біз шамадан тыс өркендеп кеттік, бірақ жет­кі­лікті дәрежеде мәдениетті емеспіз”, – деп бағалауы да содан болса керек. Біз мә­де­­­ниеті­міз бен рухани дүниелерімізге өркениетті адам тұрғысынан қарай алмай жатырмыз, яғни мәдениетті дамыту үшін мәдениетке мәдени көзқарас қалыптаспай жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Президенттің қолдауымен және бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдар­ла­масын ерекше атағанымыз жөн. Әсіресе, оның әлеуметтік-гуманитарлық, әдеби-мәдени, рухани салалар бойын­ша шығып жатқандары ұлттық рухани құнды­лық­тары­мыздың жай көрінісі немесе жүйеленген түрі ғана емес, халық­тың рухани тарихы, рух бейнесі. Олардың бәрімізге, әсіресе, жас ұр­пақ­қа берері мол. Жаһандану заманын­да біз сияқ­ты жас мемлекет­терге өз төлтума­лы­ғымызды, қайта­лан­бас ұлт­тық болмы­сымызды, ұлттық ойлауы­мыз бен кейпімізді сақтап қалуымыз маңызды болып отыр. XXІ ғасырда басқа елдермен бәсекеге түсе алатын­дай рухы биік мәдениетімізді қалып­тастырғанымыз жөн. Өйткені, рухы мен мәдениеті биік, танымы мен тағы­лы­мы тұтас халық пен мемле­кеттің болашағы да жарқын болмақ. Бүгінгі ел мен ел мидай арала­сып кеткен заманда, Қазақстан жерінде шетел инвесторлары мен азаматтары күн санап көбейіп келе жатқанда, елдің қамсыз отыруын құптау мүмкін емес. Әсіресе, мұны бүгінгі білім алып жатқан жастар ерекше түсінуі керек. – Этномәдени тәрбиенің, ғылымның бұл саласының дамуы бүгінде қай деңгейде? – Тәрбие мәңгілік және жалпы­адам­­зат­тық. Алайда, қай халықтың болма­сын бұл салада өзіне ғана тән ерекше­ліктері­мен дараланып тұра­тын үлгілері болады. Бұл ерекше­ліктердің негізін халық ғасыр­дан ғасырға, ұрпақтан ұрпақ­­қа мирас­қа қалдырып отырады. Егер олар­ды жай хро­нологияға көшірер болсақ, қазақ жері мен еліндегі ғасырлар бойы қалыптас­қан ғақлият­ты үйрету, тәрбиелеу, оқыту жүйе­лерінің даму диалек­тикасын да түсінер едік. Қазіргі оқу-тәрбие үдерісінде біз құбы­лыстан мәнге, қарадүрсіндіктен тео­рия­лық санаға, оқуды білікпен ұштас­тыруға бетбұрыс жасауымыз керек. Өйт­кені, қазіргі республика мектептеріндегі бұл мәселені түсінуіміз қарабайыр түсінік­тер мен ұғымдар деңгейінен аса алмай жатыр. Жеке пәндер арқылы теориялық негізде ұрпақ санасына сіңуге тиісті этномәде­ниет­­тік өркениетіміздің әзірге өрге баса алмауы да осыдан. Бұл тұрғыда ауызға алынып, ұстаздар қауымы арасында теориялық жағынан тиянақтауды қажет етіп тұрған бірден-бір бағыт – халықтық ойлау, үйрету үлгілері мен тәрбиелері, олардың ұлттық ерекшеліктері мен білік­тері туралы рухани мұраларында көрініс тапқан үлгі-ұғымдары болмақ. Кеңес өкіметі тұсында гуманитарлық ғылымдар “еуропоцентристік” үрдістер тұрғысынан дамып қана қойған жоқ, жеке оқу құралдары да осы бағытта жазылды. Дүниежүзілік өркениеттің бір бөлігі Шығыс ұмыт қалды, еске алына қалса айтулы тұлғалардың аты-жөні жақша ішінде көрсетілуден аспады. “Қазақстан Республикасының этнос­тық-мәдени білім тұжырымдама­сында”: “Этностық мәдени білім – ана тілі мен төл мәдениетті, әлемдік құндылықтарын қоса игеруге бағытталған білім”, – делін­ген. Ендеше, алдағы үлкен мақсаттардың негізгі­лері: мәдени-этностық білім беру тұжы­рым­дамасын дамыта отырып, оның педаго­гикалық теориясын жасау; мәдени-этностық білім берудің педагогикалық тәжіри­белерін қорыту; мәдени-этностық білім беруді өмірге енгізудің тетіктерін жетіл­діру болмақ. Өз кезегінде бұлардың әрқай­сы­сын дамыта, зерттеп-зерделеу уақыт тала­­бы­­нан туындап отыр­ған іс. Әрине, бұл жол қиын жол, ол біз­дер­ден тек мамандық бойынша бірыңғай білім беруді емес, сана­лы­лық пен сауат­тылық­ты, зеректік пен іс­кер­лікті, зиялы­лық пен зор интеллектіні, әсіре­се, шыдам­ды­лық пен төзімділікті қажет етеді. Жалпы тұрғыдан алғанда, білім берудің қалыптасқан үш деңгейі бар: жалпы стандарт, кәсіби білім, рухани білім. Кез келген бағдарламада, оның ішінде бізде де бірінші, екінші деңгей­лерге басымдылық беріледі. Нарықты экономика жағдайында, ол дұрыс та шығар. Бірақ, адам бойындағы құндылық­тарды тұрақтандыратын рухани бағытқа жеткілікті назар аудармай болмай­ды. Қазір ұлттық сананың өсу кезеңінде – адамның рухани дүниесін байыту көкей­кесті мәселеге айналды. Себебі, рухани­лық азайған сайын өмір қатаңданып барады. Өмір мен ортаға деген салғырт­тық пен мейірімсіздік – жастардың рухани кедей­ленуінен. Таза кәсіби біліммен шектеу – адами қатынастардың жаттануы­на әкеледі. Ал қоғам мақсаты бұған қарама-қарсы. Адам робот емес. Міне, осы өткір мәселе ескерілуі керек. – Ғалымдар ел тарихына жаңаша көзқарас керек дегенді жиі айтады. Тарихты тәуелсіз мемлекет, егемен ел тұрғысынан таразыласақ дейді. Мұнда этномәдени тәрбиенің рөлі қандай болмақ? – Өркениетті деп жүрген алыс-жақын шет елдер тарихына көз салсақ, ХХ ғасыр­дың аяғына қарай олардың бір­қатарын­да айтарлықтай білім реформа­лары жүрген. Ал біз болсақ бұл тұрғыда әлемдік деңгейге жету, үйрену, қабылдау қамында жүрміз. Осы мақсатта белгілі дәрежеде құжаттар да қабылдадық. Бірақ, біздің ойымызша, осылармен қатар жүр­гізілуге тиіс бір нәрсені қалыс қалдыру­дамыз. Ол жастарға этномәдени білім мен тәрбие беру. Сол арқылы оларға азамат­тық білім беру ісін жолға қою, ұлттық рухтарын қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру. Жас кезінен бастап Отан деген ұлы ұғымның Атақоныс, Атажұрт, Атамекен екенін ұқтыру. Аталмыш игілікті іске осы тұрғыдан келсек, өзінің жаңа даму кезеңін басынан кешіп отырған орта білім беретін мектеп­тердің, арнаулы және жоғары білім беретін оқу орындарының іс-тәжірибе­лерінде жастарымыздың рухани дәреже­лері мен тәрбие деңгейлеріне қойылатын талап пен олардың қалыптасу жүйелерін­дегі қайшы­лық­тарды, олқылықтарды жоюға нақты қадам жасауға бетбұрыс болар еді. Өйткені, республикамыздағы бірыңғай еуро­поцентристік тәлім-тәрбие­ге негіздел­ген кеңестік педагогика ғасыр­лар бойы екшеліп, өмір сынынан өтіп келген қазақ халқының ұрпақ тәрбиесін­дегі жинақталған тағылымын, тәлім-тәрбиесін, салт-дәстүрі­нің озық үлгілерін пайдаланбай, қайсыбір тұстарда оларды құбыжық етіп көрсетті. Мұның өзі жас­тары­мыздың арасында руха­ни жұтаңдық пен өз ұлтына жат өрескел мінез-құлық­тың етек алып, халқының руха­ни құнды­лықтарын өз бойларына сіңір­меген, мән-мазмұнын игермеген нигилист ұрпақ­тар легін дүниеге келтірді. Олардың бірқатары тәлім-тәрбиелік мәні аз, мағынасы таяз, шетелдік мәдени сарынға, өнер түріне жаппай еліктеушілік пен табынушылыққа бой ұрды. Ал үйрену мен өнеге тұту жайына келетін болсақ, қазақ халқы сенім мен иманжүзділікке кенде болмаған. – Қазіргі қоғамдық дамудағы елдіктің мәселесіне тоқтала кетсеңіз. Ұлттық ұйысудың негіздері бар ма? Оған этно­мәдени тәрбие берудің барлық мүмкіндік­терін пайдаланып отырмыз ба? – Елдік сананы қалыптастыруға, ұлттық ұйысуға мемлекет жүргізіп отырған ішкі саясаттың әсері зор. Мұнда айтарымыз, азаматтық сана және патрио­тизмді насихаттап, тәрбиелеу мәселелері. Осы мәселеде мем­ле­кеттік тілді жетілдіру, оның қолдану аясын кеңейту келелі іс екенін баса айту керек. Бұл елдің бүгіні мен ертеңіне қатысты, ол ұрпақтар сабақ­тастығының басты арнасы. Біз кейінгі ұрпаққа елдік, мемлекеттік, мәдени құнды­лықтары­мызды қай тілде жеткізбек­піз? Міне, мәселе осында. Ұрпақтар сабақ­тас­­тығы – ұлттық, елдік құндылық­тардың арнасы. Құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің одан өзге жолы жоқ. Демек, мемлекеттік тілде сөйлеп қана қоймай, сол тілде құндылықтар жасап, оны келесі ұрпаққа мирасқа қалдыратын ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыты болуы керек. – Зиялы қауымның ұлттың ұйысуын­дағы рөлі мен жауапкершілігі қандай? – Ғылымда XІX ғасырдың 60-жыл­дары әдебиетші Боборыкиннің енгізген “интелли­генция” термині зиялылар қатарына жоғары білімі бар, ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын әлеуметтік топтарды жатқызады. Бұдан жоғары білімдінің бәрі зиялы атануы керек пе деген ой туады. Жоқ, олай етсек бұл ұғымның қадірін қашырар едік. Менің ойымша, зиялылықты оқығанмен, біліммен шектеу оның толық мазмұнын ашпаса керек. Мәселен, жоғары оқу орнын бітір­меген адамдарда да зиялылар бар. Айталық ата қазақтың тоқығандары көп болған. Ал бүгіндері оқымағандар жоқ, бірақ межеден шығып жатқандары аз. Ендеше, еркін ойлы адам ғана нағыз зиялы бола алады және онда сол еркін ойын жеткізе алатын парасат, тұлғалық сана болуы керек. Менің ойымша, зиялылар – билікке қоғамдық пікірді жеткізетін, қалың бұқара­ның көзін ашып, ірі адамгершілік құнды­лық­тарын жасайтын және оны сақтау жолында күресетін адамдар. Ендеше, зиялы­лар шындықты айтулары, пікірлерін ірікпеулері керек. Ал бізде үлкеніміз бар, кішіміз бар, дайын пікір, дайын ойды айтумен келеміз. Ол жауап­сыз­­дық. Ең алдымен, өз ұстанымыңның, өз ар-ұятың­ның алдында үлкен жауап­кершілік болуы керек. Сол жауапкершілік ұлтыңның, қоғамың­ның алдындағы жауапкершілікке ұласады. Зиялы жеке бас мүддесін ұлт мүддесімен сәйкестендіре білу керек. Мұқағалидың: “Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай Махамбеттер, Абайлар-ай!” деуі де содан болса керек. Зиялылардың ішкі рухани бірлігі мемлекет пен ұлттың арман-аңсары жолын­дағы тағдырлы мәселелер – ұлттық қауіпсіз­дік пен саяси тұрақтылық тұрғы­сын­да да аса маңызды. Біздіңше ел эко­но­микасы өркендеп, ел-жұрттың мәдени-рухани еңсесі де көтеріліп, сонымен бірге әлемдік ақпарат тасқыны әрқилы жат ағымда үдеп келе жатқан уақытта зиялы қауымның қоғамдағы орны мен қызмет етуі ішкі есепке құрылған пендешіліктен, абырой әпере бермейтін ұсақ-түйектен ада болып, туған атамекені мен ұлтына адалдық танытуы ерекше азаматтық парасат биігінен көрінуі, атына заты сай болулары керек. Көне қазақ қауымына көз салсақ, айта қаларлықтай білімі болмағанымен, олар ар-ұжданын, иманын жанына серік еткен топ бастаған серкелер болды. Кейінгі ұзақ жыл­ғы бодандық, ұлтқа жасалған геноцид халық­тың сағын сындырып, серкелерін азап­қа салды. Өтірік жаламен халқы алдында қаралау жұмыстарын жүргізді. Бұл сол кездегі биліктің саналы жасалған істері еді. Соның нәтижесінде, кеңестік билік тұсында қалыптасқан “жаңа типтегі” қазақтың “социалистік тұрғы­дағы” зиялы тобы дүние­ге келді. Олар өзінің ұлттық тарихынан діні­нен, ділінен, тіпті тілінен де, ұлттық салт-дәстүрінен де қол үзіп, толығы­мен ұлтсыз­дануға бет алды. Осы топ немесе солардың соңына ергендер әлі күнге дейін билік басын­да отыр. Алдымызда олардың дүние­танымын тәуел­сіздік рухымен жаң­ғыр­тып, халқы­ның мүддесіне басын тіккен нұрлы алашшыл зиялы топтың деңгейіне көтеру немесе өздерінің көтерілу мақсаты тұруы керек. Сондықтан да біздің бүгінгі зиялы тобы­мыз рухани жағынан алашшыл топтың деңгейіне көтеріле алмай жатыр. Алашшыл зиялылар Абай айтқан “нұрлы ақылдың” жолымен жүрсе, біздің зиялы­лар әзірше Абай айтқан “суық ақылдың” шы­лауын­да жүргендіктен пендешілігі басым, тоғышар­лық пиғыл­дағы қарын қамы­нан шыға алмай келеді. Зиялылар сапалы жолмен жүре отырып, өздерінің өнері мен ақыл-ойы арқылы халық­ты тәрбиелеу жолдарын қарас­тырып, мемле­кеттік идеологияны халық санасына сіңіру­ге қызмет етуі шарт. Сонда зиялы топ ел бірлігіне де, еліне де адал және азаматтық ұстаным тұрғысынан қызмет етеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.