Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде дәрі-дәрмектер мен медициналық заттардың тұрақтандыру қоры құрылған еді. Бұл қорға "Атырау" ӘКК" АҚ мен дистрибьютор компания арасындағы меморандумға сәйкес, дәрі-дәрмектің 40 түрі жеткізіледі, - деп жазады Egemen.kz
Жыл соңына дейін 4 миллион 800 мың орама дәрілік зат пен медициналық бұйымдарды сатып алуға 500 миллион теңге бөлініп отыр. Бұған қосымша 900 мың дана медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектердің азаймайтын қоры құрылады. Сатып алынған медициналық дәрі-дәрмектердің жалпы көлемінен 105 мың 235 данасы қала және аудандардағы дәріхана желілеріне таратылды.
Өңірдегі дәрі-дәрмектер сақталатын қойманы тексерген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізу тұрақты негізде жүзеге асырылады.
"Біздің басты міндетіміз – азаматтардың денсаулығын сақтау. Қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешіп, мол қорын жасақтау", - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Соңғы үш аптада дәріханаларға 100 тонна дәрі-дәрмек жеткізіліпті. Енді жақында тағы да 40 тонна дәрі-дәрмек әкелінетіні күтіліп отыр.