Болжалсыз келген індетке қарсы күресте әлем жұртшылығы ғана емес, қазақ халқы да барынша күресіп бағуда. Елдегі карантин режімін сақтамай, бейдауа кеселдің құрығына түскендер қаншама. Бүгінде еліміз көршілес Қытай елін басып озып, жалпы ауырғандар саны 92 000 мыңға жуықтады. Елде оттегі концентраторларының жетіспеушілігіне қарамастан, ақ халатты абзал жандар жан-дәрмені қалғанша науқастарға ем-дом жасауда. Осы орайда жұрттан ерен шығып, халқына көмек қолын созып жатқандар легі баршылық.
Акция аясындағы қор
Осы тарапта ҚМДБ «Зекет қоры» елімізде тынысы тарылып, дем жетпей жатқан науқастарды қолдау мақсатымен «Өмірге үміт сыйла!» акциясы аясында қор жинады. Елдің түкпір-түкпіріндегі жамағаттың ауызбіршілігі арқасында 450 оттегі концентраторы және 3 ӨЖТ аппараты межелі орындарға жеткізілді. Жиналған қаражатқа оттегі концентраторларынан бөлек, емдеуге қажетті медициналық құрал-жабдықтар, бір реттік бетперделер, антисептиктер, қолғап және тағы басқа заттар алынған. Соның ішінде аталған аппараттар Атырау облысына берілсе, ал оттегі концентраторлары басқа өңірлерге табысталды. Межелеген аймақтар тізімінде: Түркістан облысына – 78, Шығыс Қазақстанға – 62, Солтүстік Қазақстанға – 61, Семей өңіріне – 57, Жамбыл облысына – 51, Ақмола облысына – 43, Павлодар облысына – 30, Қостанай облысына – 34, Сыр өңіріне – 7, Маңғыстауға – 3, Талдықорған өңіріне – 22 және Алматы қаласына 2 концентратор жеткізілді. Осындай игі істер науқастардың денсаулығына оң әсерін беріп отыр.
Елордада оттегі концентраторлары жеткілікті
Кезекті карантин режімі енгізілгеннен бері елордада коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар саны күн санап азаюда. Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпсалалы ауруханасына елорда әкімдігінен 59 оттегі концентраторы алынды. Қуантарлығы, елорда тұрғындарының басым көпшілігі осы оттегі концентраторлары арқылы тәуір бола бастады. Сондай-ақ гуманитарлық көмек аясында қаладағы ауруханаларға коронавирус және пневмонияны емдеу үшін қосымша медициналық жабдықтар апта сайын келіп жатыр.
Бұдан бөлек, қайырымдылық жасаудың басы-қасында жүрген «Қазақстан студенттер альянсы» ұйымын айтпай кетуге болмайды. Бүгінгі таңда ұйым – ізгіліктің жаршысы ретінде бірталай іске жәрдемін тигізген.
«Осы істің бастамасын наурыз айында карантин режімі енгізілгеннен кейін, волонтерлер көмегімен ұйымдастырған едік. Олардың ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне еріктілер тобы қолұшын беріп келеді. Бұдан бөлек Қазақстан студенттер альянсының 15 жылдығына орай сәуір айында әр облысқа 1 500 медициналық бетперде, қолғап және азық-түлік себеттерін таратқан болатынбыз», дейді ұйым жетекшісі Ілияс Түстікбаев.
Сонымен қатар студенттік ұйым елорда әкімдігінің, Nur Otan партиясына қарасты Jas Otan Жастар қанатының белсенді өкілдерімен бірлесе отырып, волонтерлік қызметтерді құлшына атқарып, ел игілігіне жұмыс істеп келеді.
«Осы бағытта Instagram әлеуметтік желісінде жастарымыздың көмегімен көлемді қаражат жиналды. Жуырда 3 оттегі концентраторы жеткізіледі және тағы 3-еуіне тапсырыс беріп қойдық. Бұған қоса 10 мың медициналық бетперде мен қажетті дәрі-дәрмек қорын тегін тарататын боламыз», дейді ұйым басшысы.
Өңірлердегі мазасыздық басылды
Қазіргідей санитарлық-эпидемиялық ахуалдың алмағайып кезеңінде ауруханаларда емделіп жатқан әр науқастың денсаулығы маңызды. Сондықтан да елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, елді мекендерде аурудың алдын алу және жұқпалы індеттің таралмауы үшін көптеген жұмыс қолға алынды.
Бүгінде қала жұртшылығынан бөлек, ауыл халқы да өз жұртына септесіп жүр. Бірнеше ауданда бірыңғай қор жиналып, тиісті медициналық жабдықтар мен оттегі концентраторлары алынуда. Осыған байланысты Алматы облысы, Nur Otan партиясына қарасты Ұйғыр аудандық филиалының консультанты Ақжол Нұрдәулетұлымен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Адуынды дерт талай адамды аурухана төсегіне таңып, ажал құштырып жатқаны жасырын емес. Қолұшын созып, өкпені жасанды тыныстандыратын құрылғылардың тапшылығын ескере отырып, тым болмаса соның біреуін сатып алу үшін қолымыздан келгенше қаражат жинауды бастадық. Ауданның белсенді жастары бір кісідей аз уақыттың ішінде тиісті қаражатты жинады. Аудандық орталық аурухананың басшылығымен ақылдаса отырып, ең қажет деген құрылғыларды сұрастырып, оттегі концентраторы аппаратын, сонымен қоса кварцлампа, электроотсос, рецирикулятор және науқастарға арналған ыдыс-аяқ сынды қажеттіліктерді табыстадық, – дейді Ақжол Нұрдәулетұлы.
Сонымен қатар ауданның ел ағалары мен кәсіпкер азаматтары, жүк көлігін жүргізетін ерлер қауымы, әскери қызметкерлер және «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігі аудандық орталық ауруханаға көмек қорын жеткізіп тұруды бақылауға алған.
Ақжол Нұрдәулетұлы қазір ауданда карантин режімі қатаң сақталғанын, сондай-ақ естияр баладан еңкейген қартқа дейін бетпердесіз аттап баспау керектігін көкейге мықтап түйгенін атап өтті.