• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2013

Бауырластық тамыры тереңдейді

250 рет
көрсетілді

Ежелден топырағы қойындас, мал-жаны аралас Сыр бойы мен қазыналы Қарағандының үзілмеген бауырластық үрдісі өскелең заман талабына сай қайта жаңғырып, нығайып келе жатуына жарқын мысалдар жеткілікті.

Ежелден топырағы қойындас, мал-жаны аралас Сыр бойы мен қазыналы Қарағандының үзілмеген бауырластық үрдісі өскелең заман талабына сай қайта жаңғырып, нығайып келе жатуына жарқын мысалдар жеткілікті.

Тәуелсіздік жылдарында жаңа­ша сипатта жалғасушы өзара өңіраралық мәдени, экономикалық ынтымақтастық көршілес аймақ­тар өмірінің даму екпініне соны серпін естіріп те отыр. Өндірісті өлке мәдениеті мен өнерінің Қызылордадағы күндері соның нақты бір көрінісіне айналып, еліміздің ертеңін еңселетер жасампаз істер ізін тереңдетуге тың жол салды. Сондай-ақ, шаһардың құрылғанына 195 жыл толуы мере­кесімен тұспа-тұс келіп өткен бұл ме­рейлі шара Сырды Арқаның ән мен жыр самалына бөлеп қой­май, ниеттес серіктестікке ынта­лан­дырған сан салалы шаруа­шы­лықтың кең тынысын алға жайды.

Елбасының тапсырмасы бойынша атқарылудағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың маңызды бөлігі қос облыстың үле­сіне де тисе, соның ішінде «Құм­көл», «Қарақойын» мұнай айдау құбырлары, Жезқазған – Бейнеу темір жолының Сексеуілмен түйі­­сетін құрылысы мақсаты ор­тақ, мүддесі бір қойын-қойнауы байлыққа толы аймақтар игілігін бірлесіп еселеуге серпіліс беруде.

«Сарыарқа – сайран елім» атты тақырып аясында ән мен күйге күмбірлеген күндер жас жағынан да, жолы жағынан да үлкен қала­ны әсем әуенге тербетті. Қара­ғандылықтардың мәдениет және өнер мерекесі Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітап­ханада «Сарыарқа – далалық өркениеттің алтын бесігі» көрме­сінің көрсетілуімен басталып, Нартай Бекежанов атындағы драма театры ғимаратында арнайы әзірленген Арқаның інжу-маржаны төгілген саз кешімен жалғасты. Ертеден де «Арғындар «ахау» десе, кетеді ұзап, кісідей былтыр кетіп, биыл келген» дейтін әзіл сөздері бар жергілікті жұртты Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемалов, Сержан Мұсайын сынды саңлақ өнерпаздар шырқаған туған топырақтарының аспандаған, мың бұралған әндері құлақ құрышын қандырды.

Қазақта сұлу Сыр еліне арнал­ған әсем әуендер аз ба! Ақын Се­рік Ақсұңқарұлының сөзіне шыға­рылған танымал сазгер Ес­жан Әміровтің қасиетті дария суын­дай толқып сыңғырлаған «Қыдыр қонған – Қызылордам» әні солардың қатарынан орын алғандай қызылордалықтарға тамаша тарту болды.

Мемлекет басшысы білімін тереңдеткен Қарағанды мемле­кеттік техникалық және Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситеттері арасында оқыту жүйе­сін, ғылыми байланыстарды жетілдіру бойынша келісімшарт жасалды. Елімізге белгілі инженер кадрлары қанат қаққан Орталық Қазақстандағы беделді оқу ордасының ректоры, ҰҒА академигі Арыстан Ғазалиев мұ­най мен газ саласы мамандарын даярлау бөлімі ашылуына орай осы қазына мол өңір талапкер жас­тарына жол ашықтығын айтып, қуантты.

Қарағандылықтар делега­циясының бір қауым шоғырлы тобын бастап келген облыс әкімі Бауыржан Әбдішев қарсы алушы өңір басшысы Қырымбек Көшербаевпен бірге Сырдария арнасын бөгеп, күріш алқаптарына су тарту құрылысын барып көр­ді. Сондай-ақ, Назарбаев зият­­керлік мектебінде болып, оқу­шыларға интерактивті тақта тарту етті. Өңіраралық мәдени байланыстар мен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арнал­ған меморандумға қол қойылу рәсімінде Бауыржан Түйтеұлы Елбасының аймақ­тардың әріп­тестіктің барлық деңгейін кө­теру тапсырмасына сәйкес жаң­­ғыртылған бұл шара даму қа­дамын қарыштатуға ықпалы зор болмақтығын атай келіп, өндіріс ошағы ретінде облыстың көршілік көмек-қолдауды кү­шейтуі мерейлі міндет саналады деді. Өз кезе­гінде Қырымбек Елеуұлы мұ­ның өте маңызды және тәлім­ді тәжірибе екенін айтып, екі­жақты ынтымақтастық арта беретіндігіне, экономикалық әле­уеті мықты өлкенің соған шынайы ынтасы мен мүдделестігіне ризалық білдірді.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда – Қарағанды.

Соңғы жаңалықтар