Жақсылық Үшкемпіровты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі пандемияға байланысты және адамдардың көптеп жиналуын болдырмау мақсатында тек отбасы ішінде өтеді, - деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
2 тамызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек Ері, грек-рим күресінен Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем, Еуропа чемпионы, "Барыс", "Құрмет", және "Парасат" ордендерінің иегері Жақсылық Үшкемпіров 70 жасында дүниеден озған еді.
Жақсылық Үшкемпіровтың туған-туыстары көңіл айтып, қолдау көрсеткендері үшін барша қазақстандықтарға, әсіресе, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылықтарын білдірді.Сонымен бірге, қоштасу рәсіміне қатысты шаралардың тура бір жылдан кейін өтетіні хабарланды.