"Egemen Qazaqstan" газетінің Алматы облысындағы тілшілер қосынына Іле ауданы, Байсерке ауылдық округі, Қоянқұс ауылына қарасты «Қоянқұс» бау-бақша серіктестігі тұрғындары өтініш айтып хабарласты. Ауылдағы ағайын бірнеше жылдан бері шешуін күткен әлеуметтік мәселенің түйінін тарқатуға жергілікті атқарушы билік өкілдерінің құлықсыздығына наразылық білдіріп, басылым арқылы жоғарыға мұң-зарын жеткізгісі келеді, - деп хабарлайды egemen.kz.
- Біздің ауылымыз Алматы қаласының шекарасынан 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал "Қоянқұс" бау-бақша серіктестігінің құрылғанына 7 жылдан асты. Осы уақыт ішінде 200 үй салынды. Ауыз су, газ желісіне тұрғындар ақша жинап, өз күшімізбен қосылдық. Қазір ауылда 12 көп балалы отбасы, 35 зейнет жасындағы қария, 7 мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр. Ауылда мемлекеттің араласуымен шешілетін мәселе бар. Біз ол жайында Іле ауданы әкімшілігіне жыл сайын шағымданып, жауап ала алмай отырмыз. Жақында аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың онлайн қабылдауында болып, ауылдың мәселесін жүзбе-жүз айттым. Әкім аудандық бөлімдерге тапсырған еді, бірақ...- дейді аталған бау-бақша серіктестігінің төрайымы Гүлжиян Нұрғалиева.
Тұрғындардың өтінішін жеткізген серіктестік төрайымының айтуынша, Іле ауданы әкімдігі «қоянқұстықтарды» жыл сайын шығарып салма жауаппен жұбатып келеді екен. Ал ауылдың тыныс-тіршілігі үшін ауадай қажет мәселенің биыл да шешілмей қалуынан қорыққан тұрғындар облыс әкімі Амандық Баталовтың атына да хат жолдапты. Өкінішке қарай, маусым айында жіберілген өтініштің жауабын күткен ел күзге де жетті.
- Жалпы, біздің мәселеміз мемлекет үшін аса бір салмақ салатындай күрделі емес деп ойлаймын. Өйткені, қазір ауылда тіршілік етуге қажетті жағдай бар, оны тұрғындар өз қалталарынан қаражат шығарып жасап алған. Орталықтанған су жүйесін іске қостық, әр үйге дейін газ құбыры тартылған, көшеге құм мен тас төселді. Бұл жағынан ешкімге ауыз ашып отырған жоқпыз. Бірақ, елді мекеннің одан әрі гүлденуі үшін мемлекеттің көмегі қажет. Дәл қазір шешімін күткен бірнеше мәселе бар, соған құлақ түретін адам табылмай отырғаны өкінішті, - дейді Гүлжиян Нұрғалиева.
Атап айтқанда, бау-бақша серіктестігі аумағындағы электр желісі жеке адамның иелігінде екен, сондықтан тариф қымбат. Оның үстіне ауылда жарық жиі сөнеді. Тұрғындар осы электр желісін мемлекеттің балансына өткізудің мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Тағы бір мәселе: ауылдың ішінен жоғары вольтті электр линиясы өтеді екен. Оны Іле ауданының энергетика бөлімі елді мекеннің сыртына көшіруі тиіс болған, бас жоспар бойынша солай белгіленген-мыс. Бірақ, бұл шешім де орындалар емес. Сондай-ақ, ауылға телефон мен кеңжолақты интернет байланысын қосу туралы тұрғындар өтініші бірнеше жылдан бері аудандық «Қазақтелеком» компаниясында қаралмай жатқан көрінеді. Қазір ауылда ұялы байланыс та нашар екен.
- Интернет байланысының нашарлығынан өткен көктемде, қашықтан оқу кезінде қатты қиналдық. Ауылда 135 оқушы бар. Міне, жаңа оқу жылында да сабақты қашықтан оқитын болдық. Яғни, ата-аналар мен оқушылар тағы әуреге түсетіні анық. Бізге аудандық «Қазақтелеком» компаниясы тұрғындардың сұранысына орай өтінішті қарайтындарын, төлем қабілетін растау туралы зерделеуден кейін ауылға байланыс бағаналарын орнатуды қолға алатындарын айтқан еді. Дәл қазір шамамен екі жүзден астам тұрғын үй иелері кеңжолақты интернет қызметін тұтынуға дайын, - деді бау-бақша серіктестігінің басшысы бізге.
Айтпақшы, ауыл тұрғындары үшін тағы бір басты мәселе бар екен. Жаңадан салынған ауыл мен үлкен жолдың ара қашықтығы 350 метрге жуық екен. Осы жолда шағын өзен бар. Тұрғындар өзеннен өтетін көпірді өз күшімен жөндеп алған. Алайда, су тасқыны бола қалған жағдайда ауылға қауіп төнуі мүмкін. «Қоянқұстықтар» осы көпір мен ауылға дейінгі 350 метр жолды жөндеуге әкімдік қол ұшын берсе дейді.
- Бізді "Egemen Qazaqstan" газетінен көмек сұрауға Іле ауданы әкімінің орынбасары С. Ерекешов қол қойған жауап хат мәжбүр етіп отыр. Шенеуніктің жауабына қарасақ, бау-бақша серіктестігінің аумағында тұратын адамдар үшін мемлекет тарапынан қандай да бір жәрдем күту әбестік екен. Өйткені, орынбасардың жауабында бау-бақша серіктестігінің мемлекет қарамағына жатпайтындығын, біз көтерген мәселе, оның ішінде көмек сұрап отырған 350 метр жол мен көпірді жөндеуге қаражат жоқтығын айтылыпты. Яғни, тұрғындар бұрыннан естіп келе жатқан жауыр жауап тағы айтылған. Адан әкімдігінің шығарып салма жауабына қанағаттанбағандықтан да біз облыс әкімі Амандық Баталовқа жүгінген болатынбыз. Бірақ, бұдан да нәтиже болмайтын сияқты, - дейді шарасыздықтан күйінген ауыл тұрғындары.
Жалпы, «Қоянқұс» бау-бақша серіктестігі құрылғалы бері ауылдың іргесі бірнеше есеге кеңейген екен. Қазір жаңа құрылыс аумағы Қоянқұс ауылының аумағымен қосылып, үлкен елді мекенге айналған. Ал серіктестік жеке кооператив болғанына қарамастан байырғы ауылдың есебіне кіретін үйлерді де су, жарық, газбен қамтуға кіріскен.
- «Қоянқұс» бау-бақша серіктестігі Алматы қаласы шекарасынан 1 км қашықта орналасқан. Қазіргі заманда өркениеттің іргесінде отырып, мемлекет қамқорлығын сезінбеу өкінішті. Өз күшімізге сенгеніміз дұрыс, өзгеге де қарайласқан орынды. Бірақ, атқарушы билік мұны білуі керек. Әлеуметтік мәселе шешілмесе ол қордаланып, шиеленісе түседі, дәл қазір біздің ауылда осы көрініс қалыптасты. Адамдар өз қаражатына ауыл проблемасын қашанға дейін шеше береді? Мысалы, ауыл тұрғындары өз күшімен салған ауыз су желісі мен электр жүйесіне ауыл әкімдігінің балансына кіретін 30 үйдің қосылуына рұхсат берген. Яғни, серіктестік 30 үйді сумен, жарықпен қамтып отыр. Өкінішке қарай, ауыл иелігіне кіретін кіші Абай көшесіндегі осы 30 үйдің жолын, су мен жарығын әкімдік қаражатына жөнделіп, қосылғаны жайында жоғарыға есеп берілген. Іс жүзінде олай болмаған. Бұған тұрғындар куә. Біз ақылдаса келе, Іле ауданы әкімі Бағдат Қарасаевқа өз талабымызды айтқан едік. Егер бау-бақша серіктестігіне мемлекеттен жәрдем болмаса, ауыл әкімінің балансына кіретін 30 үйге су мен жарық беруді тоқтатамыз, - дейді бау-бақша серіктестігінің төрайымы Гүлжиян Нұрғалиева.