Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Брифингтің бұл жолғы тақырыбы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысына арналды. Басқосудың бұл жолғы қонағы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев болды.
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Брифингтің бұл жолғы тақырыбы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысына арналды. Басқосудың бұл жолғы қонағы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев болды.
«Өздеріңізге белгілі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жол саласына қатысты әділ сын айтқан болатын. Қазіргі таңда жол саласында бірнеше проблемалар бар. Еліміздегі жалпы жолдардың 33 пайызы нашар деп айтуға болады. Олардың жөндеу жұмыстарының сапасын жақсарту керек. Ауыр жүк көліктері жолдарды бұзып жатыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарудамыз», деді Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев.
Жалпы министрлік биыл 5898 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен бірге, Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолында да қарқынды жұмыстар атқарылуда екен. Биыл жоспар бойынша 806 шақырымы салыну керек болса, бүгінгі таңда соның 710 шақырымы салынған. Министр қалған жол шақырымдарының жыл соңына дейін бітетіндігіне үмітті екенін жеткізді.
Президент тапсырмасымен Астана – Павлодар, Астана –Теміртау, Алматы – Қапшағай учаскелерінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жаңа технологияларға арналған 40 эксперименталды учаске бар. Мемлекет басшысы айтқан монолитті темір-бетон технологиясы қазір сынақтан өтіп жатыр. Қанатқақты жоба жақсы нәтиже көрсетуде.
«Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және бақылауды күшейту мақсатында басқару құрылымын өзгертіп, халықаралық сапа стандартын енгіздік. Құрылыс сапасын ФИДИК шарттарына сәйкес бақылауда ұстап отырмыз. Автомобиль жолдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеудеміз. Жүргізушілер мұндай режимде жолдың сапасын көре алады және өзінің маршрутын өзі жоспарлайтын болады», деді ол.
11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс саласында жаңа технологиялар енгізу есебінен күрделі шығындарды арзандату әрі сапасын арттыру бойынша жұмыстардың нашарлығын сынаған-ды. Бұл ретте министр Мемлекет басшысы айтқан жаңа технологияларға қатысты жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын баяндап берді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».