• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Тамыз, 2020

Жол бойын жайлаған жайсыздық

342 рет
көрсетілді

Бүгінде республикалық маңызы бар жолдар бойында 2 мыңнан астам сервис нысандары орналасқан. Өкінішке қарай, оның жартысына жуығы ғана ұлттық стандарттар талаптарына жауап береді. Қалғанында санитарлық-гигиеналық, қолжетімді қызмет көрсету жайы төмен, басқа да кемшіліктері көп. Сапасы сын көтермейтін нысандар Солтүстік Қазақстан облысында да аз емес.

 

Айтбаев айтқанын істемеді

Өңірдегі жолдардың бойында орна­лас­қан қызмет көрсету орындарының жұ­мысы жолаушылар көңілінен шыға бермейтіні көптен бері айтылып келеді. Бұл мәселе былтыр облыс әкімдігінің отырысында арнайы қаралып, сол жиын­да есеп берген «Қазавтожол ҰК» АҚ жер­гілікті филиалының директоры Болат­бек Айтбаев жыл соңына дейін республикалық маңызға ие авто­жол­дардың бойы толық ретке келті­рілетініне, ауқымды жобалар дәретхана орнатудан басталатынына сендірген болатын.

– Дәретханалар алдымен Покровка, Драгомировка, Рощинское, Чкалово, Кішкенекөл елді мекендерінің, Булаев, Мамлютка қалаларының және «Жаңажол» мен «Қарақоға» шекаралық өткізу бекет­терінің жанында тұрғызылады. Оның бәрін инвестициялық қаражатқа салуды жоспарлап отырмыз. Кейін бұл нысандарды өз қаржымызға күтіп ұстайтын боламыз, – деген еді Б.Айтбаев.

Алайда сынға ұшыраған сервистік қызметтің сапасы енді жақсарады деген елдің үміт ақталмады. Тіпті өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың стандартқа сәйкес келмейтін нысандарды жаңаша қалыпқа келтіру немесе сүріп тастау туралы тапсырмасы да орындалмады. Жаңғырту шаралары «Көкшетау-Омбы» автожолы Чкалово елді мекені маңында «Kaz Way» жол павильонын тұрғызып, жылы дәретхана, автобус аялдамасын орнатумен ғана шектелді.

Әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе таяуда әкімдіктің кеңейтілген отырысында тағы да талқыланып, трасса­лардың маңайындағы қызмет көрсету нысандарының сапасы өткір сынға алынды. Бүгінде сол маңдағы 128 нысанның 37-сі ғана стандартқа сай келеді. Б.Айт­баев орын алған олқылықтарды түзе­ту үшін кәсіп иелеріне 43 өтінім хат жібе­рілгенін, одан айтарлықтай қорытынды шықпағанын, өйткені нақты шара қол­дануға аудан әкіміктері ғана құқылы еке­нін жеткізді.

– Соңғы үш жылда ғана 2198 шақырым жол жөнделіп, бұл мақсатқа 92,5 млрд теңге бағытталды. Сөйтіп 133 елді мекен­нің 95 мыңға жуық халқына жақсы жолмен жүруге жағдай жасалды. Бірақ дүкен, дәмханаларда, қонақүйлерде, кемпингтерде оң өзгерістер байқалар емес. Осыдан көп жыл бұрын еш талғамсыз салынған нысандар үйшікке ұқсайды, сол өзгермеген қалпында тұр. Біз оларды әлі күнге дейін не жөндете, не жаптыра алмай отырмыз. Айналасы лас, тазалық сақталмайды. Та­мақ қалай әзірленетіні белгісіз. Мұндай кемшіліктерге енді төзуге болмайды, – деген Құмар Іргебайұлы аппарат басшысына жергілікті жерлерде тексерулер жүргізуді, заңға мойынұсынбайтындарды анықтап, жазалауды тапсырды.

 

Түйіні тарқатылмауының да себебі бар

М.Жұмабаев ауданында бір меншік иесіне қазан айынан бері «іздеу» жарияланып, таптырмай жүрсе керек. Осыған дейін құқық қорғау органдарының, санитарлық қызметтердің белсенділік танытпағаны, жоғарыдан бұйрық күтіп, дәрменсіздік көрсетіп келгені қайран қалдырады. Әйтпесе нақты аты-жөні де, тұрағы да белгілі дәмхана иесі ұстатпай жүр дегенге кім сенеді?! Құрылыс жүр­гі­зуде жіберген заңсыздықтары үшін «Петро­павл прогресс» ЖШС-на 1 млн 100 мың теңге мөлшерінде айып­­пұл салынған. Сот шешімімен жер телім­дерін жалға алу туралы шарт кү­шін жойған. «Р.А.Арсланов» жеке кәсіп­керлігіне тиесілі дәмхананың жұмысы тоқтатылған. «Анықтау», «жазаға тарту» мәсе­лесіне қатысты аудан­­дағы ахуал­ осы екі мысалмен ғана шек­тел­ге­ніне қарағанда басқа дерек те жоқ сы­ңай­лы. Жауапкершіліктің босаңсуы, бақы­лау­дың, талап қоюдың аздығы өзге аудан­дарда да кездеседі.

Айтыла-айтыла әбден құлақ сарсыған, көптен қордаланып қалған проблеманың түйіні неге тарқатылмай келеді? Осы сауал­ды «Қазавтожол ҰК» АҚ-ның жергі­лікті филиалының басшысына қойған едік. Б.Айтбаев былай деп жа­уап берді:

– Осыдан бес жыл бұрын Инвестиция және даму министрлігі жол бойындағы сервис нысандарының ұлттық стандарттарын бекітіп, қолданысқа енгізді. Ондағы мақсат – қазіргі заманғы жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз ету. Географиялық орналасуына, жердің шалғайлығына орай бірнеше санатқа бөлінген стандарттар бойынша әрбір 50 шақырым сайын үшінші санаттағы нысандар (жанар-жағармай құю, тамақтану орны, автотұрақ, техникалық қызмет көрсету стансасы) орналасуға тиіс. Сер­­вис­ке қатысты сын-ескертпелер әр санатқа қойылатын өзіндік шарт-талап­тарды сақтамаудан туындайды. Бұл кем­шілік барлық облыстарға тән. Елімізде 900-дей дәретхана жабдықталмаған. Жартысына жуығы дәмханалар мен қонақүйлерге бекітіліп берілмеген. Жаңа талаптарға бейімделу ісі қаражатқа келіп тіреледі. Инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тарту жергілікті атқарушы органдардың міндетіне кірсе, нысандарды тұрғызу меншік иесінің мойнында. Ауылда тұратын кәсіпкер қомақты қаржыны қайдан табады? Қалталы инвестордың келісім беру-бермеуі екіта­лай, – дейді Б. Айтбаев. Осы және басқа себептерге байланысты жол бойындағы сер­вистік кешендерді ұлттық стандарт­тар талаптарына сәйкестендіру көрсет­кіші төмен. Ауыз су жеткізудің өзі үл­кен машақат. Кей дәмханаларда ішкі дәрет­хана бар деген аты ғана. Жұмыс істемейді. Жолаушыларға қажетті жағ­дай жасалмай отырғанын біле тұра, көрпеге қарай көсілуге тура келеді. Б.Айтбаевтың айтуынша, «С» санатына 25 тамақтандыру орны, «Д» санатына 12 жанар-жағармай бекеті ғана жатады. 91 нысанның сапасы ешқандай сын көтермейді.

Тауарлар мен көрсетілетін қызмет­тердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің осы салаға жауапты бөлімнің меңгерушісі Гүлнара Сейі­това­мен хабарласқан едік, «Былтыр біз­дің тарапымыздан бірде-бір тексеру ұйымдастырылған жоқ. Кәсіпкерлік туралы заң ондай құқықтан айырып отыр. Прокуратура арқылы арыз-шағым түскені жайлы фактілер тіркелмеді», деп сөзді қысқа қайырды.

 

Кәсіпкерлердің қолы қысқа

Соңғы екі жылда ұлттық стандартқа сәй­кес келетін сервистердің үлесі Қа­зақ­­станда 33 пайыздан 47 пайызға өс­кенімен, қызмет көрсетудің кешенді түр­лері әлі жеткіліксіз. 2020 жылға дейін респуб­ликалық маңызы бар автомо­биль жолдары бойында жұмыс істеп тұр­ған дәретханалар үлгісінде жаңа сани­тарлық-гигиеналық тораптар орнату жос­парланған, біздің облыс­та бұл жоқтың қасы. Ескілері жарамсыз. Бар деген аты ғана, мүлдем пайдаланылмайды десе де бо­ла­ды. Тек тексерушілер келгенде ғана «іске қосып» алдарқатудың бір амалын жа­сап бағады.

Шалғайдағы сервистік қызметті бы­­лай қояйық, облыс орталығындағы бұл сала да жаңғыртуды қажет етеді. Мә­се­лен, Омбы трассасына шыға беріс қиы­лыста құрқылтайдың ұясындай ғана жерде орналасқан «Эталон» жанар-жағармай бекетінде сауда нүктесі бар. Жолаушылар үшін ішінде де, сыртында да дәретхана жоқ. Жанар-жағармай бекетінде де осы көрініс. Осы жолдың бойында тағы бір жанар-жағармай беке­тінде жағдай біршама тәуірлеу. Дала­да екі, іште бір дәретхана бар. Суды 400 литрлік кеспекке құйып қойған. Жоқтан тәуір. Тығырықтан шығудың жолы ғой. Оператор Жанұзақ Кәкімовтың айтуына қарағанда, бұрынғы көлік жуу ныса­нының орны кеңейіп, асфальт төселгеннен кейін сервистік қызмет сапасы да жақсаруы тиіс.

 

Осы мәселе бойынша бірнеше кәсіпкермен тілдескен едік

– «Қазавтожол ұлттық компаниясы жол бойындағы дәретхана мәселесін шешу үшін инвестициялық конкурс жариялаған, соның шарттарымен танысып шықтым. Жалғыз дәретханамен шектелмей, басқа да сервис нүктелерін ашуды ойлағаныммен, «әттең, тонның келтесі-ай» демекші, қалта жұқа. Жап-жақсы жобаны жүзеге асыруға қомақты қаражат керек. Күтіп-ұстау шы­ғындарын есептеп көрсем, шашым шақ келмейді екен. Сол себепті қатысудан бас тарттым. Жаңа талаптардың қойылғанына еш қарсылық жоқ. Бірақ «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бизнестің дамуына да алғышарт жасалғаны ләзім. Меніңше, ауылдық кәсіпкерлер үшін жеңілдікті несиелер қарастырылғаны жөн,– дейді аты-жөнін атамауды өтінген шағын бизнес өкілдерінің бірі.

Қысқасы, «Қазавтожол ҰК» АҚ-ы мен аудандық әкімдіктер бірлесіп, алдымен ұлттық стандартпен үндесетін нысандар тізбесін айқындағаны абзал сияқты. Содан кейін ғана елді мекендерге жақын жерлерде орналасқан қызмет көрсету нысандарының А,В,С,Д, санаттарының талаптарына қаншалықты сай екенін тексеріп, инвентаризация жүргізіп, бұзу немесе жабу керектігін саралағаны жөн. Үлгілік бизнес жоспар ұсынушыларға жер телімдері бірінші кезекте беріліп, өзге де ынталандыру жолдары қарастырылса, артықтық етпесі анық. Ал өз ісіне жүрдім-бардым қараған сервис иелеріне қатаң талап қойылып, кәсіп ашуға жібермеу секілді ақтық шараларға дейін қолданылса, «мен салар да, сен салар, атқа жемді кім салардың» кері болмас еді. Әзірге жалпылама сөз көп, тындырылған іс аз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы