Президенттік жастар кадрлық резерві жобасына қатысқан он мыңнан астам жастың арасынан оза шауып, байқау кезеңдерінен сүрінбей өткендердің арасында ағалы-інілі Олжас пен Алмас Сәкеновтер де бар. Таяуда Алмасты әңгімеге тартудың сәті түсті. Ол бүгінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасының экономика, денсаулық сақтау мемлекет-жекеменшік әріптестігінің маманы.
Біздің кейіпкеріміз Алмас Көкшетау қаласында 1985 жылы дүниеге келіпті. 2003 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін дәрігер болсам деген арманы жетелеп, ұлттық бірыңғай тест тапсырған екен. Алайда тест қорытындысы бойынша жинаған ұпайы Астана медицина университетіне грантқа түсуге жетпей қалады. Мұндай сәтсіздікке мойымаған ол құжаттарын Көкшетаудағы медициналық колледжге тапсырып, грантқа ілігеді. Осылайша, елордада оқысам деген арманы орындалмастай көрінген-ді. Бірақ алған бетінен қайтпайтын Алмас келер жылы тағы да ұлттық бірыңғай тест тапсырады.
– Медициналық колледжде бірінші курсты өте жақсы аяқтадым. Содан кейін жазғы демалыста дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырдым. Бұл жолы жолым болып, «Педиатрия» мамандығы бойынша Астана медицина университетіне грантқа 2004 жылы түсіп, 2011 жылы сәтті бітірдім. Екінші жоғары білімді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Менеджмент саласы бойынша алдым, – дейді ол.
Алмас кейіннен білімін жалғастыру мақсатында 2016 жылы Ұлыбританияның Эссекс университетіне оқуға түсіп, онда жобаларды басқару саласы бойынша магистр дәрежесін иеленді. Біздің кейіпкеріміз Президенттік жастар кадрлық резервін тиімді жоба деп есептейді. Өйткені оған тапсырып, оза шапқандар кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін жастар. Яғни олар жалындап тұрған шағында елдің дамуына күш салуға дайын.
– Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен жігіттер мен қыздардың орташа жасы 32 мен 33 арасы. Бұл нені білдіреді? Яғни олар кемінде 8-9 жыл жұмыс тәжірибесі бар мамандар. Әрине кейбіреулерінде жұмыс өтілі аз шығар. Қазақта «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал аламайды», деген мақал бар ғой. Ендеше, 30 жас – толысқан ақылдың нағыз нәтиже беретін кезеңі. Ал Президенттік жастар кадрлық резервке өткен жігіттер мен қыздар егеменді мемлекетіміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру үшін лапылдап дайын тұр. Президенттік жастар кадрлық резерві қаншалықты тиімді жоба екенін уақыт көрсетеді. Таяуда осы жобаға өткендердің 150-і жаңа қызмет иеленіпті. Негізі олар үздік жастар болғандықтан, былайғы уақытта да сол лауазымға тағайындалуы әбден ықтимал еді. Дегенмен Президенттік жастар кадрлық резерві оларға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда үздік шыққан 300-дің арасынан шамамен оншақты жас «А» санаттағы мемлекеттік лауазымдарға жұмысқа орналасқан. Бұл – сол жастардың 3,3 пайызы. Мұны мен не үшін айтып отырмын? Бәрімізді «бастық» қылу қажет емес. Мемлекетімізге жаңа бағдар беру үшін, оны әрі қарай цифрландыру және экономиканы жақсарту үшін лауазымды орындарда жаңа форматты адамдардың көп болуы қажет, – дейді Алмас.
Алмасқа «Тұманды Альбиондағы» оқуын тәмамдаған соң, сол жақта қалып жұмыс істеуге мүмкіндік туған. Алайда Алмас өз елінде еңбек етуді жөн көреді.
– Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, қолымнан келгенше елге пайдамыз тиіп қалар деген оймен осы жобаға құжатымды тапсырдым. Әрине ең басында осы жобаға халық арасында сенімсіздікпен қарағандар табылды. Қазіргі таңда іріктеу процесі 100 пайыз ашық өтті деп айта аламын. Оған әрбір іріктеу кезеңдерінде видео мен аудио жазбалары дәлел, – дейді Алмас.
Бүгінде кадрлық резервке өткен жастар арасында өзара байланыс орнатылған. Олар басы қосылған кезде мемлекеттік мәселелерді талқылап отырады. Әр сала бойынша топтар құрып, ұсыныстары мен тілектерін әзірлейді. Уақыты келгенде мұны тиісті мекемелерге ұсынбақ. Алмастың айтуынша, жобалардың басым көпшілігі әзірге бастапқы кезеңде.
Алмас өз отбасындағы екінші ұл. Оның Олжас деген ағасы және екі інісі бар. Олжас қазақ мектебінің түлегі. Ол Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін Тарих, экономика және құқық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі жылдай ұстаздық етіп, кейіннен маркетинг, адам капиталын дамыту, мемлекет-жекеменшік әріптeстігі жобалары бойынша жұмыс істеген. 2018 жылы АҚШ-та халықаралық білім беруді дамыту мамандығының магистрі атанды.
Бір қызығы, Олжас та Президенттік жастар кадрлық резервіне енді. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жобаға өткен 300 жастың кездесуінде Олжас Сәкенов сөз сөйлеп, өзінің ойымен бөліскен-ді.
– Біз қарапайым отбасынан шыққанбыз. Әкеміздің бақиға аттанғанына 19 жыл толды. Өз күшімізбен шетелдерде білім алып, елімізге қызмет жасап жүрміз. Ағам АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде білім саласы бойынша магистр атағын алған. Қазіргі таңда BTC Education компаниясында жұмыс істеп жүр. Ағамның білімі мен жұмыс тәжірибесі мол, – дейді Алмас.
Еңбек жолын студенттік кезінен бастаған кейіпкеріміз өз саласының көптеген сатысынан өткен.
– Әуелгі кезде №1 қалалық аурухананың Неврология мен артериялық гипертензия бөлімінде санитар болып жұмыс істедім. Одан кейін 2011 жылы жоғары білімді алған соң, денсаулық сақтау саласына келдім. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты бірқатар ұйымда еңбек еттім. Сондай-ақ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» жобасының экономика, денсаулық сақтау және мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту маманы ретінде жұмыс істедім, – дейді ол.