Сәтімен жүзеге асқан «100 жаңа есім» жобасы жастар арасындағы ғана емес, жалпақ елге танымал шараға айналғаны анық. Әуелгіде Тәуелсіздік жылдарында қанат қаққан талантты жастарды таныту мақсатында бастау алған жоба қазір жалпыхалықтық идеяға ұласып, қазіргі заманның үздік көшбасшыларын анықтауға қызмет ете бастады.
Жалпы, жобаның өзі ел дамуына үлесін қосып жүрген кейінгі буын өкілдерін насихаттау, олардың еңбек тәжірибесін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған болатын. Қазір бұл мақсат толығымен ақталып, «100 жаңа есім» қатары жыл сайын толығып келеді. Яғни ел үмітін ақтайтын жастардың саны да өсіп отыр деген сөз. «Осы жоба арқылы түрлі салада Қазақстанда дарынды жастар бар екенін көрсеткіміз келеді. Бүгінде олардың табысты тәжірибесі көптеп кездеседі. Өкінішке қарай, күнделікті өмірдегі қарбалас жұмыстармен осы адамдарды байқамай жүруіміз мүмкін. Сондықтан бұл адамдардың табысты еңбек тәжірибесімен мақтанатынымызды көрсеткеніміз жөн» деген болатын жоба маңыздылығы жайында айтқан сөзінде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Дәурен Абаев.
Жобаға қатысып, жеңімпаз атанғандар қатары Жетісу жастары арасында да бар. Замандастарының арасынан топ жарған талантты, тағдырлы ұрпақтың қатарында аймақтың әлеуметтік – экономикалық, рухани дамуына үлес қосып жүрген көшбасшылар тұр. Солардың бірі – Елдар Сапаров. Елдар «100 жаңа есім – 2019» жобасының жеңімпазы. Елдар ол кезде облыстық Азаматтық Альянс ұйымына жетекшілік ететін. Аймақтағы қоғамдық ұйымдардың басын қосатын бұл ұйым түрлі саладағы белсенділерді ортақ идеяға жұмылдырып, елдің дамуына үлес қосып жүр. Жобаға қатысуға ұсыныс түскенде Елдарды осы қоғамдық ұйымның қатысушылары бірден қолдаған. Бұл жас маманға қоғам белсенділері тарапынан жүктелген сенім ғана емес, оның іскерлігіне берілген баға мен құрметтің белгісі де еді. Нәтижесінде, Елдар Сапаров «100 жаңа есім» жобасында басым дауыспен жеңіске жетіп, жетісулықтардың үмітін ақтады. Қазір Елдар облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі болып қызметке келді. Қоғамдық ұйымдарды ортақ мүддеге жұмылдырып, жұмысын дөңгелетіп әкеткен жас маманға енді сарапшылық бағыттағы жұмысты жалғастыру міндеті жүктелген. Айтпақшы, Елдар Талдықорған қалалық мәслихатының ең жас депутаты екен. Өз қатарынан озған Елдармен аз-кем тілдестік.
– Елдар, бір сұхбатыңда «100 жаңа есім» жобасы маған жеңіс қана емес, жауапкершілік те жүктейді» деген ой айтыпсың, қазір қоғам алдындағы ұстанымдарың өзгеріп, жұмысты жаңа қырынан жүргізу мүмкіндігі болды ма?
– Кез келген істегі жеңістен кейін, мойынға артылған жүктің салмағы екі есеге ауырлайды. Бұл – заңдылық. Осыдан барып, қоғам алдындағы міндетің айшықталады емес пе? Менің ұстанған ұстанымым негізгі бағыттан айныған жоқ. Тек қана, маңыздылығы артты. Әрдайым ұсынған идея мықты болса, кез келген істі жаңа қырынан алып жүруге болады.
– Талдықорған қаласындағы ең жас мәслихат депутаты екенсің. Сайлаушылар алдындағы міндет пен парызды қалай өтеп жүрсің? Жалпы, мәслихаттарға жастар көптеп келуі керек пе?
– Жастар атынан мені депутаттыққа лайықты деп таныды. Бұл да мақтаныштан бұрын үлкен сын болды. Өйткені бұл жерде тек менің емес барша облыс жасарының имиджі тұр деп ойлаймын. Міндет пен парызымды қай деңгейде атқарып жатқаным сырт көзге белгілі. «Ақылды ақылдымын десе, оның ақымақтығы» деген сөз бар ғой, өзімді мақтаудан аулақпын. Дегенмен әр салаға жастардың келгені дұрыс. Өзгеше бағыт, жаңа сарын алып келеді ғой. Демек, алға жылжу болады.
– «Президенттік жастар кадрлық резерві» деген бастама бар, таңдау түскен жастардың алғашқы легі мемлекет қызметіне келді. Жалпы, саяси билікке жаңа көзқарастағы, креативті жастар келуі қандай өзгеріс әкеледі?
– Жастардың саясатқа келуі алдымен қоғамды жаңашылдыққа алып келеді. Ескі, қатып қалған стандарттардан арыламыз деген ойдамын. Жылдамдық пен шапшаңдық алдыңғы орынға шығып, жаңа технологиялар маңызды орынға ие болып, елге қолайлы жаңа даму дәуірі қалыптасады.
– Мақсатқа жету үшін үміткер жасқа қандай қасиет керек?
– Мақсатқа жету үшін алдымен шыдамдылық және әрекет қажет. Осы екеуі жастардың басты арқа сүйейтін күші болуы шарт сынды меніңше. Ал қалғаны тәжірибемен келеді.
Жалпы, қазақтың бағзыда айтқан «Қатарыңнын алды бол» деген баталы сөзі бүгінгі «100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға қарата айтылғандай. Өйткені ісімен үлгі, ойымен озық жас – елдің ертеңі. Өскелең ұрпақтың өнегелі жолмен дамуы мемлекеттің іргесін нықтап, келешекке деген сенімді бекітеді. Ал болашақ ел қызметшісінің алдыңғы сапында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары жүргені ол сенімді екі еселейтіні және аян.
Алматы облысы