Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 13 қылмыстық топты ұстап, жолын кескен. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады Egemen.kz
Түркістан облысы Полиция департаментінің жедел-қызметтік жұмысының басым бағыттарының бірі бөтен мүлікті ұрлаудың, оның ішінде мал ұрлығының алдын алу және жолын кесу болып табылады. Бұл бағыттағы негізгі іс-шаралар 2018-2020 жылдарға арналған "бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл" ведомстволық бағдарламасы жоспарының тармақтарын орындау шеңберінде іске асырылуда.
Жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Түркістан облысында мал ұрлығының жалпы саны 30,1% (365-тен 255-ке дейін) төмендеген. Мал ұрлығының ауыр түрлерінің ашылуы 71,7%-дан 78,6%-ға дейін жақсарды, ал орташа ауырлықтағы мал ұрлығын тіркеу 48,8% –ға төмендеді (297-ден 152-ге дейін). Осы аралықта полицейлері 77 мал ұрлығына қатысы бар 35 адамнан құрылған 13 қылмыстық топты ұстады.
Мысалы, криминалдық полиция қызметкерлері 2020 жылдың мамыр айында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Түркістан және Кентау қалаларының аумағында үш жыл бойы мал ұрлаумен айналысқан бес адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Тергеу қылмыстық топтың 19 мал ұрлығына қатыстылығын дәлелдеді. Олар барлығы 125 жылқы мен 30 бас ірі қара малды жымқырған. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілерден 19 жылқы мен тоғыз сиыр тәркіленіп алынды.
Барымташылардың тағы бір қылмыстық тобы маусым айында ұсталды. Жеті адамнан тұратын қылмыстық топ облыстың үш ауданы: Қазығұрт, Сарыағаш және Төлеби аудандарында мал ұрлығын кәсіп еткен. Полицейлер күдіктілердің 264 бас жылқыларды ұрлап, мал ұрлығының 16 жайтына қатысы барын анықтады. Айғақты зат ретінде күдіктілерден 69 бас жылқы тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық істердің жинақталған материалдары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар, Түркістан облысының полициясында мал ұрлығының алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаменті басшылығының қатысуымен халықпен жиындар өткізу тәжірибесі енгізілді. Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторларының халықпен 375 кездесуі өткізілді, оның ішінде 148-і полиция органдары басшыларының қатысуымен. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарымен мал ұрлығының алдын алу бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Онда мал басын анықтаудан және ұжымдық жайылымды ұйымдастырудан бастап, қазіргі заманғы технологиялық құралдарды қолдануға дейін айтылуда. "Мал иесі – жергілікті атқарушы орган – бақташы" үш жақты келісім-шарт жасау жобасы аясында 5,5 мыңнан астам келісім-шартқа қол қойылды.
Түркістан облысы ПД-нің полицейлері үй малдарын ұстау және сату орындарында құқықбұзушылықтарды анықтау, үй малдарын тасымалдаумен айналысатын автокөліктерді, оның ішінде республикалық маңызы бар трассаларда бақылау және тексеру бойынша тұрақты негізде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзғаны және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін учаскелік инспекторлар 700-ден астам тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.