• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Тамыз, 2020

Әзіл әдебі

1043 рет
көрсетілді

Бірде қазақ радиосын қосып қалып едік, сатира сардары Көпен аға күлдіріп әңгімесін аяқтап жатыр: «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім». Дәл айтылған диагноз деп қалдық. Кө­пе­кең бұл жерде жалпы адамзаттық күл­кі турасында емес, қазақ әзілінің қазір­гі әдебі тұрғысында ой түйіндегеніне еш күмә­німіз жоқ. Сатирик сөзінен аңда­ғаны­мыздай, жымиып қана күлетін қазақ жүзін­дегі әдемі күлкі бүгінде бос ыржыңға айналған.

Жалпы, қазекеңді күлкінің пәлсапасына тым әріден қараған бірегей ұлт дейтін едік. Рия­­сыз күлкі, ащы күлкі, мысқыл, орынсыз күл­кі, кекесін, дарақы күлкі, жымию, езу тарту, күлімсіреу, қарқылдау деп бір ғана күлкі­нің өзін жіктеп-жіліктеп тастайтын жұрт сол күл­кіні бүгінде бұлай ажыратудан алшақ­тап қалған.

Абай хакімнің «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген сөзін жаттап өскендей едік. Қазақ мақал-мәтелдері де күлкі тақырыбын айналып өтпейді. Солардың ішіндегі қатаң ескертілген, қайталап айтқызбағаның жөн бір мақал: «Қатынның қары күлегеш, еркектің қоры күлегеш».

«Оны түсінетін бала қайда» дегендей, бүгінде не болса соған күліп кеткеніміз өтірік емес. Үйде де күлеміз, түзде де күлеміз. Ойда да күлеміз, тойда да күлеміз. Сол ес-түссіз күл­ген бетіміз бүкіл рухани әлемімізді, концерт сахналарын дейсіз бе, көгілдір экрандарды дейсіз бе, даңғой дарақы күлкіге толтырып тас­тағанымызды өзіміз де байқамай қалған сияқтымыз.

Қазақ сахарасында, оның ішінде Арқа жазығында күлкінің дәстүрлі үлкен мектебі өткенін осы күні қайсымыз айта алғандаймыз. Қалың қаракесектің Шаншар абызынан тарайтын жұртты Шаншардың қулары деп атаған. Бойларындағы қуақы мінездерімен, өткір сықақ-келемеждерімен, шанышпа, қа­ғыт­па,  әжуа-қалжыңдарымен халық арасында үлкен беделге ие болған тұқым. Кезінде Теке­бай,  Қантай, Тонтай, Торсықбай сияқты қулар ел есінде әділ әзілдерімен қалыпты. Ұлы Абайдың нағашылары туралы сөз еткенде тура осы Шаншарлардың еліне соғамыз. Едірей, Егіндібұлақ, Балқантаудың етегіндегі Қу болысының Шаншарлары туралы айтып бастаймыз.  Мұхтар Әуезов бұл тұқым жайлы: «Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан Қантай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет – Бертіс, Шаншар руы­на түгел жа­йыл­ған мінез. Осы Шаншардың бұрын-соңды заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы – Тонтай. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі боп кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құра­лады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар – қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думан, ұдайы қызық күлдіргісі. Осы Тонтайдың інісі Тұрпаннан  туған әйел бала – Ұлжан. Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қал­жың­шылдығы әбден белгілі болған: ... кесек қалжың, әжуаға да Ұлжан көнтерлі, созырлы, тапқыр болған...» дейді.

Қатты сырқаттанып, үшкіртуге тағы молла шақыртпақ болған бала-немерелеріне сол Тонтай: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас» деп өз бетін өзі жауыпты.

Міне, қазақ күлкісінің терең қойнауы, қазақ күлкісінің қатпар-қатпар әдебі, ішкі философиясы. Жалпы, біз білетін өмір формуласы бойынша өмірге жылап келіп, жылап кетуіміз керек еді. Тонтай жылап келіп, күліп кетеді. Мұ­ны қартайған Қиясбай қыр басында бала-шағамен ойнап тұрып Абай хакімге: –– Абай аға, осы адам баласы анасынан жылап туа ма, күліп туа ма? – дейді. Бұған Абай: – Күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой, – деп жа­уап қайтарды. – Олай болса, – деді Қиясбай, – дүниеге жылап келген адам баласы, күліп өлмейді. Сондықтан бұл фәниге кейіспен келген пенденің, алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай, өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба? – депті.

Мұндай түбі терең күлкілі картиналарды «Абай жолынан» көптеп кездестіруге болады. Бір ғана Жұман қырттың әңгімелері қазақтың кем-кетік мінезін түгендеп, қолыңа ұстатқандай емес пе? Одан бөлек Арқаның екінші бір қиырындағы атақты Жынды Ысқақтың марқұм Ақселеу Сейдімбек аға­мыз жазып қалдырып кеткен бейпіл сөздері неге тұрады?

Ешбір қазынамызды қорып жүрген жұртқа ұқсамай ыржиямыз. Иә, күлкінің тағы бір түрі қалып барады екен ғой, ыржа­лақтау... Тіпті ыңғайсыздау күлкі...

Жастау күнімізде кішкентай баланы қытық­тап, күлдіріп ойнатсақ үлкендер: – Қойыңдар, баланы қатты күлдіртуге болмайды, шегі түйіліп қалады, – деп тыйып отыратын.

Қазақ та әлжуаз жас сәби сияқты нәзік. Көп күлдірте бермейік, көп күле бермейік.

Ойлы әзілге орын әркезде бар.