Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысында жұмыс сапарымен жүр. Сенатор мемлекеттік мекемелердің және әлеуметтік нысандардың басшыларымен кездесті.
Медициналық сақтандыру қоры өңірлік филиалының директоры Нұрлан Қасимов сенаторға Қор қызметі туралы баяндады. Жалпы өңірде медициналық көмек көрсетуге 60,6 млрд теңге, коронавируспен күреске 2,3 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Қор медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Осы жылдың төрт айында облыс дәрігерлеріне жалпы сомасы 1,7 млрд теңге төленген. Қор сонымен бірге өңір ауруханаларының жанынан мобильді бригадалар құру шығындарын өтеуге қатысты міндеттемелерді өзіне алған. Сенатор пандемиямен күресте жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейту қажеттігін, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында тұрғындармен кері байланысты одан әрі дамытудың маңызын атап өтті.
Н.Нұрсипатов сапар барысында бірнеше облыс аудандарында және Екібастұз қаласында болды. Әуелі жергілікті ауруханалар мен дәріхана желілерінің дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу мақсатымен аталған нысандарды барып көрді. Депутат медициналық мекемелерде болып, қызметкерлермен және жергілікті тұрғындармен тілдесті. Екібастұз қаласының әкімімен және жергілікті мәслихат өкілдерімен кездесу өтті. Сенатор мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан спорт мектебінің жөндеу жұмыстарымен, көпқабатты тұрғын үй құрылысымен, сондай-ақ жаңадан ашылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.