Күллі әлемді шарлаған коронавирус дерті мені де айналып өтпеді. Әуелі Алланың, одан кейін ақ халатты абзал жандардың арқасында сол сырқаттан сауығып, аман-есен отбасымның жанына оралдым.
Менің аты-жөнім – Маржан Андекина. 48 жастамын. Алматы қаласының тұрғынымын. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың әкімшілігінде еңбек етемін. Үш баланың анасымын. 12 маусымда сырқаттанып қалдым. Дене қызуым көтеріліп, тынысым тарылды. Көк жөтел қысты. Өзімді әлсіз сезіндім. Алғашында суық тиген болар деп, аса мән бермедім. Үйде өзімше ем-дом қабылдадым. Бірақ одан оңала қоймадым. Керісінше, күн өткен сайын денсаулығым күрт нашарлай түсті. Содан 15 маусымда жедел жәрдем көлігін шақырттық. Дәрігерлер №12 қалалық ауруханаға жеткізіп, сол жерде тексерді. Сол арқылы коронавируске шалдыққаным анықталды.
Ауруханада қажетті ем-домның бәрін алдым. Бірден айта кетейін, онда түскен әр пациентке ақ халаттылар айрықша көңіл бөледі, сырқаттанған адамдардың сауығып кетуі үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалуда. Олар күні-түні тынымсыз еңбек етуде. Әсіресе бөлім меңгерушісі Марат Түгелұлы мен емдеуші дәрігер Асқар Оралханұлының білімі мен білігіне айрықша тәнті болдым. №12 қалалық аурухананың басқа да дәрігерлері мен медбикелеріне, санитарларына алғысым шексіз. Солардың кәсібилігі мен қамқорлығының арқасында бір апта ішінде өзімді жақсы сезініп, денсаулығым түзелді. Тағы екі апта дәрігерлердің қарауымен үйде емделдім. Қазір жағдайым жақсы. Аты жаман індеттен сауықтым. Отбасымның жанындамын, жұмысым жүріп жатыр.
Осы орайда, ел газеті арқылы ақ халатты абзал жандарға тағы бір алғысымды білдіріп қойсам, еш артықтығы жоқ деп ойлаймын.
Маржан АНДЕКИНА,
Алматы қаласының тұрғыны