Дертке шалдығып, амалы таусылғандардың ең алдымен дәрігерден дәрмен күтетіні анық қой. Шыққан тегі белгісіз осы індеттен адамдарды арашалап, аурудың алдын алуда бұл мамандық иелері мықтылық танытты.
Өзім Қызылорда облысы Жалағаш кентінің тұрғынымын. Жасым жетпістен асып барады. Аяқ астынан дем жетпей, екі өкпем қысып, осы аудандағы «Мәдениет» ауылынан ашылған провизорлық орталыққа есімді білмей түсіппін. Әуелгіде 5 күн бойы жансақтау бөлімінде жаттым. Реаниматолог Тимур Баджанов, Нұрболат Тәжмаханов бастаған дәрігерлер мен мейірбикелердің арқасында аз күнде жалпы палатаға шықтым.
Көтерілген қызу түсті, бойымды тіктеп жан-жағыма қарайтын жағдайға жеттім. Осыдан кейін де 10 күндей дәрігерлердің бақылауында болдым. Басын қатерге тіге жүріп қызмет етіп, жанына ауру батып келген әр адамға жылы сөзімен дем, дәрімен ем берген ауылдық аурухана ұжымына – Гүлсім Каюпова, Жамбыл Әбілқасымов, Батыр Іскендіров, Нұрболат Алмағанбетов, Жасұлан Сақыпбек, Бекзат Алтынбек, Раиса Абдуллаева, Сұлушаш Досыбек сынды ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз.
Қалилулла ӘБЖӘЛИЕВ,
зейнеткер
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы