Естеріңізде болса, 2020 жылдың 4 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында жойқын жарылыс болды. Жарылыс салдарынан жақын және бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттар қирап, көбі бүлінген. Олардың арасында Қазақстан елшілігінің ғимараты да бар. Осы оқиға кесірінен 5 мыңнан астам тұрғын жарақаттанған. Соңғы деректерге сенсек, жарылыстан 137 адам көз жұмды.
Оқиға орнынан түсірілген видеолар екі күннен бері интернет қолданушыларын дүрліктірді. Әсіресе, жарылыс болардан бірнеше минут бұрын ғана некелесіп, отбасылық видеоға түсіп жатқан қалыңдықтың бейнежазбасы кең таралды. Ақ көйлек киген көңілді ару камера алдында қылықты қалпында тұрған еді. Жүзіндегі күлкіден тыныштықтың, шексіз бақыттың табы байқалады. Кенет гүрс еткен дыбыс естілді. Абдырап қалған қалыңдық басын көтергені сол-ақ еді, жойқын соққы айналаның апыр-топырын шығарды. Жас-жұбайлар бұқпантайлап, жақын жердегі қонақ үйге қарай жүгіреді. Міне, осы бір көрініс оператордың камерасында сақталып қалған екен.