Әлемді жайлаған індеттің енді қандай «сыйы» бар екені бізге беймағлұм. Ал «екі апталық» карантин режімі ұзара келе міне, алтыншы айға ұласты. Медицинасы қарыштап дамыды деген елдердің өзі бүгінде алаң күй кешіп отыр. Дүние дағдарып, дүрдараз болып келген мемлекеттер бұл мәселеде мәмілеге келуге мәжбүр, қитұрқы кеселдің емі мен екпесін қосыла іздеп жатыр.
Бұрын болмаған вирусты жұқтыру да, одан сауығу да түрлі-түрлі ойға жетелейді. Ең қымбат деген дәрі-дәрмектердің өзі де дауа болмай, келместің кемесіне мініп кетіп жатқандарды көз көріп отыр. Керісінше, қарапайым препараттардан, анадан-мынадан тәуір болғандар да жеткілікті. Қысқасы, озық медициналық технологиялармен мұздай қаруланған елдердің өзі індет өршіген кезде вирустың құлқынын тани алмай, дәрменсіз болғанына куә болғанымыз рас.
Ал карантиндік режімнің өне бойында ең қат болған құрал қарапайым ғана маска болды. Алғашқыда қолда бар маскаларын қымбатқа сатып, жоқтары қолдан тігіп, пайда тапқандар болды. Әлі де құны шарықтап тұрған көпкиісті, тіпті дизайнерлік маскалар бар. Ақпан айында Францияда пандемия өрши бастағанда LVMN холдингіне қарасты, қымбат брендтер шығарып келген әлемге әйгілі Dior, Guerlain, Givenchy сынды элиталық компаниялар әтір орнына антибактериалды гель мен маска шығара бастаған-ды. LVMN тек ақпан айында 14 млрд еуро шығынға батқанына қарамастан, осындай шешім қабылдады. Бұрын-соңды холдинг тарихында болмаған орасан шығын оның президенті Бернард Арноға халқының қамы үшін осы қадамға баруға кедергі келтірген жоқ.
«Енді люкс брендті компаниялар өзінің қытайлық құрылымдары арқылы бетперде тігуге көшті. Осы сейсенбі күні екі ұшақ он миллиондай бетпердені Еуропаға жеткізді. Ендігі жерде Францияға апта сайын 10 миллиондай бетперде жеткізіліп отырмақ. Осындай түкке тұрғысыз бұйымдар аса қат болған кезде, ақша ешқандай рөл атқармай қалатынына көзіміз жетті», деп жазды Франциядағы қазақтар қауымдастығының президенті Берлин Иришев өзінің әлеуметтік парақшасында. Бұл – Еуропаның ең дамыған еліндегі маскаға қатысты бір ғана мысал.
Айта берсең, бетперденің жыры көп. Өйткені біздің түбегейлі өзгерген тіршілігімізде өзімізді сақтаудың ең тиімді жолы санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау мен маска тағу болып тұр.
Тіпті мамыр айының соңында Алматыда маскасыз жүргені үшін салынатын айыппұлдың ең үлкені – 1 млн 389 мың теңге болды. Бұл ірі кәсіп иелеріне, заңды тұлғаларға қатысты болатын. Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері карантин ережесін сақтауды талап ету үшін осындай қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болғанын білеміз.
Неге мұның барлығын жіпке тізгендей тәтпіштеп отырмыз? Осы жолдарды жазуға көзбен көріп, құлақпен естіген, тіпті жанымызға батқан екі жағдай түрткі болды. Қазір елімізде індет жұқтырғандардың ресми саны 95 мыңға жақындады. Бір әулет, бір отбасынан бір емес, бірнеше жақынын жер қойнына қатар тапсырып, қайғыдан қан жұтып отырғандар бар. Ұлтымыз аяулы тұлғаларынан айырылды. Бірақ соған қарамастан көпшілік орындар мен көшеде маска тағуға қарсы дауыс, қол жинап жүргендер кімнің өмірін сүріп отыр?
Таяуда дәріхана кезегінде тұрған едік. Дәрі сатып алушылар арақашықтық сақтауға және дәріханаға маскамен біртіндеп кіруге тиіс болғандықтан, күтуге тура келді. Ал дәріхана есігіне маскасыз кіруге болмайтыны тайға таңба басқандай жазылып тұр. Осы кезекке отыздың ар жақ, бер жағындағы маскасыз жігіт алқына жетіп, есіктегі жазуды көріп: «Өй әкең, бұл жерге де маска керек екен ғой» деп дағдарғандай тұрып қалды. Сосын алдында тұрған жиырмалардағы жігітке қарап: «Інішек, маскаңды бере тұршы-ей, тез кіріп бір дәрі сатып алып шығайын» деді басы істеп кеткеніне қуанып. Жұрт – таңғалып, демін ішіне тартып қарап тұр.
– Шынымен бере тұрайын ба? – деді «қайырымды» жігіт қарсыласпай.
– Иә, бере тұршы, бәле болды ғой осы маска деген!
Берді. Ол біреудің жуыла-жуыла түтесі шығып кеткен маскасын киіп, дәріханаға кіріп кетті. Керегін таппады ма, әлде іздегені тез табылды ма, көп бөгелген жоқ, дәріханадан жылдам шықты. Бетпердесін берген жігіт күтіп тұр. Ол қайтарып берді. Бұл қайта киіп алды.
Мұның атын не дейді? Біз кімбіз? Қайда бара жатырмыз?