Абай мұрасы мәңгілік тақырып. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның корроспендент-мүшесі Кенжехан МАТЫЖАНОВПЕН өрбіген сұхбатымызда хакім шығармаларын зерттеп-зерделеудің бүгінгі өрісі, саф мұраларды таным тұрғысынан саралау, таяу күндері жарыққа шығатын академиялық жинақтың мән-маңызы туралы орамды ойлар айтылды.
– Абай – тұтас ұлтқа жол сілтейтін бағдаршам болуы тиіс дегенді жиі айтамыз. Мың рет қайталанса да мына бір сұрақты қойғым келіп отыр. Сіздің ұғымыңыздағы Абай кім?
– «Әркімнің жүрегінде өз Абайы бар» деген ұғым тұрғысынан келетін болсақ, мен үшін Абай күнделікті жанымнан табылатын сырласым. Жаным жабырқап жай таба алмасам да, шарқ ұрып, әлдененені іздесем де Абай төрелігіне жүгінем. Санадағы сан сауалға жауап таба алмай сансырағанда да ақылшым – Абай. Ағайыныңнан да, досыңнан да, дұшпаныңнан да көңілің қалып, құлазығанда мұңдасарым – сол. Бір іске тәуекел етіп, қияға қол созғанда да қолтығыңнан демейтін – ақын сөзі. Кейде пендешілікке салынып, әсіре қызылға, бос мақтанға бой ұрғанда да «тәйт» деп тыйып тастайтын, тәубеңе келтіретін де – ғұлама өсиеттері. Меніңше, Абай – адамша өмір сүрудің үлгі-өнегесі. Егер таза жүрегіңмен қабылдап, ақылға салып, түйсініп оқысаң, бар сұрағыңа жауап табуға болады. Бүгінгі күннің де, ертеңгі келешектің де түйткілдерін таратуға жарайды. Бұл – менің ашып отырған жаңалығым емес, оны өткен ғасырдағы ұлт зиялылары да тамcана айтқан және бүгінгі Абайды тұшына оқып жүрген оқырманның қай-қайсысы болсын дәл солай айтады деп ойлаймын, тіпті асыра айтатынына сенімім кәміл. Мәселе, Абайдың «жалпақ жұрттың» рухани игілігіне айналуында. Әрбір қазақ Абайдың адамгершілік ұстанымымен өмір сүруге тырысатын болса, біздегі рухани жаңғыру әлдеқайда тиімді жүрген болар еді. Қазіргі жаһанға жар салып жатқан мерейтойдың да, соған қатысты шаралардың да түпкі мақсаты – Абайды бар қазақтың жүрегіне орнықтыру. Сонда ғана ол өзің айтып отырғандай «ұлтқа жөн сілтейтін бағдаршамға», ұлт руханиятының алтын тұғырына айналады.
– Абайды толық тану мерейлі датамен шектелетін шаруа емес. Абай әлемі зерттеп-зерделенген сайын жаңа қырынан ашыла беретін мәңгілік тақырып. Десе де хакімнің есімін асқақтатуға арналған жыл мұратына жете алды ма?
– Мерейтой, айналып келгенде, Абай мұрасын игерудің көрігін қыздыратын кезеңдік шаралар кешені ғана. Егер біз «Абай – мәңгілік» деген ұстанымға ұйыйтын болсақ, онда оны оқып-үйрену, зерделеу, санаға сіңіру, жүрекке тоқу мәселесі де үздіксіз, мәңгілік жүргізілуі керек және ол – біздің мемлекеттік идеологияның алтын тұғыры болуы қажет. Ал мерейтойда сол арнада атқарылған істер қорытындыланып, жүйеленіп, тың қарқын алып, келешекке жаңа міндеттер жүктеуі тиіс.
Абай жылын өткізуге республика бойынша 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланды. Өкінішке қарай, мынау аты жаман індет бұл бағдарламаның берекесін кетіріп жіберді ғой... Дегенмен осы бір қиын кезеңнің өзінде біршама жұмыстар атқарылды. Оның қорытындысын Мемлекеттік комиссия шығара жатар. Біз өзіміз жоспарлаған шаруаны шама-шарқымызша атқарып шықтық деп ойлаймын.
– Өзіңіз тізгінін ұстап отырған М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ақын тойына арнап құрастырған академиялық жинақ оқырман үшін ең үлкен олжа болды деп есептейміз. Осы бағалы еңбектің шығу барысы, мән-маңызы туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Егемендік алғаннан бері ел жаңарды, қоғам өзгерді, әлемдік өркениетке еркін араласып, рухани дүниеге жаңаша қараудың үлгісін тани бастадық, жаңа әдістемелер мен технологиялар тасқыны да ағылып келіп жатыр, елімізде тәуелсіз сана орнығып, рухани жаңғыру үстіндеміз.
Осының барлығы Абайдан қалған асыл мұраға мұқият қайта үңіліп, тың таным тұрғысынан саралауды қажет ететіні анық. Оның үстіне осы мерзім ішінде Абай мұрасына байланысты біраз мәселе қордаланып қалды. Мұратануға қатысты соны деректер, тың көзқарастар, зерттеу бағыттарының жаңа өрісі ашыла бастады. Кейінгі жылдары Абай заманына байланысты біршама архив деректері, алаш арыстарының еңбектері, көзкөргендердің естеліктері, шетел қазақтарынан табылған материалдар жарық көруде. Мәселен, тарихшы ғалым Амантай Исаұлы тауып жариялаған 1909 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Қазақ шиғырлары» (жырлары – ред.) деп аталатын жинақтан Абайдың сегіз өлеңінің табылуы елді елең еткізетін оқиға («Абай» журналы,1999, N1). Бұл – осы уақытқа дейін абайтану ғылымының назарына ілінбеген тың дерек. Оның үстіне, Абай мұрасын жинақтап, саралап, жүйелеп басып шығарудағы өз кезіндегі белесті еңбек болған ақынның екі томдық толық шығармалар жинағының жарияланғанына биыл жиырма бес жыл толды. Осы екі томдықтың өзінде жаңаша түсіндіретін жайлар, көшірмелерді оқуда кеткен «әттегенайлар», саясат ағынына қарай жасалған өзгертулер, баспа тарапынан кеткен еміле, тыныс белгілік қателіктер де аз емес еді. Міне, осының барлығы Абай шығармаларының жаңа академиялық толық шығармалар жинағын даярлауға түрткі болды. Сондықтан ұлы ақын мұрасына барынша кең текстологиялық зерттеулер жасай отырып, тың түсініктермен, мазмұнды материалдармен толықтырып, жаңа сарамен жүйелеп, оқырманға жаңа академиялық басылым даярлап ұсыну әдебиеттанушы ғалымдардың кезеңдік парызы болуы тиіс деген ниетпен осы жоба жүзеге асырылды.
– Әлемдік классиктердің академиялық басылымдары керемет болып шығып жатады ғой?! Біз сондай деңгейге жете аламыз ба?
– Дұрыс айтасың. Өркениетті елдерде академиялық жинақтар шығару ісі ежелден жүйелі жолға қойылған. Олар үшін әрбір классик қаламгердің академиялық толық шығармалар жинағының жарық көруі ұлт руханияты үшін үлкен мәдени құбылыс болып табылады. Мұндай басылымдарда қаламгердің барлық әдеби, сыни, публицистикалық, қызметтік, эпистолярлық мұрасының қолжазба және баспа мәтіндері толық текстологиялық салыстырулардан өткізіліп, дәйекті деректермен көмкеріліп, ғылыми-анықтамалық түсініктермен жарақталып, қалыпты ғылыми жүйеге түседі. Мәтінтану ғылымы тұрғысынан жете сарапталған академиялық басылым қаламгер шығармашылығы жөніндегі қоғамдық пікірді бір арнаға тоғыстырып, қалың оқырман қауымнан бастап, мектеп бағдарламалары мен оқулықтарын дайындаушыларға, жазушы шығармашылығын насихаттаушылар мен зерттеушілерге бағдаршам ретінде ұстанатын түпмәтінге баланады. Классикалық мәтіннің өмір сүруінің өрісін кеңейтіп, оның отандық және әлемдік мәдениеттегі орнын айқындайды. Қаламгердің түрлі мақсаттағы жаңа басылымдарына темірқазық болып, ұлттық сөздік қордың құнарлы мәйегіне айналады. Сондықтан әлемдік әдебиеттану ғылымында кемеңгер қаламгерлердің академиялық басылымын даярлауға ерекше мән беріледі.
Ұлы Абай шығармаларының бұл академиялық басылымы да осындай биік мақсаттың кезекті бір талпынысы ретінде жүзеге асырылып отыр.
– Жинақты даярлау ісінде қандай қиыншылықтар болды?
– Ақын шығармаларының толық жинағын даярлап басып шығару ісі қашанда қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары, аса күрделі шаруа болып келген және бола да бермек. Абай шығармаларына текстологиялық зерттеулер жүргізудің өзіндік күрделі объективті себептері бар.
Біріншіден, ақын мұрасының өз қолымен жазылып, хатқа түскен нұсқасының бізге жетпеуі және ақынның көзі тірісінде баспа бетін көрген шығармаларының да санаулы болуы бұл істегі ең үлкен түйткіл.
Екіншіден, Абай мұрасының бізге жеткен нұсқаларының барлығы дерлік ескі (қадымша) арап жазуында жазылған. Бұл уақытта қазақ тілінің төл еміле ережелері (А. Байтұрсынов әліпбиі шыққанға дейін) болмаған, бірнеше таңба бірігіп бір дыбысты беретін немесе дауысты дыбыстардың жазылмай қалатын жағдайлары өте көп еді. Оның үстіне араб, парсы тіліндегі сауаты әртүрлі адамдар қолымен, сол кезеңдегі Орталық Азиядағы түркі елдеріне ортақ «Шағатай» тілінің ыңғайына бейімделіп көшірілгендігі мәтінді оқуда көп қиыншылық келтіреді.
Үшіншіден, ақын шығармаларын көшіріп, әртүрлі жолмен елге таратқан адамдардың жазба нұсқалары да ала-құла. Абай шығармаларын әркімдерге тапсырыспен көшіріп беріп отырған Мүрсейіт сияқты молдалардың (Абай елінде олардың қатары он-шақты болған) ескі араб жазуында татар тілін араластырып жазып, ауызша жадтарына сүйеніп кейде түпнұсқадан ауытқып кеткен кездері де болған.
Міне, мұның бәрі мәтінтанушы ғалымдардан араб жазуын ежелеп оқи білетін сауаттылықты ғана емес, терең білім-білікті, ықылас пен ыждаһаттылықты, төзімділікті, абайтанудың арғы-бергі тарихына байланысты көп ізденісті талап ететін мехнатты шаруа. Осындай аса күрделі мәселелердің бұл жинақты даярлауда да мамандар алдында кесе көлденең тұрғанын айтпасқа болмайды. Сондықтан бұл басылым да осындай сансыз сауалдардың барлығына соңғы нүкте қояды деген ойдан аулақпыз. Ол – үздіксіз жүргізіліп отыратын, мәтінтану ғылымының мәңгілік мәселесі.
– Соңғы кезеңде ақынның жаңа шығармасы немесе қолжазбасы табылыпты, олар жаңа жинаққа енгізіліпті деген сөздер де шығып жатады.
– Қазіргі кезеңде Абай шығармаларының арап әліпбиімен көшірілген қолжазбаларының саны оннан асты. Бұларды шартты түрде ақынның 1909 жылғы тұңғыш жинағы жарық көргенге дейінгі және аталмыш кітап басылып шыққаннан кейінгі көшірмелер деп екі топқа бөлуге болады. Алғашқы топқа жататын 5 көшірменің үшеуі (1905, 1907, 1910) Абай шығармаларының түпнұсқасына баланып жүрген Мүрсейіт Бікіұлының ақынның өз аузынан естіген немесе жазбаларынан хатқа түсіріп таратқан әйгілі көшірмелері. Сонымен қоса бұл топқа Петербургтен кезінде академик Әлкей Марғұлан тапқан С.Шорманұлы мен В.А.Қудышов деген адамдардың қолымен жиналған екі жазба тағы бар. Қалғандары әртүрлі кезеңдерде 1909 жылғы кітаптың қайта көшірілген нұсқалары. Олардың ішінде абайтанушыларға енді ғана мәлім болып жатқандары да жоқ емес.
Күні бүгінге дейін Абай шығармалары жинақталып он (1909, 1922(24), 1933, 1939-1940, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995) мәрте жарық көрген. Бұл басылымдарды салыстыра зерделесек, Абай шығармаларының жиналуы мен жариялануының күрделі де, қиын жолдан өткенін көреміз. Бұл орайда, ақынның алғашқы тасқа басылған кітабы болып табылатын 1909 жылғы жинақтың маңызын ерекше атап көрсеткен жөн. Абай өлеңдерінің алғаш жинақталып жарық көруі осы жинақтан басталады және оны әзірлеуге Абайдың ет жақын туыстары, шәкірттері Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы бас болып Мүрсейіт Бікіұлынан бастап ақын шығармашылығын жақсы білетін адамдар жұмыла атсалысқан. Ол кезеңде Абай өлеңдерін өз көздерімен оқып, ет құлақтарымен естіген адамдардың барлығының көзі бар болатын. Бұл қолжазбаны кітап етіп бастыруға жолбасшы болған Алаш көсемі Ә.Бөкейхан да оқыған, Абай жөніндегі алғашқы классикалық мақаланы жазған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы да осы қолжазба нұсқа арқылы танысқан. Оның үстіне, ақын дүниеден озғаннан кейін бес жылдан соң баспа бетін көрген жинақтың әзірленуі әріректен, М. Әуезовтің айтуы бойынша, 1898 жылдардан басталады. Демек, біз үшін Абай шығармаларының алғашқы ресми басылымы ретінде бұл еңбектің маңызы ерекше. Әрине, тұңғыш кітаптың да кезінде әртүрлі себептермен көптеген қателіктермен жарияланғаны абайтанушыларға аян мәселе. Оны кезінде Кәкітай Ысқақұлы мен М.Әуезовтен бастап, кейінгі мәтінтанушылар да атап көрсеткен. Сол сияқты ескі қадым жазуында татар ағайындардың қолғабысымен басылған жинақтың бүгінгіше оқылуында да тартысты мәселелер аз емес.
Аталған басылымдардың ішіндегі академиялық сипатқа ие еңбектер, негізінен, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарының (М.Әуезовтің басшылығымен) күшімен дайындалған. Бұл орайда, аса зор табандылық пен терең білім-білік танытқан М.Әуезов еңбегіне бас иеміз, әлі күнге бағдаршам тұтамыз.
Дегенмен бұл төңіректе әлі де түп тиянағын таппаған сауалдар, заманның ырқымен қалтарыста қалған немесе өзгеріске түскен ақын сөздері, көшірмелерді түрліше оқудан кеткен жаңсақтықтар, жазбаға түсіру, басып шығару кезінде кеткен техникалық қателер болмай қалған жоқ.
Абай шығармаларының барынша түгенделіп, ғылыми жүйеленген басылымы 1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрді. Жинақты құрастырып, алғысөзін жазған Ілияс Жансүгіров. Басына бұлт үйіріліп жүрсе де М.Әуезов өз қолымен жинаған және Абайдікі екеніне көңілі сенген көптеген өлеңдерді осы жинаққа жаңадан қосты. Сол сияқты ақынның тұңғыш кітабына енбеген, әртүрлі көшірмелер мен басылымдарда шашыраңқы жарияланып жүрген Абайдың прозалық шығармалары да алғаш рет «Қара сөздер» деген атпен осы кітапқа топтастырылып берілді. Соның нәтижесінде бұл жинақ ақын кітабының алғашқы толық жинағы болып шықты.
Кейінгі, М.Әуезов өзі бас болған жинақтардың барлығында (1945, 1954, 1957, 1961) осы мақсатқа жұмыс істеп, ақын мұрасын үнемі толықтырумен, абайтануды жетілдірумен болды. Бұл орайда Ахат Шәкәрімұлы, Қайым Мұхаметханұлы сияқты кәнігі абайтанушылардың ел арасынан жинап, М.Әуезов сарасынан өткізе отырып, біршама жаңа шығармаларды жарыққа шығарғанын ерекше атап айтқан жөн. Қаншама рухани қыспақтан өтсе де ел ішінде бертінге дейін қолжазба көшірмелердің табылып жатқандығы, ақын өлеңдерін бастан аяқ жатқа білетін адамдардың да жиі кездесетіндігі Абай мұрасына деген халық ықыласының өте жоғары болғандығының белгісі. Соның нәтижесінде ұлы ойшылдың құрдымға кете жаздап қалған асыл мұрасының ұзын-ырғасы жинақталып, ел игілігіне айналды деуге болады.
Ал енді Абайдың қазір жаңадан табылды деп жүрген шығармалары сонау Әуезов заманынан белгілі болған. Оған абайтанудың негізін салушы өте сақтықпен қараған. Басқаны айтпағанның өзінде Мүрсейіт қолжазбаларындағы шығармалардың өзін мұқият сараптаудан өткізіп барып қатарға қосқан. Мәселен, 1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында берілген «Бар болса білім», «Ғаріпке өзің рахым ойламасаң», «Өлеңнің ұйқасы емес іздегенім» «Кәкітайдан білім ап», «Ынтық қасиеттерге», «Мұқамен біржарым ай ермек қылдым» деп аталатын өлеңдерді қабылдамаған (Мырзахметов М. 123-бет). Кейіннен Ә.Марғұлан, Қ.Мұхаметханов, А.Шәкәрімұлы сияқты кәнігі абайтанушылар әр жерден тауып әкелген өлеңдерге де қатал талап қойған. М.Әуезовтің «Абайды көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық» дейтін әйгілі сөзі осындайда айтылған. Кейінгі кезде осы мәселені қайта көтеріп, кейбір шығармаларды жинақтарға қосып жүрген жағдайлар бар.
Мәтіндегі дүдамал мәселелерді анықтауда аталған жинақ шыққанға дейін Абай шығармаларын көшіріп таратушылардың бүгінге жеткен жазбалары да көзден таса қалған жоқ. Солардың ішінде елге әйгілі Мүрсейіт Бікіұлының түп мәтінге бара-бар көшірмелері басты назарда болды.
Ақынның ұрпағы Тұрағұл Абайұлының бізге жеткен Абай мұрасына арналған қолжазбасы мен естеліктері де осындай аса қымбат мұралар қатарында. Мұндай құнды көшірме-қолжазбалар ақын шығармашылығының аталған жинақтағы кеткен әркелкіліктерді саралауда ғана емес, оған енбей қалған шығармаларды түгендеуде де үстеме мағлұматтар беретін бәсі жоғары материалдар. Мәселен, жинаққа әртүрлі себеппен енбей қалған өлеңдер мен «қара сөздер» деп аталатын прозалық шығармалардың дені осы көшірмелерде сақталған. Бұл орайда жинақты ауызша жадқа сала отырып, А.Байтұрсынұлы әліпбиімен қайта көшірген қолжазбалардың да маңызы жоғары. Солардың ішінде профессор Т.Жұртбайдың ғылыми айналысқа енгізген Қытайдағы Шығыс Түркістан аймағында Зият Шәкәрімұлының қолындағы Абайдың 1909 жылғы жинағы мен Шәкерімнің қолжазба дәптерімен салыстырылып көшірілген Шериаздан Марсековтің және бимағлұм «Хаткер-кәтіптің» (Т.Жұртбай) 1909 жылғы кітаптан көшірген қолжазбалары да қаперге алынды.
Жаңа академиялық шығармалар жинағын әзірлеуге, мәтіндерге текстологиялық салыстырулар жасап, ғылыми түсініктерді сараптан өткізуге ҰҒА академиктері: С.Қирабаев, С.Қасқабасов, ҰҒА корреспондент-мүшесі К.Матыжанов, филология ғылымдарының докторлары: М.Мырзахметов, Т.Жұртбай. Қ.Мәдібаева, филология ғылымдарының кандидаттары: Т.Шапай, С.Қорабай, П.Алпысбай, Т.Қыдыр, музыкатанушы Е.Шүкіман, жас мамандар Б.Тұрсынбай, А.Жұматаевалар қатысты.
– Қазақтың болмыс-бітімін, мәдениетін әлемге Абай арқылы танытуда ең бірінші не нәрсені негізге алуымыз керек?
– Оның ең төте, тиянақты жолы – Абай шығармалары. Алдымен ақын шығармашылығын кең көлемде оқырманға жеткізудің, оны заманауи технологиялар негізінде насихаттаудың тәсілдерін жетілдіру керек. Әрине оның біршама жолға қойылған кітаптар мен баспасөз арқылы таратудың дәстүрлі жолы бар. Биылғы мерейтой жылында да бұл арнада біраз шаруалар қолға алынды. Дегенмен меніңше, бұл жол қазіргі уақыт талабын, әлемдік даму үрдісін қанағаттандырмайды. Абайды біз әлі де цифрлық технология тіліне енгізе алған жоқпыз. Басқаны айтпағанда, компьютеріңді ашып қалсаң, телефоныңның түймесін басып қалсаң Абай сөйлеп кетпейді. Абай әлі де болса балабақшадан бастап, барлық деңгейдегі білім, мәдениет ошақтарының төріне шыға қойған жоқ. Тіпті Абай жөнінде әлі күнге тұшынып көретін не көркем, не деректі фильм жоқ. Ондай фильмдердің күні өтті десек, неге анимациялық фильм түсірмеске. Сондай тамаша туындыларымыз болса, шет тіліне аударып, атамызды әлемге таныстыра бермес пе едік.
– Әлемнің он тіліне аударылып жатқан ақын шығармалары Абайды дүниеге таныстырудың басы емес пе?
– Әрине, бұл – бұрын-соңды болып көрмеген теңдессіз жоба. Оған бастамашы болып, өзі қадағалап жүзеге асырып отырған ел Президентіне – мадақ. Енді осы игілікті істі жан-жақты қолдап, шалқарын кеңейтіп, мазмұнын зерттеу еңбектермен байытып, абайтануды сала-сала етіп дамытып алып кеткен жөн болар еді. Осымен сабақтас тағы бір үлкен мәселе Абай шығармашылығын әлемдік әдебиеттану, мәдениеттану, тарих, философия ғылымдарының жетістіктері тұрғысынан қайта саралау. Ол үшін ең алдымен, қазақ тарихын, Абай өмір сүрген заманды дүние жүзі тарихымен астастыра отырып, жаңа, тәуелсіз сана тұрғысынан қарастыру қажет. Бұл орайда ғұлама көтерген адамзаттық мәселелердің шалқары өте кең. Оларды тереңірек ашу үшін алдымен бұрынғы қалыптасқан стереотиптерден арылу парыз. Абай заманын, өсіп-өнген ортасын, білім алған оқу орындарын, оқыған кітаптарын, философиялық ой-өрісінің қалыптасуына әсер еткен ғылыми ағымдардың, Орталық Азия мен Патшалық Ресейдің саяси ахуалын кешенді түрде шынайы деректер арқылы зерттеу қажет. Абайды тұйықталған ортадағы оқшауланған ойшыл емес, сол дәуірдегі ғаламдық жаңалықтардан хабары бар және оған белсенді үн қосқан қайраткер тұлға ретінде қарастырған жөн.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ