Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас басылымында жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратынын мәлімдеді.
«Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналғанын ескере отырып, ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз екенін баса айтты. Президенттің айтуынша, Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуы тиіс.
«Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді», - деді Мемлекет басшысы.