• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2020

Тілсіз жаудың тақсіреті

549 рет
көрсетілді

Көкшетау мен Қараөткелдің жалпақ даласында биылғы жаз сәл ғана әсірелеп айтқанда, қара қарғаның миы қайнайтындай ыстық болып тұр. Аптап ыстықта апат та аз емес. Мәселен, облыста жыл басынан бері 48 мың гектардан астам алқапта орман өрті орын алды. Қурап қалған қау шөптің тұтануынан 51 дала өрті оқиғасы тіркелді.

Табиғаттың тақсіреті – адамнан. Сәл сарғыш тартып, шөп буыны бекіген, ылғал азайған осы бір сәт өте қауіпті. Бейқам­дықтың бейнетін бейкүнә табиғат та көтеріп тұр. Орман өртінің басым бөлігі табиғаты тамылжыған Бурабай ауданына тиесілі. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдардың жалаңдаған қызыл өрттің көмейінде шырқырай-шырылдап өртеніп кетуі жаныңды ауыртады-ақ. Турис­тік аймақта биылғы жазда үлкенді-кішілі 14 орман өрті тіркелді. Табиғатқа орны толмас зиян келтірілді. Ақкөл ауданындағы табиғат та осындай апаттың салдарынан зардап шегуде.

Ал қау шөптің жазатайым тұтануы, дала өртіне айналуы жайына келетін болсақ, бұл орайда Ерейментау ауданы көш бастап тұр. Жыл басынан бері 11 дерек тіркелген.

– Мойны қашық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері болмауы қиындық туғызып келді. Өрт орын ала қалған жағдайда дер уақытында жете алмау апаттың ұлғайып кетуіне себепші, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының мінде­тін атқарушы Қанат Доспаев.

Көңілге бір демеуі, олқы түсіп жатқан осы іс соңғы уақытта оң сипатқа ие болуда. Жергілікті билік органдары мен табиғатқа жанашыр кәсіпкерлер шалғайдағы елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ашуға жұмылдырылған. Осы орайда 30 бекеттің ашылғанын айта кетуге болады. Айтып келмейтін апатпен күресуге тәп-тәуір қол­ға­быс тигізбек. Оған қоса құрамында бір мыңнан аса ерікті бар екі жүздей жасақ құрылған. Ең бастысы, өрттің алдын алу мақсатында рейдтер ұйымдастыру жиі­леген.

Тамыз  айында да ыстықтың беті қайта қой­майды деген болжам бар. Егер карантин ашыла қалса демалушылар легі үдей түспек. Бейқамдықтан сөндірілмей тастаған темекінің бір тұқылы да жарты әлемді жусатып түсіретін өртке себеп болмақ. Дұрыс сөндірілмеген жерошақ та қауіпті. Демек, осы кезде қырағылықты күшейткен жөн. Жалғыз төтенше жағдай қызметкерлері ғана емес, табиғаттың тылсым құшағын аңсап келгендер де абай болса екен дей­міз. Төтенше жағдай департаментінің қыз­меткерлері 15 мобильді топ құрып, тү­сін­діру жұмыстарын жүргізуде. Әйтсе де, әр­кімнің өз көкірегінде жауапкершілік сезімі болғанға не жетсін?!

 

Ақмола облысы