Британ үкіметі бір күнде 892 адамнан вирус анықталғаны жайында мәлімдеді. Осылайша тұманды Альбионда ауру жұқтырғандар 307 184 жанды құраған. Індет корольдіктің 46 364 азаматының өмірін жалмап, пандемия кезінде 17 210 335 вирусқа тест тапсырылыпты.
Үкімет басшысы Борис Джонсон ауру етек жаймас үшін шектеудің әзір алынбайтынына қынжылыс білдірген-тін. Шынында да COVID-19 алпауыт елдің эконмикасына теріс ықпалын тигізіп тұрғаны анық. Бұл елде осы вирус салқынынан тұрғын үй салу қарқыны баяулаған көрінеді. Сала министрі Роберт Дженерик оның төмендеуі 30-40 пайызға дейін түсу мүмкіндігін болжаған. Алайда барлығы экономиканың пандемиядан соң қалпына келу жылдамдығына тікелей тәуелді, ел тезірек індетті еңсеріп кетсе, оң өзгеріс туады. Дегенмен келер жыл да сала үшін күрделі болтындай деген ойын жеткізді ол.
* * *
Түркия денсаулық сақтау министрі Фахредтин Қожа Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында 6 тамызда вирус таралуы жөнінде инфографиканы жария етті.
Ондағы мәліметке қарағанда, қазіргі уақытқа дейін ел аумағында ауру жұқтырғандардың жалпы саны 236 112 адамды құрап, бір күнде 1178 тест тапсырушыдан вирус барлығы анықталған. 19 пациент SARS-CoV-2-ден қайтыс болып, оларды қосып есептегенде барлығы 5784 түркиялық пандемия кезінде бақиға аттанған көрінеді. Инфографикада 219 506 адамның аурудан айығып, індет елге келгеннен бері 5 027 308 тест тапсырылғаны көрсетілген. Ал кешегі күні 53 842 түркиялық тестілеуден өтіпті.
* * *
АҚШ-тың «Novavax» компаниясы жасап шыққан вакцина тәжірибеде жақсы нәтиже көрсеткен.
Компанияның хабарлауынша, вакцинаны тәжірибеден өткізуге келіскен 56 еріктінің бойында антиденелер түзілген. Жанама болса да ешқандай ағзаға кері әсері болмаған көрінеді. Осы вакцинаны ғалымдар приматтарға да салып көріп, оларды да вирустың жұғуынан сақтайтынын айтып отыр. Билл Гейтстің қаржылық демеуімен ізденіске түскен компания жаңа вакцинаны клиникалық тәжірибеден мамыр айында өткізе бастаған.
* * *
АҚШ президенті Дональд Трамп COVID-19 шегінгенін айтса, бір күн бұрын Ақ үйдегі КВИ бойынша үйлестіруші Дебора Биркстің сөзі басқаша болған еді.
Президент Трамп: «Елде ауруды жеңуде айтарлықтай алға жылжу бар. Аризонада ауру көрсеткіші 37 пайызға, Техаста 18,7, Флоридада 21,2 пайызға азайды», деген. Алайда АҚШ бойынша COVID-19-бен күрестің үйлестірушісі Дебора Биркс бір күн бұрын: «Біз КВИ-мен күрестің жаңа кезеңіне келдік. Вирус ірі қалаларды да, ауылдарды да аралап кетті. Егер отбасыңызда егде адамдар болса тұмшаны үй ішінде тастамауға кеңес береміз», деген болатын.
ABC News хабарына қарағанда 15 штатта, мәселен, Миссури, Джорджия, Теннесси, Миссисипи және Оклахома сынды штаттарда әлі де вирус жұқтыру бәсеңдемеген.
* * *
Оңтүстік Америкадағы елдердің тұрғындары вирустан қатты зардап шегуде.
Мексика халқы COVID-19 салмағын қатты сезінген елдің қатарында. КВИ-дан өлім-жітім жөнінен Бразилия мен АҚШ-ты алдына салған жұрттың вирустық ахуалы турасында Мексика денсаулық сақтау министрлігінің деректерін REGNUM келтіреді. 49 698 адам Мексикада SARS-CoV-2 кесірінен о дүниелік болған. Өткен тәулікте тағы да 6139 адамнан вирустың табылуы жағдайдың қаншалықты күрделі екенінен хабар бергендей. Елде індет басталғалы 456 100 мексикалық ауруға шалдыққан көрінеді.
* * *
Колумбия денсаулық сақтау министрлігінің Twitterдегі парақшасындағы 6 тамыз күнгі жазбада өткен тәулікте 10 мыңнан астам адамның жаңадан вирус жұқтырғаны мәлім етілген.
Егер дәлірек сан қажет болса, ол 10 735, тіпті 11 мыңның айналасы екен. Сонымен 345 714 колумбиялық COVID-19-бен ауырып, жалпы саны 11 624 адам өмірмен қоштасқан.
Боливияда пандемия басталғаннан бері 85 141 адам КВИ-дің шарпуына ілінген. Ал кеше жаңадан 1780 ауру фактісі тіркеліпті. 26 437 пациент жазылып шықса, 3385 боливиялықтың тіршіліктегі татар дәмі таусылған. Ел билігі аурудың тынысын тарылту мақсатында тамыздың аяғына дейін карантинді ұзартқан.
* * *
Бұл күндері қара құрлық КВИ қаусырған шеңгелден босап шыға алмай, жанталас үстінде.
Ливияда өткен тәулікте ауру ең көп тіркелгені анықталған. Яғни тест тапсырған 1618 адамның 251-інде вирус бар болып шыққан. Осылайша, ел көлемінде КВИ ағзасына қонақтаған жанның саны 4475 құраған.
Оңтүстік Африка Республикасы денсаулық сақтау министрі Звели Мхидзе «Тамыздың аяғына қарай аурудың белең алуы басылады деп күтеміз. Алайда пандемияның екінші толқыны соғу қауіпі барлығы да рас. Дегенмен елдің үш аймағында бәсеңдеу белігілері бар», деді. Министр сонымен қатар ауруханада орын жетпей жатқанын, соңғы күндері вирус жұқтырғандар саны жарты миллионнан асып кеткеніне тоқталды.
Мозамбик билігі SARS-CoV-2 өршіп тұруына байланысты жарияланған төтенше жағдай режімін бір айға әлі де ұзарту керек деген шешім шығарған. Бұл жайында Мозамбик президенті Филип Ньюси мәлімдеді. «Бұл шара екі қағидатты негізге алуы тиіс. Біріншісі – ауруды болдырмауда сақтықты күшейту мен COVID-19-ды ауыздықтауға, екіншісі – экономиканың қалыпты күйіне түсуіне қоғамға кепілдік беру», деді.
* * *
Мысыр денсуалық сақтау министрлігі SARS-CoV-2-мен ауырған 23 пациенттің ажалы жеткенін хабарлады.
Көне Мысыр елінде вирустың құрбаны болғандар 4888 адамға жетті. Індет әлемді жайлағаннан бері 94 640 мысырлық КВИ жұқтырып, оның 44 066-ы жазылып шыққан еді. Ал кеше жаңадан тағы 157 адамнан вирус табылған.
* * *
Әзербайжан билігі Бакумен қоса елдегі 13 қала мен ауданда карантинді тамыздың аяғына дейін созуға шешім шығарды.
Ағайынмен аралас-құраластығы үзілмейтін әзербайжан бауырлар енді тәртіпке бағынып, амалсыздан туысына бармайтын болды. Ауруханада жатқан жақынының көңілін сұрап кіріп шығуға, мемлекеттік орындарға баруға болмайтынын айтқан тыйымда карантин енгізілген қалалар мен аудандарда жүріс-тұрыстың шектелетіні хабарланды.
* * *
Wheretoeat жүргізген зерттеуге қарағанда Ресейдегі мейрамханалардың 15 пайызы шектеу алынған күнде де жұмысын жалғастыра алмай қалған.
Әсіресе, бұл Орал тауын бойлай қонған өңірлерге тән. Нақтылай айтсақ, Татарстандағы мейрамхана, дәмханалардың 16 пайызы осындай күй кешіп, адамдар табысынан, жұмысынан айрылған. Ал Мәскеуде мейрамхана бизнесі оншалықты күйремеген екен. Астанадағы мейрамханалардың 94 пайызы жұмысын әрі қарай жалғастырып кеткен көрінеді. «Жыланның үш кессе де кесірткедей күші бар», дегендей мәскеуліктер тегеуріні вирусты да елемеген сыңайлы.
* * *
Израиль денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, індет әлемге тарағаннан бері Израильде SARS-CoV-2-ні жұқтырған 74 903 адам анықталған. 3 тамызда коронавирус инфекциясынан 10 адам көз жұмса, COVID-19-дың және оның салдарынан өршіген аурулардан 546 израильдіктің демі тоқтаған.
Тек өткен тәулікте жаңадан 801 адам вирус жұқтырып, дәрігерлердің жіті қарауындағы 24 600 пациенттің 333-нің жағдайы ауыр күйде көрінеді.
Топтаманы дайындаған
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»