• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2020

Арал ауданында эпидемиологиялық ахуал жақсарды

407 рет
көрсетілді

Арал ауданының тұрғындары ауыр жағдайды артта қалдырды, - деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Пандемия басталған уақытта ауданда 100 провизорлық, 20 инфекциялық төсек орын ұйымдастырылған. Қазіргі таңда провизорлық стационарда 18 науқас ем алып жатса, инфекциялық стационарда ем алып жатқан адам жоқ. Бұған дейін провизорлық стационарда 225 науқас емделіп шықса, инфекциялық стационарда аудан бойынша 52 тұрғын науқасынан айыққан.

Арал аудандық ауруханасында 1 мың 440 қызметкер жұмыс істейді. Емдеу мекемесі 9 ИВЛ аппаратымен және 33 оттегі концентраторымен қамтылған. Аурухана 2017 жылы жаңа типтік ғимаратқа көшкен.

Ауданға қарасты Сексеуіл кентінде де эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Кенттегі 25 төсек орынға арналған Сексеуіл ауылдық ауруханасында 15 емдеу, 10 балалар бөлімі бар. Одан бөлек 20 провизорлық орын ашылған. 40 қызметкері бар емдеу орнында айына 70 науқасқа дейін жоспарлы және шұғыл ем алып шығады.

Эпидемиологиялық ахуал басталғалы бері провизорлық стационарда 60 науқас емделіп шықты. Ауылдық ауруханада 4 оттегі концентраторы бар.

Аралдық ақ халаттылар "бұл жетістікпен босаңсуға болмайды",- дейді. Алдағы уақытта кесел қайта өршісе аудандағы емдеу мекемелері шұғыл әрекет етуге әрқашан дайын болу керектігін естен шығармайды.