Коронавирустық инфекцияның ауыр түрімен ауырған америкалық актриса Алисса Милано аурудың салдары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
Американың әйгілі актрисасы және әншісі Алисса Джейн Милано – Фиб Холливеллдің "Зачарованные" телехикаясындағы рөлімен көпшілікке танымал ( 1998-2006 жылдары шыққан). Ол сонымен бірге "Кто здесь босс?" және "Любовницы" фильдерінде рөлдерін сомдап, көрермен көзайымына айналып үлгерді.
Актриса өзінің Instagram-дағы парақшасында коронавирустан кейін оның шашы қалай түсіп кеткенін көрсететін бейнемен бөлісті.
"Мен сіздерге COVID-19-дың шашыңызбен не істейтінін көрсеткім келеді. Мұны байыппен қабылдаңыздар", деп жазады Милано.
Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары да осындай қиындықтардан зардап шегетінін қоса кетті. "Мен де шаш мәселесі бар. Ол үшін әртүрлі дәрумендерді қабылдаймын, бірақ ештеңе көмектеспейді. Дәл осындай жағдай менің досымда да бар. Ол сондай-ақ иіс сезу қабілетін жоғалтып, шаштары түсе бастаған", дейді пікір қалдырушылар.
Daily Mail көптеген клиника мен зерттеу нәтижелері COVID-19 бен шаштың түсуі арасындағы байланысы туралы жазды. Сарапшылардың айтуынша, індетпен ауырған науқастардың көпшілігі қатты физикалық және эмоционалды стресстің салдарынан біршама салмақ тастап, шаштың түсуіне әсер ететінін айтып өтті.
Индиана Университеті Медициналық мектебінің докторы Натали Ламберт коронавируспен ауырған науқастар арасында сауалдама жүргізді. Оның ішінде 1500-ден аса науқастың 400-інен шаштың түсуі жиі байқалған.
Бұған дейін АҚШ-тың әртүрлі зерттеу орталықтарының ғалымдары коронавирус адам ағзасына әсер етеді деген қорытындыға келді және оның ауыр салдары ұзақ жылдар бойы әсер ететінін мәлімдеді.