2020 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен Қытай Халық Республикасы бағытында теміржол көлігімен жүк тасымалдау мәселелерін шешу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі сияқты мемлекеттік органдардың, "Қазақстан темір жолы" ҰҚ" АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, бизнес қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ жүк жөнелтушілер қатысты.
Отырыс барысында қатысушылардың ұсыныстарына сәйкес 4 негізгі бағыт бойынша 20 іс-шараны қарастыратын жол картасы қабылданды. Атап айтқанда, ҚХР-мен өзара іс-қимыл, тасымалдау үрдісін оңтайландыру шаралары, икемді тариф саясатын енгізу, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ инфрақұрылымдық шектеулерді жою қарастырылған.
Жалпы контейнерлік тасымалды дамытуға, сусыма және ақтарылма жүктерді тасымалдау кезінде бигбектерді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді.
Жол картасын және операциялық қызметті жетілдіру бойынша жоспарды қабылдау ҚХР-ға экспорттық тасымалдау барысында кедергілерді жоюға және теміржол көлігімен жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.