Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, коронавирус инфекциясынан жазылып шыққандардың үлесі 74 пайызды құрап отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Бүгін, яғни 12 тамызда Атырау облысында коронавирус инфекциясымен 10638 науқас тіркелді. Оның ішінде 7869 пациент емделіп шықты. Қауіпті індеттен жазылып шыққандардың көрсеткіші 74 пайызды құрады. Науқастар санының азаюына байланысты карантиндік станционарлар жабылды. Алайда, эпидемиологиялық ахуал жақсарғанымен, алдағы жағдайды болжай алмаймыз. Сол себептен, коронавирустың екінші толқынына дайындық күшейтілді", - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Оның мәліметіне сүйенсек, қазір емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек қоры жасақталыпты.
"Алда күз, қыс мезгілі келе жатыр. Сондықтан, тұрғындарға өз денсаулығына салғырт қарамай, қорғаныш құралдарын пайдалануға, қоғамдық ортада ара-қашықтықты сақтап, кісі көп жүретін орындарға бармауға кеңес беремін",- деді Нұрлыбек Қабдықапаров.