• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Тамыз, 2020

Алматы инфрақұрылымын жақсартудағы маңызды шешімдер қалалықтардың пікірі арқылы қабылданады

178 рет
көрсетілді

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде алматылықтардың сұрақтарына жауап бере отырып, мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Кезекті хабарда Б.Сағынтаев қаланың инфрақұрылымын жақсартуға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.

"Жол, сумен қамту желісін салу, жарықтандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, бала бақшалар мен мектептердің құрылыстарын жүргізу жөніндегі барлық маңызды шешімдер тұрғындармен кездесулер арқасында қабылданды", деп атап өтті Алматы әкімі.

Б.Сағынтаев 2019 жылдың екінші жартыжылдығында қала аумақтарын дамытудың барлық жоспарлары алматылықтардың пікірлерін ескере отырып, қайта жасалғанын атады.

"Бірінші кезекте қандай мәселені шешу қажеттігін сол аумақта немесе ауданда тұратын адамнан артық ешкім білмейді. Мен тұрғындармен кездесу кезінде нақты ақпарат алатыныма талай рет көз жеткіздім. Мұндай кездесулердің қаншалықты пайдалы екендігі жөнінде сұрақ қойған жанмен толық келісемін. Әрине, жұмыстың бұл түрі одан әрі жалғасатын болады. Мен өзім ашықтықты әрі қала тұрғындарымен еркін әңгімелесуді қолдаймын", деді Б.Сағынтаев.

Тамыз айынан бастап өткен жылдың соңына дейін Алматы әкімі қала тұрғындарымен 16 кездесу (әр ауданда екі рет) өткізді, бұл тұрғындарды толғандыратын сұрақтарды тыңдауға мүмкіндік берді. Бұдан өзге, алматылықтар әкімнің жұмыс сапары кезінде өтініштері мен тілектерін білдірді.

"Біз мұндай кездесулерді осы жылдың екінші тоқсанынан бастап жалғастыруды жоспарлағанбыз, бірақ пандемияға, елде төтенше жағдайдың жариялануына және карантиндік шараларға байланысты оларды тоқтатуға тура келді. Әзірше азаматтарды қабылдау онлайн-байланыс арқылы жүргізілуде. Бұдан өзге, "Алматы" телеарнасының алаңында мен сіздердің сұрақтарыңызға үнемі жауап беретін боламын", деп атап өтті Алматы әкімі.

Еске салсақ, қалалық және аудандық әкімдіктердің, басқармалардың әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарға келіп түскен барлық өтініштер мен шағымдарды "Оpen Алматы" операторлары қарайды. Олардың әрқайсысына жауаптар беріледі.

Бұл Akimat Live бағдарламасының үшінші эфирі, оның барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалаға қатысты жалпы тақырыптар бойынша 20-дан астам өзекті сұрақтарға жауап берді. Алматылықтарды қалаға бірнеше жыл бұрын қосылған ықшамаудандардағы сумен жабдықтау, жарықтандыру, жол салу мәселелерінің қалай шешіліп жатқандығы және белгіленген жоспарлардың орындалуына індеттің қаншалықты әсер еткені қызықтырды.

Өткен аптада Алматы әкімі КВИ-ге қарсы жүргізілген пәрменді іс-шаралар туралы айтып, қалалықтардың ең өзекті сұрақтарына жауап берген болатын.