Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Eurasian Resources Group (ERG) демеушілігі аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы барысында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғалымдары тың жаңалық ашты.
Биылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан қаласының ежелгі бөлігі Күлтөбе қалажұртынан Ханака деп аталатын ежелгі сопылықтың орны табылды.
Мамандардың пікірінше, бұл нысан XV-XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген ерекше мәдени сәулет ескерткіші көрінеді. Өйткені мұнда үй-жайлар мен ғұрыптық бөлмелер орны және дәруіштік тариқат иелерінің табыттары табылды.
Мұндай ескерткіштер бұған дейін белгілі болған Отырар және Қаялық қалажұрттарындағы екі Ханаканы санамағанда, отандық ғылымда іс жүзінде белгісіз және аз зерттелген жұмыстар санатына жатады. Аталған екі орын да көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден едәуір кіші.
Ал Күлтөбе қалажұртындағы Ханака: жылыту пештері мен кішкентай тандырлары бар 10 бөлмеден тұратын кешен. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде 7 жерасты табыты бар тікбұрышты пішінді кесене орналасқан. Кесене тікбұрышты (8 х 11 м) пішінді. Барлық жерленгендердің бастары солтүстікке – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағытталғаны ханаканың Ясауи тариқатына жататындығы туралы болжамды дәлелдейді.
Ханака кесенесінің оңтүстік, солтүстік және шығыс жағында тікбұрышты айналма галереялар аршылған, қабырғалардың бір бөлігі шикі кірпіштен, ал басқа бөлігі күйдірілген кірпіштен және өзеннің үлкен қиыршық тастарынан жасалған. Кесененің батысында, ұзын меридиональды қабырға бойында оңтүстіктен солтүстікке қарай батыстан кіреберісте бір қатарда орналасқан 8 хужр (кішкене бөлме) орналасқан. Нысанның солтүстік-батыс бөлігінде жерүсті құрылымдары нығайтылмаған, тұрмыстық қажеттіліктер мен ұжымдық рәсімдерге қолданылатын айван-жабық террассасы болғанға ұқсайды.
Ғылыми жобаның жетекшісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Хазбулатов: «Күлтөбеден табылған бұл нысан – Ясауи тариқатымен тікелей байланысты ежелгі дәуірдің ең қызықты құрылымдарының бірі. Оған дәлел бұл нысан кесенеге жақын, яғни 300 метр қашықтықта орналасуы, мүрделердің басы солтүстікке, яғни кесенеге қарай бағытталуы» десе, жобаның бас ғылыми қызметкері Жанерке Шайгозова, бұл нысан «Күлтөбе қалажұрты» ашық аспан астындағы археологиялық паркінің «маржаны» саналатын I-II ғасырлардағы қаңлы дәуірінің кірес тәрізді ордасымен тең дәрежеде бола алады. Бұл ғимараттың бірегейлігі тек сопылық кешеннің архитектуралық тұжырымдамасында немесе шешімінде ғана емес, сонымен қатар Ясауи жолы өкілдерінің өмірі мен жұмысының көптеген аспектілерін ашады, дейді.
Күлтөбе қалажұртын зерттеуші ғалымдар тарихи орыннан табылған нумизматикалық және өзге де материалдармен бірге, антропологтар мен генетиктердің адам сүйегінің қалдықтарын зерттеу жұмыстары жаңа ақпараттарды білуге және Қазақстан тарихының жаңа бір «бетін» ашуға мүмкіндік береді деп үміттенуде.
Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Күлтөбе қалажұртын ашық аспан астындағы музейге айналдыру ісі 2019-2021 жылдарға жобаланған. Тарихи орындағы 27 гектар аумақты үш жыл ішінде зерттеп, табылған орындарды тарихи қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Алдағы уақытта Түркістан қаласына келушілер көне қаланың тарихымен тереңдей танысып, археологиялық саябақты аралап көре алатын болады.