Бес жыл бұрын еліміз Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын жалпыұлттық деңгейде тойлап өткені баршамызға аян. Биыл сол ұлы хандығымызға 555 жыл толып отыр. 1465 жылы құрылған тәуелсіз Қазақ хандығының 120 жыл бойы елордасы Сығанақ болғаны белгілі. Қазақ хандығының жауһары, Ұлы Жібек жолының негізгі саяси әрі сауда орталығы болған – Сығанақтың сырлары бүгінгі таңда толық ашылған жоқ. 555 жыл бұрын тігілген Тудың тұғырын биіктетіп, қазақ халқының ұлы мұрасы – Сығанақты тарихтағы өз орнына қондыру сала ғалымдарының міндеті әрі парызы екені анық. Бұл тұрғыда, бабалар мирасын жас ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археолог ғалымдары Сығанақты зерттеуде елеулі еңбек атқарып келеді. Осынау мерейлі дата қарсаңында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, академик Болатбек Абдрасиловпен сұхбаттасып, қазақ хандығының екі рет астанасы болған Сығанақ қаласының тарихы және ХҚТУ-дың Сығанақ қаласында 17 жылдан бері жүргізіп келе жатқан зерттеу және архелогиялық қазба жұмыстары жөнінде сұрап білген едік.
– Болатбек Серікбайұлы, сұхбатымызды биылғы жылғы даталы оқиғалар мен киелі Түркістан өңірінде жүргізіліп жатқан істерге орай өзіңіз басқарып отырған оқу орнының ықпалдастық қарым-қатынасы жайында өрбітсек.
– Иә, биылғы 2020 жыл – жалпы дүниежүзі үшін, біздің еліміз үшін де ерекше жыл болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әлемнің екінші ұстазы» атанған даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, қазақ ақыл-ойының асқар шыңы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты халықаралық, мемлекеттік деңгейдегі ауқымды іс-шаралар жоспарланғаны белгілі. Алайда әлемді жайлаған коронавирус індетінен сақтануға байланысты кейбір іс-шаралардың өту форматын, мерзімін өзгертуге тура келсе де, ұлыларымызды лайықты дәрежеде ұлықтау, насихаттауды барынша жоғары деңгейде өткізуге күш салудамыз.
Биыл Қазақ хандығының құрылуына 555 жыл толып отыр. Керей мен Жәнібек хандардың алғашқы ту тіккен жері Шу мен Қозыбасы болғанымен, әр кезеңдері хандықтың астанасы болған екі бірдей қала – Созақ пен Түркістан осы өңірде жатыр. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік аумағында жасалған оң өзгертулер нәтижесінде Түркістан облысы құрылуы – біздің өңіріміз үшін үлкен серпіліс әкелгені анық. Осының нәтижесінде облыс орталығы мәртебесіне ие болған көне Түркістан қаласы бүгіндері қайта түлеуді, жасарып, жаңғыруды бастан өткеруде. Бұл өз кезегінде осы қаладағы білім мен мәдениет ошақтарының дамып гүлденуіне де үлкен мүмкіндік беріп отырғаны айтпаса да түсінікті. Осы ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тек Түркістан облысының ғана емес, тұтас оңтүстік өңірдің рухани, мәдени өмірімен тығыз байланыста, өзара ықпалдастықта болу арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Әсіресе, қазақ тарихында, Қазақ хандығы тарихында ерекше маңызға ие көне Сығанақ қаласының қиранды орнына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу ХҚТУ базасында біраз жылдан бері жүйелі түрде атқарылып келеді.
– Қазақтың сайын даласында, оның ішінде Сыр бойында ондаған қалалардың болғаны мәлім. Солардың бірі де, бірегейі де Сығанақ екендігі анық. Осы көне қала туралы тарқатып айтып өтсеңіз?
– Қазба жұмыстары нәтижелері көрсеткеніндей, қаланың негізі Ү-ҮІІІ ғасырларда қаланған. Сығанақ, Сығнақ, Суғнақ, Сунақ, Сунақата, Сағанақ тағы басқа атаулармен белгілі болған қала қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы жерінде, аудан орталығы Жаңақорған кентінен батысқа қарай 45 шақырымда, Түркістан-Қызылорда тасжолының оң жағында орналасқан. Қала орнына ең жақын елді мекен – екі шақырым қашықтықтағы Сунақ ата ауылы.
Сығанақ – тоғыз жолдың торабындағы ежелгі қала ретінде Ұлы Жібек жолы бойындағы стратегиялық орталық рөлін атқарып келген. Ірі сауда-саттық және саяси-әкімшілік орталығы ретінде маңызға ие қала сонау орта ғасырлардан бері қарай гүлденіп дәуірлеу мен құлдырап күйреулерді бастан өткеріп отырған.
Сығанақ қаласы туралы алғашқы жазба дерек – Х ғасырдағы араб географы Махсидидің еңбегінде кездеседі. Мұнда аталған қала оғыздардың тұрағы ретінде аталады. Сондай-ақ қала туралы Х ғасырдағы белгісіз парсы авторының «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») қолжазбасында «Сунах» түрінде және араб географы Шамсутдин әл-Мукаддасидің еңбегінде айтылады. Түркі халқынан шыққан ғұлама ғалым Махмұд Қашқаридың жазуы бойынша қаланың «Сығанақ» деген атауы ХІ ғасырдан белгілі. ХІ-ХІІІ ғасырларда Сығанақ жайлы мәліметтер парсы тарихшылары Ата-Мәлік Жувейни, Әл-Хатиб әл-Бағдади және Мұхаммед ән-Насауи еңбектерінде кездеседі.
ХІІІ ғасырдың басынан Еуразияның басым бөлігін жаулап алған Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының жорықтары кезінде қала бүліншілікке ұшыраған екен. Бірақ қалаға Хасан қожаның баласын әкім сайлаған деген мәліметке қарағанда, қаланы жермен-жексен жойып жібермеген деуге болады. Қаланың тарихы Шыңғыс хан әулетімен де тығыз байланысты болған. Биыл 750 жылдығы аталып өтілетін Алтын Орда хандығы тарихында да Сығанақтың өзіндік орны бар. ХІV ғасырдың алғашқы кезінен бастап Ақ Орданың астанасы болған. Кейіннен Сығанақ Жошы ханның ұлы Орда Еженнен тараған Ақ Орда ақсүйектерін жерлейтін пантеонға айналғанын көреміз. Орыс хан кезінде Сығанақта хан сарайы салынған. Жол бойындағы орналасуы, экономикалық әлеуеті, саяси ықпалы тұрғысында ерекше маңызына байланысты, Сығанақ қаласы қай дәуірде болмасын шайқастар аренасы болып келгеніне тарих куә.
Жалпы алғанда, қазақ тарихында Сығанақтың алатын орны ерекше. Себебі, бұл қала – Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІ ғасырлар), Ақ Орданың (ХІІІ-ХІV ғасырлар), Әбілхайыр хандығының (ХV ғасырдың екінші жартысы), Қазақ хандығының (XV ғасырдың соңы – ХVІ ғасырдың басы) астанасы болған. Сығанақ қаласының Қазақ хандығы үшін стратегиялық маңызының айқын көрсеткіші – жалпы алғанда 120 жыл бойы екі рет (1469-1511 жж., 1521-1599 жж.) елорда болып жарияланған. Қаншама ғасырлар қазіргі қазақ халқының құрамдалуына негіз болған мемлекеттердің астанасы болған қаланың тарихы туралы бүгінгі ұрпақ не біледі? Бұл сұрақ өз ұлтының, мемлекетінің тарихына бейжай қарамайтын кез келген саналы азаматты ойландыруы тиіс. «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын», деп даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби айтқанындай, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған, тарихына әлем жұрты қызығып, өз тұсында оның әлеуеті мен сәулетіне тамсана отырып сипаттама жазбалар қалдырған Сығанақ қаласын жан-жақты зерттеп, болашақта ірі туристік нысанның біріне айналдыру – бүгінгі буын, біздердің парызымыз болуы тиіс деп білемін.
– Сығанақтың қойнауында қазақ жерінде салтанат құрған өркениетке, ұлтымыздың өткеніне қатысты қаншама құнды деректер жатқаны анық қой. Сығанақ туралы шетелдік жиһангездер мен тарихшылар, зерттеушілер қандай пікір айтты екен?
– Сығанаққа әр кезеңде ат басын бұрған жат жұрттық жиһангездер мен зерттеушілер қаланың көркіне таңданыс білдіріп жазуы тегін емес. Солардың бірі – парсы тарихшысы, саяхатшы әрі діндары Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани 1509 жылы Сыр бойына саяхат жасап, көшпелі өзбектердің ханы Мұхаммед Шайбанидің қазақ ханы Бұрындыққа қарсы жорығын өз көзімен көреді. Осы сапары негізінде «Бұхар қаласының қонағы» атты еңбек жазып, онда Сығанақ қаласына керемет сипаттама берген: «Сығанақ Дешті тұрғындарының қажетіне қарай барлық жағдайлар жасалған нағыз орталығы болып саналады. Мауреннахр өңірлерінің және шығыстан Қашғар, Хорасанға дейінгі аймақтардың көпестері Сығанаққа жиылады». Бұл – ақар-шақарлы ірі шаһардың тыныс-тіршілігінен хабар беретін құнды мәліметтер. Иә, қазақ күні кешеге дейін көшпелі тұрмыс салтын ұстанды. Дегенмен, қалалық мәдениет қалпы да қазақтарға жат емес еді. Сондықтан да қазақ халқын жартылай отырықшылық сипаттағы көшпелі деп сипаттауымыға әбден болады және қазіргі, болашақ қазақстандықтардың санасына осы ұғымды сіңіру керек деп білемін.
– Сығанақ мың жылға жақын бай тарихы бар әрі түрлі маңызды оқиғалар мен кезеңдерді бастан кешірген қала. Осы орайда оның зерттелу кезеңдері туралы айтып өтсеңіз.
– Сығанақ қаласының зерттелуін Кеңес дәуіріне дейін, Кеңес дәуіріндегі және тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулер деп үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқы ғылыми зерттеулер тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. 1867 жылы археолог П.И.Лерх Сығанақтың орналасқан жері туралы ақпарат жинақтаған, ал 1895 жылы Ташкент қаласында құрылған әуесқой археологтардың Түркістан үйірмесінің мүшелері Сығанақ қаласының тарихи топографиясына кеңінен тоқталды. Үйірме мүшесі Е.А.Смирнов 1897 жылы Сырдарияның орта және төменгі ағысында орналасқан ескерткіштерді зерттеп, Сунаққорғанды (Сунақ атаны) ортағасырлық Сығанақ қаласы деп белгіледі. 1899 жылы В.А.Каллаур оның топографиясын сипаттап, жобасын түсірді.
Кеңес заманында Сығанақ қаласын зерттеу жұмысы қарқынды болмаса да, жүргізіліп отырды. 1927 жылы А.Ю.Якубовский мен Б.П.Тризна, Шымкент облыстық музейінің меңгерушісі И.К.Шпота Сығанақ қалашығында болып, оның топографиясын зерттеп, қала туралы көлемді ғылыми мақала жазады. 1947 жылы профессор А.Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Сығанақ қаласында зерттеу жүргізіп, оның жобасын қайта түсірген және қала б.з.б. қаңлы дәуірінен бері өмір сүріп келе жатқандығы туралы жазған.
Ал өткен ғасырдың 70-жылдары Орталық археологиялық экспедициясының жетекшілері Кемел Ақышев пен Карл Байпақов Отырардың айналасындағы қалаларды топографиялық тұрғыда нақтылау бойынша жұмыстар жүргізіп, Сығанақты Отырардан кейінгі екінші үлкен қала болған деген анықтама берген екен.
– Тәуелсіздік жылдары тарихты түгендеу, ақтаңдақтардың орнын толтыру жолында көптеген рухани, материалдық игіліктерге қол жеткізгеніміз белгілі. Сұхбат барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ базасында Сығанақ қаласына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқандығы туралы айттыңыз. Осы жөнінде кеңінен тоқталып, тарқатып айтсаңыз.
– Тәуелсіздік бізге барлық жағынан мол мүмкіндіктер сыйлағаны анық. Қазақ арехологиясының корифейлері К.Байпақов, К.Ақышев бастаған ғалымдар Сығанақтың орнын зерттеп, қала құпиясының тылсымын ашуды жалғастыра түсті. Бұл іске ХҚТУ ғалым-зерттеушілері мен студент-ізденушілер ұжымы да өзіндік үлесін қосып келеді. Осының нәтижесінде Сығанақ қаласы 2018 жылы ЮНЕСКО мәдени ескерткіштері тізіміне енгізілген болатын.
Сығанақ қаласына археологиялық зерттеу жүргізудің нәтижесінде біздің тарихымыз үшін көптеген тың жаңалықтар ашылумен қатар, туризмнің дамуына да үлкен серпін беріп, жол ашылады деген үміт бар. Бұл қалада бір кезде дамыған өркениет болғанын дәлелдейтін ғимараттар, керамикалық бұйымдар мен тұтыну заттары көптеп табылады. Сығанақ қаласының орны тек отандық археолог, зерттеушілерді ғана емес, шетелдік әріптестерді қызықтырып, тартып отыр. Бұл – біз үшін де пайдалы әсерге ие. Мысалы, біздің археологтарымыз да шетелдік әріптестерімен, Ресей мен Түркияның орталықтарымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі «Scopus» және «Web of Science» базаларына тіркелген шетелдік беделді ғылыми журналдарда жарық көруде.
Біздің ұжымның ғалымдары 2003-2020 жылдар арасында археологиялық зерттеулер жүргізу барысында алынған артефактілер мен құрал-жабдықтарды сараптай келе мынадай қорытынды жасалды: Сығанақ қаласы – Сыр бойындағы негізгі білім беру, мәдениет, өнер, ғылымның өз тұсындағы ең іргелі орталықтарының бірі болғаны даусыз. Бұл қаладан ірі ғалым Хусамаддин ас-Сығанаки шыққан. Оның еңбектері Дамаск, Каир кітапханаларында сақталған. 2003 жылдан бергі он жеті жыл жүзінде ғылыми зерттеулер шағын гранттар негізінде жүргізіліп келеді және мұның өзі біздің мемлекеттілік тарихымыздың бастауында тұрған ұлы бабаларымыздың құпиялары мен мұраларын қойнауына жасырған қала орнын толықтай зерттеп, құлашты кең жаюға мүмкіндік бере қоймайтыны сөзсіз ғой. Сондықтан да осы заманғы спектрлік, генетикалық, геохимиялық, молекулярлық және т.б. сараптамалар технологияларын қолдана отырып, кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Бұл іске әрине, ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, оның ішінде шетелдік білікті мамандардың теориялық білімі мен технологиялық күш-қуатын жұмылдыра білудің маңызы зор. Осылай жасағанда Сығанақ – Қазақстанның имиджілік жобасы ретінде ЮНЕСКО-ның мәдени құнды ескерткіштері қатарына еніп, туристерді көптеп тарту арқылы ел экономикасына өз үлесін қосқан болар еді.
2003 жылдан бастап 17 жыл аралықта Сығанақ қалашығында университетіміздің мамандары үш кезеңнен тұратын зерттеу және архологиялық қазба жұмыстарды жүргізіп келеді. Алғашқы жұмыстарды археолог ғалым т.ғ.д., профессор С.Жолдасбаевтың басшылығымен университеттің тарих факультеті студенттері археологиялық далалық ғылыми практика жүргізетін базаға айналдырып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде қаланың шығыс жағындағы басты қақпасының алдынан 120 метр жерден бір мешіттің (ханаканың) орны айқындалып, тазаланды, солтүстік жағынан төрт бөлмелі кесененің орны ашылды. Қаланың солтүстік-шығыс жағындағы қорғанның жанынан 25х12 метр жерде стратиграфиялық кесінді салынды. Бұл нысаннан алынған материалдар ХІІІ-ХVІІІ ғасырлар арасында қалада тіршіліктің болғандығын көрсетті.
Ортағасырлық Сығанақ қаласының шығыс қақпасы өзіндік архитектуралық ерекшелігі бар құрылыс. Осы құрылысқа жасалған қазба жұмыстары 2011-2013 жылдар аралығында жүргізілді. Қазба барысында аспалы көпірді көтеріп түсіретін тастан жасалған механизмі ашылды. 2015 жылы зерттеу жұмыстары негізінен қалаға кіреберіс, яғни көшенің табанын анықтау мақсатында шығыстан батысқа қарай үш бағытта қазылды. Зерттеу жұмыстары барысында солтүстік-шығыс бөлігінде қарауылхана қалдықтары ашылды. 2016-2018 жылдары аралығында негізгі қазба жұмыстар қаланың солтүстік-шығыс қақпа кешенінде жүргізілді.
Университет археологтарының бұл жетістіктері Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей қолдауы және бастамасымен аяқтанған жұмыстың нәтижесі екенін айтқан жөн. Сол ізгі бастама арқылы шағын гранттар бөлініп, қазба жұмыстары жүргізілді. Олар Қызылорда облысының қазіргі басшысының қолдауымен бүгінгі таңда да жалғасын тауып келеді. Жалпы алғанда, Сығанақтың жаһандық өркениет ақтаңдақтарын толтыруға орасан үлес қосары сөзсіз. Сондықтан да, әлемдік археологиялық ғылым қауымдастығының Сығанаққа деген қызығушылығы өте жоғары. Мұның дәлелі – 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Халықаралық Орта Азиялық зерттеулер институтының (ЮНЕСКО) Д.Воякин бастаған ғалымдарымен бірлесе археологиялық экспедицияға шығып, ортағасырлық Сығанақ қаласының көне қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізді және төрт кесене орнын ашып зерттеді.
Қазба жұмыстары барысында сәулет өнері құрылыстары, алынған антропологиялық материалдар барынша мұқият зерттелуде. Бұл кесенелер ХІІІ-XV ғасырға тән деп мерзімделеді.
– Сығанақ қаласы және оның бүгінгі жағдайы туралы біршама мәліметтерге қанықтық. Жалпы, тарихи орынды зерттеп таныту жолында кедергі, қиындықтар бар ма және оларды шешудің жолдары қандай?
– Сығанақ – Қазақ халқының бүгінгі мәдениеті, руханияты мен ұлттық құндылықтарын қалыптастыруда орасан үлесі бар қала. Деректер бойынша білім мен ғылым және мәдениет кең дамыған орталық ретінде ата-бабаларымызды өркениет көшіне қосқан. Мысалы, университетіміздің археолог ғалымдары Сығанақта суландыру жүйесі, қала мәдениеті, сонымен қатар сол мезгілдің өркениет көрсеткіші – ақша басу да болған. Сол күндерден бері бірнеше жүз жыл өтсе де Сығанақтың көлемі мен алқабы өте үлкен шаһар ретінде қазақ тарихында өзінің орнын сақтап отыр. Мысалы, жалпы қала аумағы 20 гектар, ал қалашықтың қорғанысы бекем цитадель аумағы 7,2 гектар, қорған биіктігі 7 метр болып, қалашықтың бес бұрышынан үш-үштен шеңберлі шығыңқы мұнара жұмыс істегенін археологиялық деректер растап отыр.
Еліміз егемендік алғаннан бергі 29 жыл ішінде өткен тарихымызды зерттеу, ауқымды жұмыстар жүргізу мәселесі біршама жолға қойылды деуге болады. Әйтсе де, қазақ халқының ұлы мұрасы – Сығанақты ел тарихындағы лайықты орнына қою үшін әлі ауқымды жұмыстар жасалуы қажет. Бұлардың қатарында, Сығанақ қаласын да тарихи-ескерткіштер орталығы ретінде жандануына және аспан асты мұражайға айналдыру мәселесі бар. Сығанақ қаласының ашық аспан астындағы мұражайға айналуы халқымыздың тарихындағы мәңгі өшпес ұлттық құндылығымыз, мәдени мұрамыз болып қалатындығы сөзсіз. Сонымен қатар Сығанақтың барлық аймағын әрі қабатын егжей-тегжейлі зерттеу Қазақ хандығы туралы толық әрі ашылмаған мәліметтерді табуға мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекеттік қолдау мөлшері аз. Қазіргі таңда, ортағасырлық Сығанақ қаласында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер Қызылорда облысының қолдауы және ХҚТУ күшімен атқарылып отырғанын атап өткен жөн. Аз қаржымен ауқымды жұмыс атқару мүмкіндігі жоқ екендігі мәлім. Сондықтан да Сығанақтың сырларын әзиз халқымызға ашу және қазақ тарихындағы маңызды орнына жеткізу үшін жүйелі әрі қомақты мемлекеттік қолдау керек деп ойлаймын. Одан да дұрысы, Сығанақтағы археологиялық зерттеулерге бағытталған және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Халықаралық Орта Азиялық зерттеулер институты (ЮНЕСКО) және Қожа Ахмет Ясауи университетінің, сонымен қатар Қызылорда облысы мен шетелдік жетекші археологтардың қатысуымен іске асырылатын мемлекеттік ғылыми мақсатты бағдарлама қажет.
Әңгімелескен
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы