Облыста өкпені жасанды жолмен желдету құрылғыларын шығару біртіндеп қолға алынды. Бір айта кетерлігі, тыныс алу аппаратын дайындаумен шұғылданатын кәсіпорын жоғары техникалық колледжімен бірлесіп осы жобаны жүзеге асыруда. Оқу орнының технолог мамандары заманауи аппараттың қажетті бөлшектерін өздері құрастырады.
Ілкімді ізденіс пен жүзеге асырылатын жоба шарапаты жалпақ жұрттың игілігіне жаратылатыны сөзсіз. Осы орайдағы оқу орны ұжымының талпынысы көңіл демдерлік деңгейде.
– Қазір өкпені жасанды жолмен желдету аппаратының бөлшектеріне арналған бағдарламаны дайындаудамыз, – дейді өндірістік оқыту шебері Әли Бузуртанов, – бұл бөлшек оттегін үздіксіз жіберіп тұруға арналған аппаратқа орнатылады. Жасалу мерзімі көп уақыт ала қоймайды. Небары 40 минут ішінде дайын болады.
Жаман тұмау дүмеп, елдің есін алған кезде қасқалдақтың қанындай қат болып кеткен қажетті аппараттың өзімізде дайындалатыны қандай жақсы. Екінші жағынан осындай аппарат жасау өз қолымыздан келетіні ел сенімін үстеп отыр.
– Алғашқы бетте өндірістік қуат сәл шектеулі болды. Іргедегі Петропавл қаласындағы кәсіпорындардың біріне қолқа салдық. Кейін үш бірдей зауыт көмекке келді. Көп болып жұмылғанның нәтижесінде жасанды жолмен желдету аппаратының ең негізгі тетігі игерілді, – дейді өндіріс бөлімінің бастығы Петр Пищур, – қалғаны оп-оңай.
Қазір жетпіске жуық желдету аппараты шығарылған. Екі жарым айдың ішінде зауыт 700-ден астам құрылғы шығарып үлгеріпті. Енді бұл орайда облыс ешкімге алақан жаймайды. Өңірдің жаман тұмаумен жағаласуға толық қауқары бар.
КӨКШЕТАУ