Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аймақтың жаңа оқу жылына дайындығы туралы есеп берді. Әкімнің айтуынша, биыл Қостанай облысында орта білім беру елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты бірнеше бағытта ұйымдастырылатын болады.
Бүгінде облыста 490 мектеп жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында 12 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайын деп отыр. Жаңа оқу жылы жалпы аймақ мектептерінде 108,6 мың бала оқиды деген болжам бар. 16 мың бала дәстүрлі түрде мектеп қабырғасында оқымақ. Ал 27 мың оқушы кезекші сыныптарда, 65 мың шәкірт қашықтықтан білім алатын болады.
Биыл ауылдық мекендердегі шағын жинақты мектептерді қоспағанда, барлық мектептер жаңа оқу жылын қашықтан оқыту жүйесі арқылы бастамақ. Облыста 18,6 мың оқушыны қамтитын 330 шағын жинақты мектеп бар. Оның ішінде жалпы саны 16 мыңнан астам оқушы бар 265 мектеп санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, штаттық режімде оқитын болады. Бұл мектептердегі оқыту екі ауысымда ұйымдастырылады, ауысымдар арасында бір жарым сағат үзіліс болады, желдету режімі қатаң сақталады және әр сабақтан кейін дезинфекциялау жүргізіледі. Мектептерде маскалық режім енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі.
Ауылдардағы шағын комплектілі мектептердің оқушылары сол елді мекендердің эпидемиялық ахуалы тұрақтанған жағдайда ғана мектепке барып оқиды. Егер жағдай ушығып жатса, облыстың білім беру жүйесі толықтай қашықтан оқыту режіміне көшеді. Қалған 225 мектептегі оқу үдерісі қашықтан ұйымдастырылады. Бұл мектептерде жалпы саны 92,5 мың оқушы бар.
– Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін биыл жазда 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды. Бұл облыстың білім беру ұйымдарының компьютерлік паркін 50%-ға жаңартуға мүмкіндік берді. Мұның сыртында, Білім және ғылым министрлігі үкіметтік резервтен жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге 15 мыңнан астам компьютерлік техниканы сатып алуға қосымша қаражат бөлуді қарастырып жатыр. Мұғалімдер мен оқушыларға, бірінші кезекте әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардағы балаларға қайтарылмалы негізде 11188 компьютерлік техника берілді, – деді А.Мұхамбетов.
Қостанай облысы