• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 13 Тамыз, 2020

Тамыз кеңесінде қашықтық форматында педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесі талқыланды

1323 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру жүйесіндегі жетістіктерді бағалайтын, дайындықты саралайтын, өзекті мәселелердің тиімді шешімін бірлесіп қарастыратын тамыз кеңесі  биылғы жылы алғаш рет онлайн форматта өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен  «Өрлеу» БАҰО» АҚ  «Қашықтық форматында педагогтердің біліктілігін арттыру: жағдайы, проблемалары, келешегі» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесін ұйымдастырып өткізді. Кеңеске ҚР БҒМ өкілдері, ОБСЕ ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының білім беру істері жөніндегі сарапшысы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының, Алматы, Астана және Шымкент қалалары мен облыстық білім басқармаларының, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары мен педагогтері, білім басқармалары әдістемелік кабинеттерінің жетекшілері, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен әдіскерлері, жалпы 1500 адам қатысты.

Тамыз кеңесінің пленарлық бөлімінің модераторы – «Өрлеу» БАҰО» АҚ Төрағасы, п.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Ахметова Гүлназ Кенжетайқызы мәжіліске қатысушыларды құттықтап, жаңа оқу жылының табысты болуына ізгі тілегін білдірді және «Қашықтықтан оқыту жағдайындағы педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесі» туралы баяндама жасады. Модераторы өз баяндамасында заман ағымы, уақыт талабына сәйкес «Өрлеу» БАҰО» АҚ қашықтан оқу жағдайында мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында орындаған ауқымды жұмыс нәтижелеріне жан-жақты тоқталып, даму көрсеткіштерін әйгілейтін бейнепрезентациямен таныстырды.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше,  бағдарламаға сәйкес № 153  мектептің директоры, Алматы қаласы,  депутат, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Ш.Н. Омаров «Қашықтықтан оқыту жағдайында мектептерді басқарудың кейбір ерекшеліктері», ШҚО білім басқармасының басшысы С.Ж. Жұмаділова «Облыстағы білім беру жүйесін басқарудың қашықтық форматының ерекшеліктері», ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының білім беру істері жөніндегі сарапшысы Атанасия Стоянова «Қашықтан оқу: педагогтің ынтымақтастық және кәсіби өсуінің жаңа мүмкіндіктері», Microsoft Қазақстан ТМД елдері мен Қазақстандағы білім секторымен жұмыс жөніндегі жетекші, Алмас Молдақанов, Microsoft Қазақстан ТМД елдері мен Қазақстандағы білім секторымен жұмыс жөніндегі менеджер Нұрлан Жәнібек «Білім беру процестерінде, оның ішінде қашықтықтан оқытуда Microsoft цифрлық қосымшаларын пайдалану бойынша мұғалімдердің цифрлық құзыреттіліктерін арттыру және сертификаттау» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалып, әдіскер мұғалімдер озық тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шара барысында қашықтықтан оқыту форматындағы білім беру жүйесінің жұмысын ұйымдастыруға қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. Аймақтың білім басқармасынан жеке мектепке дейінгі қашықтықтан білім беру жағдайында жұмысты ұйымдастырудың басқарушылық шешімдерінің тәжірибесі ұсынылды.

Сонымен қатар пленарлық отырыста «Өрлеу» БАҰО» АҚ Youtube порталындағы «Өрлеу Білім каналында» орналастырылған Цифрлық ресурстарымен таныстыруға арналған видеоролик көрсетілді. Мұндағы оқу сапасын арттыруды көздейтін әдістемелік материалдардың барлығы мұғалімдер үшін жасалған. Каналдағы Цифрлық ресурстар білім беру жүйесін дамытуға бағытталған.