• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 13 Тамыз, 2020

Пандемия тырнағы қатты батқан ел

178 рет
көрсетілді

Италия үкіметі 12  тамызда аймақ басшыларының қатысуымен вирустың ықпалын азайту жолдарын қарастырған жобаларды ортаға салған кеңес өткізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Италия Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца Испания, Греция, Хорватия және Мальтаға барып демалып қайтқан отандастардан әуежай басында тест алу керектігін ұсынған. Оның айтуынша экспресс- тест адамдарды 14 күн оқшаулаудан босатып, оларға сенімділік әкеледі. Соңғы 9 күннің ішінде вирустың жаңадан тіркелуінің азаймай тұрғанына қынжылған министр пандемияның не екенін ол басталғалы барлығы 251 713 италиялықтың бастарынан өткеріп, сезінгенін айтты.

Отырыста SARS-CoV-2-нің Италия экономикасына салған салқыны да сөз болған. Елдегі ІЖӨ жылдың аяғында 10-15 пайыз деңгейіне дейін құлдыруы  мүмкін екенін сарапшылар жеткізсе, ресми билік ол 8-9 пайызды құрайды деп үміттенеді.

Экономиканы ұйыққа батырмау үшін үкіметтік жобаларда  75 млрд еуро қарастырылыпты, олардың біраз мөлшері кредиттік қаражаттан екені көрсетілген. Ал Еуроодақ бөлген кредиттен италиялық компаниялар 200 млрд еуро алатыны және оның біразы  бөлінгені белгілі болды. Бұдан бұрын Италияның ЕО-ның басты бенефициары екенін жазған едік.

Екі айға созылған шектеуден соң мамырдың басында карантинді босаңсытқанда 4 млн адам жұмысына орала алыпты. Қоғамдық тамақтандыру орындары: мейрамхана, дәмхана, барлар жұмысына жан кіріп, саябақтар іші адамдармен көріктеніп, қоғамдық көліктер жүре бастаған. Ал 18 мамырда елдегі барлық кәсіпорындар мен өндіріс орындары санитарлық нормааларды сақтай отыра жұмыстарына кіріскен. Осыған қарамастан COVID-19 тырнағының экономикаға салған тыртығын Италия халқы біразға дейін сезінетін болады.