Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Шамшидин Әмитовтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Департамент бастығының міндетін атқарушы осы жылдың 7 айында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық 37 пайызға (3798-ден 2403-ке) төмендегенін айтып өтті.
Қоғамдық орындарда, көшелерде, топ болып жасалатын қылмыстар да азайған. Бұрын сотты болғандардың да қайталап қылмыс жасау көрсеткіші төмендеген. Дегенмен де назар аударатын бірқатар мәселелер бар. Соның бірі, жол-көлік оқиғалары.
Қабылданған шаралар нәтижесінде облыста тіркелген жол апаттары 37 (350-ден 221-ге), қайтыс болғандар 39 (72-ден 44-ке), жарақат алғандар 36 пайызға (410-нан 262-ге) азайды.
Талдау көлік оқиғаларының басты себебі жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару екендігін көрстіп отыр.
Жыл басынан жол қозғалысын бұзудың 64 мың 797 дерегі, оның ішінде жол апаттарына тікелей әсер ететін автокөлікті құжатсыз басқарудың 5 441, автокөлікті мас күйде басқарудың 946, қарсы бағытқа шығудың 174 дерегі анықталды.
Осыған орай айта кететін мәселе, жыл басынан автокөлікті мас күйде жүргізген 946 адам ұсталып, оның 413-і әкімшілік қамауға алынды.
Дегенмен, бұл жағдайлар әлі де тыйылар емес.
Жыл басынан орын алған 221 жол-көлік оқиғасының 18-і мас жүргізушінің кінәсінен болып, нәтижесінде 7 адам қайтыс болса, 23 адам жарақат алған.
Полицейлер тарапынан апаттардың алдын алу мақсатында жүйелі түрде профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Осы мақсатта тамыз айының 10 мен 16-сы күндері аралығында «Мас жүргізуші - қылмыскер» атты шара өткізілуде.
Оның алғашқы үш күнінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 765 және көлік құралын масаң күйде басқарудың 14 дерегі әшкерленді.