• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Тамыз, 2020

«Бұқалар» «Атлетиконы» әбігерге түсіруі мүмкін

197 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:50-де Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойыны өтеді. «РБ Лейпциг» (Германия) «Атлетикоға» (Испания) қарсы тұрады. Жеңімпаз тек бір ғана кездесуде анықталады. Аталған матчты «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.

Германия Бундеслигасын үшінші орынмен аяқтаған «Лейпциг» Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 1/8 финалда былтырғы Чемпиондар лигасының финалисі «Тоттенхэмнен» екі ойын қорытындысы бойынша 4:0 есебімен басым түсті. Бірақ бұл ойындар ақпан-наурыз айларында болған еді. Ұзақ үзілістен кейінгі қазіргі жағдай басқаша. Соңғы бес ойында тек екі рет қана жеңіске жеткен «Бұқаларға» Ла Лигада өз қақпаларына ең аз гол жіберетін командалардың бірі «Атлетикоға» қарсы тұру қиынға соғады. Әйткенмен, Юлиан Нагельсманның шәкірттері бірінші болып гол соқса, испан командасын әбігерге түсіретіні сөзсіз. Өйткені «Атлетиконың» қарсылас командаға көп гол соға бермейтіні де бар.

Атақты Диего Симеоне жаттықтыратын «Атлетико» Испания Ла лигасын үшінші орынмен аяқтады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңін жеңе алмай, алдына «Ювентусты» жіберіп алды. Соған қарамастан 1/8 финалда былтырғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы «Ливерпульден» басым түсіп, сенсация жасағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан бұл командадан барлығын күтуге болады.

Бұл екі команданың нәтижесін болжау қиын. Себебі екі ұжым да ішкі біріншіліктерінде өз қақпаларына ең аз гол жіберетіндер қатарында. Әсіресе, мадридтіктер 38 ойында небәрі 51 доп соғып, 27 доп жіберген. 

 

Деректер:

- Лиссабондағы «Жозе Алваладе» стадионындағы матч «Лейпцигтің» испан клубтарына қарсы алғашқы ресми матчы;

- топтық кезеңінің бірінші раундында Португалияда «Лейпциг» «Бенфиканы» жеңген еді (2:1);

- «Лейпциг» Португалияда Чемпиондар лигасында 2017/18 жылғы маусымында «Портудан» 1:3 есебімен жеңілді.

- Чемпиондар лигасының 14 матчында «Лейпциг» жеті рет жеңіске жетіп, төрт рет жеңіліске ұшырады және үш рет тең түсті;

- «Лейпцигтің» Чемпиондар лигасының 2019/20 жылындағы статистикасы: 3 жеңіс, 1 тең ойын; – «Лейпцигтің» еурокубоктағы плей-оффтағы статистикасы: 6 жеңіс, 1 жеңіліс;

- «Атлетико сырт алаңда еурокубоктың соңғы 17 ойынында бес рет жеңіліске ұшырады және жетеуінде жеңіске жетті;

- Германия клубтарымен болған соңғы 44 ойында «Атлетико» 21 рет жеңіс тойын тойлады. 7 рет тең түссе, 16 рет жеңіліс тапқан;

- «Атлетико» Германиядағы соңғы алты ойында бес рет жеңіліс тапты. Соңғысы «Байерге» қарсы матчта тіркелді; 

- «Атлетиконың» Португалия алаңындағы статистикасы: 3 жеңіс, 2 тең және 5 жеңіліс.