• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Тамыз, 2020

Әлемді уысынан шығарар емес

236 рет
көрсетілді

Қытайдың Хубэй провинциясының тұрғыны 68 жастағы әйел адам COVID-19 індетімен қай­та­дан ауырып қалған.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, ақпан айында ауруға шалдығып, вирустан айығуына айлап уақыты кеткен әйел қайтадан індеттің құры­ғы­на ілінген. Елдің орталығында орналасқан провинцияның тұрғыны 9 тамызда тексеріліп, нәтижесінде COVID-19 диагнозымен ауруханаға жатқызылған.

Бұл жағдай ғалымдардың індетпен ауыр­ған адамдардың бойында антидене бір­не­ше ай ғана сақталады деген тұжы­ры­мына сәйкес келіп тұр. Сондықтан бір ауырып тұрдым ғой деп бейғам жүруге болмайды.

 * * *

Колумбиядағы індеттің өршуіне қарап Ита­лия үкіметі әуе байланысын белгісіз мерзімге тоқ­­тата тұратыны туралы шешім қабылдаған.

Колумбия денсаулық сақтау министрлігінің Twitter-дегі парақшасында соңғы 24 сағат ішінде 362 пациенттің тынысы тоқтағаны жария болды. Әлемде пандемия патшалық құрғалы бұл елде 422 519 адам COVID-19 вирусын жұқтырып, 13 837 колумбиялық індеттің құрбаны болған. Ал жалпы ел көлемінде 239 785 жан жазылып, 2 023 256 адам тест тапсырыпты.

 * * *

Венесуэланың байланыс және ақпарат ми­нис­­трі Хорхе Родригес COVID-19 жұқтыр­ға­нын Twitter-дегі парақшасында жазды.

Елдің бас ақпаратшысы Хорхе Родригес «Мен COVID-19-бен ауырғаным жайлы диагноз қойылғанын хабарлауға міндеттімін. Жағдайым жақсы болғанымен оқшаулану режімін сақтап, вирус­ты жеңіп шығуға тиіспін», деп жазыпты.

Шілде айында аталған елдің экономика және мұнай вице-президенті Тарек Эль-Айссами мен ұлттық құрылтай жиынының спикері Диосдадо Кабельо да ауырып тұрған-ды.

 * * *

Аргентина президенті Альберто Фернандес Окс­форд университетінде жасалған КВИ-ге қарсы вакцинаны Мексикамен бірлесіп шыға­ру­ды жос­парлап отыр. Бұл туралы REGNUM агенттігі хабарлады

Президент Альберто Фернандес аргентиналық AstraZeneca мен мексикалық Карлос Слим атындағы қор бірлесіп, Латын Америкасындағы Бразилиядан басқа мемлекеттерді түгел вакцинамен қамтитын іргелі жұмыс жүргізетінін, жобаның коммерциялық емес екенін мәлімдеді. Барлық тәжірибелік жұмыс аяқталысымен вакцина шығару жолға қойылып, 2021 жылдың бірінші жартысында қолжетімді болмақ.

Аргентинада пандемия басталғаннан бері 268 574 адам вирус жұқтырып, 5213 адам дүние салған.

 * * *

Бразилияның денсаулық сақтау министрлігі бір тәуліктің ішінде 55 155 адамның ауру жұқтырғанын хабарлаған.

Онсыз да қара жамылып, үш күн аза тұтқан елде осылайша жаманат дерт жамағандардың қатары артып, жалпы індетке шалдыққандардың саны 3 164 785 болды. Бұған дейін COVID-19-дан көз жұмғандар 104 201 болса, енді 1175 адам ажал құшыпты. Дегенмен 2 309 477 науқастың аурудан жазылып шыққаны елдің еңсесін көтеруге сеп болып тұр.

* * *

Италия үкіметі 12 тамызда аймақтар бас­шы­ла­рының қатысуымен кеңес өткізіп, ви­рус­тың ықпалын азайту жолдарын қарас­тыр­ған жобаларды ортаға салды.

Италия денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца Испания, Грекия, Хорватия және Мальтаға барып демалып қайтқан отандастардан әуежай басында тест алу керек екенін ұсынған. Оның айтуынша, экспресс-тест арқылы адамдардың 14 күн оқшаулануы қажет болмайды.

Отырыста пандемияның ел экономикасына тигізген салқыны да сөз болған. Сарапшылар Италиядағы ІЖӨ жыл аяғында 10-15 пайыз дең­гейі­не дейін құлдырауы мүмкін екенін айтса, ресми билік 8-9 пайызды құрайды деп үміттенеді. Экономиканы ұйыққа батырмау үшін үкіметтік жобаларға 75 млрд еуро қарастырылды, оның біраз бөлігі кредиттік қаражаттан құралған.

 

Дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»