Егеменді Қазақстанның тарихындағы ең маңызды деген тараулардың бірінің ұлттық валютаны құруға және оны айналысқа енгізуге арналуы заңды.
Сол кездегі оқиғалар туралы оларға қатысушылар мен мамандар бұл үдерістің саяси және экономикалық астарына ерекше мән бере отырып, БАҚ-та талай рет айтқан болатын. Айырбастау үдерісінің қалай жүргізілгені туралы да талай айтылды. Бірақ Ұлттық Банктің және екінші деңгейдегі банктердің қатардағы және қатардағы емес қызметкерлерінің қысқа мерзімде бүкіл кеңестік қолма-қол ақшаны қабылдап, қолмен қайта санау үшін үлкен тер төккенін екінің бірі біле бермейді. Оны теңге енгізілгеннен кейін бірнеше рет қайта санап, соңғы рубліне дейін эмиссиялық орталыққа – сол кезде Ресейдің Орталық банкіне беру қажет болды. Қазір, жылдар өткен соң тарихқа айналған елдің құнсызданған ақшасы кімге және не үшін қажет болды екен деп ойлайсың.
Рубльдік «қайта жұмылу»
Наиля АБДУЛИНА:
«ТЕҢГЕ БАРЛЫҚ СЫНҒА ТӨТЕП БЕРДІ»
Егеменді Қазақстанның тарихындағы ең маңызды деген тараулардың бірінің ұлттық валютаны құруға және оны айналысқа енгізуге арналуы заңды. Сол кездегі оқиғалар туралы оларға қатысушылар мен мамандар бұл үдерістің саяси және экономикалық астарына ерекше мән бере отырып, БАҚ-та талай рет айтқан болатын. Айырбастау үдерісінің қалай жүргізілгені туралы да талай айтылды. Бірақ Ұлттық Банктің және екінші деңгейдегі банктердің қатардағы және қатардағы емес қызметкерлерінің қысқа мерзімде бүкіл кеңестік қолма-қол ақшаны қабылдап, қолмен қайта санау үшін үлкен тер төккенін екінің бірі біле бермейді. Оны теңге енгізілгеннен кейін бірнеше рет қайта санап, соңғы рубліне дейін эмиссиялық орталыққа – сол кезде Ресейдің Орталық банкіне беру қажет болды. Қазір, жылдар өткен соң тарихқа айналған елдің құнсызданған ақшасы кімге және не үшін қажет болды екен деп ойлайсың.
Рубльдік «қайта жұмылу»
Бекер олай ойлайсыз: халық пен кәсіпорындар тапсырған барлық кеңестік рубльді жинақтау, өңдеу, қайта санау – теңгені енгізу үдерісінен кем емес маңызды жұмыс болды, – деп келіспейді Наиля Құрманбекқызы АБДУЛИНА. Қазір ол – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Директорлар кеңесі және басқармасы аппаратының кеңесшісі, ал сол кезде ҚР Ұлттық Банкінің Бухгалтерлік есеп департаментінің директоры болды. Ол кеңестік ақшаны жинау, есепке алу операцияларын басқарып, рубльді теңгеге айырбастаудың, есепке алудың және аударудың қағидаларын дайындады.
– Менің білуімше, Ресей ол кезде өзінің рублін енгізіп те қойған болатын. Ал Қазақстанда кеңестік ақша айналыста болды. Сондықтан да Ресейге оның қажеті не деген заңды сұрақ туындайды. Барлығын жинап алып, қайта санамай-ақ жоя салуға болмады ма?
– Жоқ: кеңестік ақшаның Ресей Федерациясының және өздерінің ұлттық валюталарына көшкен басқа бірнеше елдің аумағында өзінің ақша ретіндегі функциялары жойылғанына қарамастан, ол республиканың аумағында айналыста болды. Ол тек төлем құралы ғана болып қоймай, Қазақстанның Ресей алдындағы мемлекеттік борышы болып саналды. Барлық республикалардың Ресей алдындағы міндеттемелері және мемлекеттік уағдаластықтары осындай болды. Мемлекеттер арасындағы ақша миграциясын есептегенде, сондай-ақ, оған дейін тапсырылған тозған ақшаны есептегенде 1961-1993 жылдардағы үлгідегі қолма-қол ақшаның қандай сомасының Қазақстан Республикасында болуы тиіс екендігі туралы мәліметтер Мәскеуде болды. Есеп қатаң жүргізілді, әрбір купюра нөмірлері бойынша есепке алынды. Сондықтан да біздің тапсырылатын және айналыстан алынатын рубльді күні-түні санауымызға тура келді, біз оған толыққанды ақша ретінде қарадық. Сондықтан ақша саналатын кабинеттердің сыртында күзеттің тұруы да бекер болған жоқ.
– Ұлттық Банк айырбастау үшін рубльді 15 қарашаға дейін-ақ қабылдай бастады ғой?
– Жоқ, жаңа рубльді банктер шаруашылық жүргізетін субъектілерден және халықтан 15 қарашадан кейін ғана қабылдап, Ұлттық Банкке тапсыра бастады. ҚР Президентінің 1993 жылғы 3 қарашадағы Жарлығымен Мемлекеттік комиссияның құрылғаны белгілі. Оны Премьер-Министр С.Терещенко басқарды, құрамына вице-президент Е.Асанбаев, Ұлттық Банк төрағасы Ғ.Байназаров, Қаржы министрі Е.Дербісов, Экономика министрі Б.Ізтілеуов кірді. Ал Мемлекеттік комиссияның жанынан құрылған жұмыс тобына Д.Сембаев, О.Жандосов, Г.Марченко, Ө.Шөкеев, М.Тұрсынов және В.Назаров кірді.
Бастапқыда халықтан рубльді кәсіпорындар, ұйымдар жинады. Олар рубльді санап, тізімдемемен банктерге берді. Одан соң банктер – ол кезде олар 200-ден көп болды – қайта санап, бандерольге орап, тиісті құжаттарды жасап, Ұлттық Банкке тапсырды. Бізге ақша қап-қабымен келіп түсіп жатты: оны басқаша қабылдау мүмкін емес болатын. Ұлттық Банктің қызметкерлеріне әрқайсысын қолмен санауына тура келді. Мұны банктің барлық қызметкерлері дерлік істегені есімде. Төрағадан, екі орынбасарынан және кейбір департамент директорларынан басқа барлық қызметкер ақша санады. Мыңға жуық адам күн-түн демей осымен айналыстық. Қаптар, тау боп үйілген ақша еденде, аяғымыздың астында жатты. Біз үстінен басып жүре бердік.
ҮЙІЛГЕН АҚШАНЫҢ ҮСТІНДЕГІ ӨҢ МЕН ТҮС
– Сол кезде ақшаны жек көріп кеткен боларсыздар?
– Жек көрдік. Біріншіден, барлығын бөлмелерінің сыртынан жауып қойды, белгілі бір норма қайта саналмайынша, ешкім ешқайда кете алмады. Норма болса, адамның қаншалықты тез санауына қарай әркімде әрқалай болды. Екіншіден, ақша әрқашан да лас емес пе, ал ондай көлемде оның иісі де өткір болады. Адамдардың шаршағаны соншалықты, тіпті олардың қаптарға сүйене кетіп, ұйықтап кеткен кездері де болды. Тамақтану үшін сыртқа шығып, қол жууға да мұршамыз болмады.
Жыладық та, ашуландық та, тек әншейін бір қап ақшаны санап шықпай, түбіртектегі сомамен салыстыру да қажет болды. Егер сомалары сәйкес келмесе, қайта санау қажет болатын. Күннің соңында мен кассирлермен бірге ол ақшаны қабылдайтынбыз. Тек содан кейін ғана адамдар жұмыс орындарынан кете алатын. Себебі, банктен ақшаны санау аяқталғаннан кейін ғана шығаратын.
Бірақ, білесіз бе, мені не қуантты: шаршағандарына қарамастан, бұл ақшаның әлі де айналыстағы нақты ақша екеніне қарамастан, купюраны немесе ақшаның бумасын өзімен бірге «ала кету» ешкімнің басына келіп-кетпеді. Барлығын жылдам санап, сосын жылдам Ресейге тапсыру қажеттігін бәрі түсінді. Әрине, жылдам аяқтап, тезірек үйге қайтуды да ойладық.
– Сол кезде қанша купюра санап шыққандарыңыз есіңізде ме?
– Егер ұмытпасам – шамамен 1 трлн. 650 млрд. қолма-қол банкнот. Әрі оны бірнеше рет санадық қой.
– Одан кейін не болды?
– Өткізу рәсімі алдын ала ойластырылған болатын. Бірінші рет санағаннан кейін ақшаны біз сақтау орнына тапсырдық, ол жерде ол тағы бір рет саналатын. Содан кейін Ресейдің Орталық банкінен маман келіп, ақшаны қайта санадық, вагондарға тиеп, Мәскеуге жөнелттік. Сол жерде оны жоятын. Бастапқы кезеңдерде осылай болды. Бірақ көп кешікпей Орталық банктегілер ақшаның өте көп екендігін және ондай ағынды өздерінің ғана еңсере алмайтындықтарын түсінді. Сол кезде ол рәсімді жеңілдетті. Мәскеу бізге комиссиясын жіберді, соның көзінше алдын ала саналған және актімен ресімделген ақшаны Қарағандыда және Шымкентте жойдық. Жояр алдында оны түбіртектері бойынша тізімдемемен салыстырып тексердік, содан кейін ғана комиссия домен пештеріне ақшадан жасалған «кірпіштердің» салынып, өртелуін қадағалайтын. Біз барлығын, тиынына дейін жинап, Ресеймен бірге салыстырып тексердік. Алғашқы тиындарды біз шекараға дейін апаратынбыз. Содан кейін Ресейдің ОБ оларды өзімізде қайта құюға құқық берді.
– 15 қарашаға дейін бәрін жинап үлгердіңіздер ме?
– 90%-ға дейінгі негізгі ағын сол кезеңде жиналды. Кейін ақша тағы үш жыл бойы келіп түсіп жатты: шалғайдағы шопандар жайылымда жүріп, айырбастау туралы біраз уақыт өткеннен кейін ғана естіді, не адамдар ұзақ мерзімді іссапарлардан оралып жатты. Біреулер ауырып қалған, екіншілері шетелде оқып жүрген. Енді біреулері «қазына» тауып алған. Жалпы, айырбастауға кешігіп қалудың дәлелді себептері болды. Сондықтан да ақшаны қабылдау жөніндегі комиссия тағы үш жыл жұмыс істеді. Бірақ мұндай жағдайларда адамдар ең ірі көлемдегі ақша сомасы бойынша түсініктеме беруі, олардың шыққан тегін, кірістілігін дәлелдеуі қажет болды. Әдетте, мұндай сомалардың көпшілігі айырбастауға қабылданатын. Шығу тегі дәлелденбеген жағдайда, қабылдаудан бас тартылған жағдайлар да болды. Бірақ, белгіленген минимум кез келген жағдайда айырбасталды.
БАҒАМДЫҚ АЙЫРМА
– Айырбастауға қажетті теңгенің көлемі қалай анықталды?
– Бұл мәселе Мемлекеттік комиссияның құзыретінде болды. Менің білетінім, бір тоқсанның ішінде теңгені сақтау мен оның айналымына қажетті көлемді есептеді. Ақшаға деген үш айлық қажеттілік әрбір аймаққа да жеткізілді. Айырбастау туралы жария етілген кезде бүкіл банктерге ақша жеткізілген болатын. Кейіннен банктер облыстық филиалдарда кеңестік рубльдерге айырбасқа жаңа банкноттар алды. Сонымен бірге, айырбастау қарсаңында бүкіл банктерге пакеті бар нұсқаулық жіберіліп, ол пакетті Үкіметтің хабарынан кейін ашу тапсырылды. Аталған пакетте айырбастау бойынша қағидалар, клиенттермен жұмыс істеу, қайта есептеу туралы, кеңестік рубльді Ұлттық Банкке тапсыру туралы нұсқаулық болды.
– 90-шы жылдардың басында инфляция шарықтап тұрды. Ресей ақшаны қандай бағам бойынша қабылдағанын еске салсаңыз, номиналы бойынша емес қой?
– Осыған дейін айтып кеткенімдей, құжат түрінде қазақстандық рубль ретінде тіркелген ақша мемлекеттік борыш ретінде ресімделді. Айырбастау бағамы 110-ға 1 деп айқындалды. Бұл бағамды Ресей белгілеп, барлық бұрынғы республикалармен келісілді.
– Алайда, Қазақстанда айырбастау 500 рубльге 1 теңге қатынасы бойынша жүргізілгені есімде. Мұндай бағамдық айырма проблема туғызған жоқ па?
– Біздің бағамды Мемлекеттік комиссия макроэкономикалық жағдайларымызға қарай айқындады. Алайда, тұтастай алғанда республика үшін бағамдағы мұндай айырмашылық біздің Ресей алдындағы мемлекеттік борышымыздың көбейгенін ғана білдірді. Тараптардың келісіміне сәйкес оны сақтау қажет болды. Оның бәрін біз жақсы түсіндік. Бұған қоса айырбастаудың ресейлік бағамы біздің теңгеге көшуімізден бұрын белгіленген болатын.
Сонымен бірге, Қазақстанның, біріншіден, соңғы сәтке дейін рубль аймағында болу сценарийін қарастырғанын есте сақтаған абзал. Біздің ол жақта күтпеген қонақ екенімізді түсінгеннен кейін ғана Президент пен Үкімет төл валютаға көшуге дайындалу туралы арнайы комиссияға және Ұлттық Банкке нұсқау берді. Екіншіден, Қазақстанға дейін өздерінің ұлттық валюталарына бірнеше мемлекет көшкен болатын. Оның ішінде Ресейдің өзі де.
ТЕҢГЕРІМ ҮШ ЖЫЛДАН КЕЙІН СӘЙКЕС КЕЛДІ
– Шынын айтқанда, мемлекеттік борышқа қатысты жағдайдың қалай аяқталғаны есімде жоқ. Теңгерім сәйкес келді ме?
– Сол қараша айында біз теңгені айналымға тез әрі дәл енгізіп, негізгі ақша сомасын жинақтап, бәрін активтей отырып, оны Ресейдің Орталық банкіне бердік. Алайда, мемлекеттік борыш мәселесі бірнеше жылдан кейін ғана шешілді. Бұрынғы КСРО-ның бүкіл мемлекеттері ақшаны тапсырмайынша Ресей есепті мойындаған жоқ. РФ Орталық банкі әрбір республикамен салыстырып тексеруді жүргізіп, импорт-экспорт ағыны, республикаларға жіберілген және қайтып келген ақшаның көлемі есептелгеннен кейін, бір мемлекеттен (бұрынғы республикадан) басқа мемлекетке барлық ақша ағыны ескерілгеннен кейін ғана қалған мемлекеттік борыштардың бүкіл сомаларына қол қойылды.
Одан соң Ресейден ғана емес, Украинадан және барлық қалған республикалардан алынған сыртқы борышты реттеуге қатысты келіссөздер басталды. Яғни, кімнің кімге және қанша ақша қарыз екені барынша мұқият есептелді. Біз бұл сыртқы борыш сомаларын тіркеп, оларды борыш ретінде есептедік. Нәтижесінде, Қазақстан КСРО құрылымында шикізат базасы болғандықтан, барлық дерлік ірі республикаларға қарыз болып шықты. Одан кейін бүкіл республикалармен кімнің, қанша және қалай борышты өтейтінін анықтап, кестелерін жасап, мерзімдерін айқындадық. Осының бәрін салыстыру өте қиын болды. Бухгалтерия қызметкерлері және біздің бағдарламашылар барлық мемлекеттермен бәрін салыстырып тексеру үшін үш жыл бойы банктен күні-түні шықпай жұмыс істеді деуге болады. Күндіз ағымдағы төлемдерді есептеп, түнде ескі борыштарды санадық. Тек Ұлттық Банк қана емес, барлық министрліктер бұл жұмысқа тартылды: олар да салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізіп, кімнің кімге қанша қарыз екенін анықтады.
– Қазақстан бәрінен бұрын қай республикамен өзара салыстырып тексеруді аяқтап, борыштар бойынша барлық есеп айырысуларын аяқтады?
– Бірінші болып Кавказ республикаларымен барлық салыстырып тексеруді аяқтадық. Молдовамен есеп айырысуымыз мейлінше қалыпты өтті. Бұл жылдамдық айтарлықтай емес өзара сыртқы сауда қарым-қатынастарымен байланысты. Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты республикалармен есеп айырысуымыз ауқымды болды. Қалған мемлекеттермен салыстырып тексеруді біртіндеп, кезең-кезеңімен жүргіздік. Қырғызстанмен өзара борыштар бойынша көп есеп айырысу жасағанымыз есімде. Бұл шекара маңындағы сауданың едәуір көлеміне де байланысты болды. Сондай-ақ, Белоруссиямен де қарым-қатынасымыз белсенді болды. Кеңестік кезеңдегі борыштар бойынша мәселелерді реттеудегі соңғы нүкте Ресеймен қойылды. Алайда, бұл, осыған дейін айтып өткенімдей, Ресейдің барлық бұрынғы кеңестік республикалармен салыстырып тексеру жүргізуінен кейін ғана мүмкін болды, яғни әрбір республика бойынша барлық теңгерімдер расталып, қол қойылғанға дейін.
– Теңгерімдер жинақталып, борыштар айқындалғаннан кейінгі қарым-қатынастар қалай қалыптаса бастады?
– Бүкіл әлемдегі қатынастар сияқты: тәуелсіз мемлекеттердің орталық банктерінде тиісті корршоттар ашылды. КСРО республикалары бөлініп, өздерінің валютасын басып шығармас бұрын Ресейдің Орталық банкі барлық республикаларға есеп айырысу жасау үшін корршоттар ашты. Ал Қазақстан төл валютасына көшкен кезде ҚР Ұлттық Банкі эмиссиялық орталыққа айналып, өзінің ІЖӨ-сін есептей бастады, сол кезде РФ ОБ-мен шетелдік мемлекетпен сияқты қарым-қатынастар басталды. Содан бері, егер бізге ресейлік қолма-қол ақша қажет болса, біз оны РФ ОБ-дағы өзіміздің корршотымыздан алдық және әлі де содан аламыз, Ресейден рубль сатып аламыз және ақы төлейміз.
– Теңге енгізіліп, Ресеймен бүкіл есеп айырысулар аяқталғаннан кейін демалуға мүмкіндігіңіз болды ма?
– Жоқ, одан кейін Қазақстанның орталық банкі отандық төлем жүйесін нөлден бастап құру, бағдарламалар әзірлеу, бухгалтерлік есептің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына көшу жұмыстарын бастады. Ол туралы келесі жолы сөйлесейік!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Алевтина ДОНСКИХ.
ӘРБІР ҚАРЫЗ АЛУШЫ КРЕДИТТІ ҚАЛАЙ ӨТЕЙТІНІН БІЛУІ ТИІС
Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бірнеше жыл бойы өсіп, 2013 жылғы екінші жартыжылдықтың басында 10,3 трлн. теңгеден асты. Бұл ретте жеке тұлғаларды кредиттеу көлемі 3 трлн. теңгеден асып жығылды. Мұндай жағдайда қарыз алушылардың өткен кредит дағдарысының сабақтарын ұмытпағаны маңызды, қарызды алмас бұрын оны қандай қаржы көзінен алатынын және қалайша өтейтіндігін түсіну қажет.
2010 жылы банк заңнамасына өзгерістер енгізілгеннен кейін қарыз алушыларға банк қарызын өтеу әдісін таңдау құқығы берілді. Іс жүзінде банк қарызы шарттарында банктер, әдетте, банктің өзі әзірлеген өтеудің басқа әдістерін пайдалануға заңнамалық тұрғыдан рұқсат етілгенімен, қарызды өтеудің аннуитеттік және әртараптандырылған әдістерін пайдаланады. Олар қандай әдістер, олардың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
Аннуитет
Кредит бойынша аннуитеттік төлемдер жүргізген жағдайда ай сайын кезеңге есептелген пайыз бен негізгі борыштың бір бөлігінен тұратын, көлемі бойынша тең сома төленеді. Әрбір ай сайынғы төлемді жүргізгеннен кейін кредит бойынша негізгі борыш сомасы азаяды, одан кейінгі айдың пайыздық сыйақысы ағымдағы борыштың қалдығына есептеледі, алайда, ай сайынғы төлем сомасы өзгеріссіз қалады.
Ай сайынғы аннуитеттік төлем екі құрамдас бөліктен – үлесі тең қалыпта ұлғайып отыратын негізгі борышты (кредит сомасының қалдығын) қайтарудан және кезекті төлемді жасаған кезде үлесі тиісінше азайып отыратын есептелген пайыздан тұрады.
Төмендей отырып, нөлге теңеседі
Өтеудің әртараптандырылған әдісінде қарыздың негізгі сомасы тең үлестермен төленеді. Пайыз қалдыққа да есептеледі (кредитті өтеудің мұндай тәсілін «коммерциялық», «классикалық», «пайызды қалдыққа есептеу» деп те атайды). Өтеудің әртараптандырылған әдісін таңдаған кезде өтелетін ай сайынғы сома бір айдағы негізгі борыш пен есептелген пайыздың тең бөлігінен құралады. Демек, төлемдердің ай сайынғы мөлшері тұрақты емес, кредиттеудің бүкіл мерзімі ішінде біркелкі төмендеп отырады. Кредитті өтеудің бұл тәсілі кредит бойынша бірінші төлемнің бүкіл кредиттеу мерзімінде ең көп, ал алғашқы жылдардың қаржылай салмақ түсу тұрғысынан ең ауыр болатынын болжайды.
Таңдау құқығы
Агенттік басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 29 наурыздағы № 38 қаулысымен кредит беру туралы шартты жасағанға дейін қарыз алушыға кредитті өтеу әдісін таңдау үшін әртүрлі әдістермен есептелген кредитті өтеу кестесін танысуға беру талабы белгіленген.
Сонымен қатар, ипотекалық кредиттеу және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты 2011 жылғы ақпанда заңнамаға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Атап айтқанда, «ҚР банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 39-бабы өзгертілді, банктердің қарыз алушыларға ең кем дегенде екі әдісін: әртараптандырылған және аннуитеттік әдістерді ұсыну міндетімен толықтырылды.
Қарыз алушының қандай да бір өтеу әдісін таңдауы жазбаша түрде белгіленеді. Егер қарыз алушы жеке тұлға болып табылса, қарызды өтеу кестесінде қарыз алушының таңдаған әдісі туралы белгі бар қарызды өтеудің банк ұсынған әдістерінің тізбесі болуы тиіс.
Сонымен бірге, қарызды өтеудің әдісін таңдау қарыз алушының қалауына ғана негізделмейтінін атап өткен жөн.
Қарыз алушының жеткілікті және тұрақты кірісінің болуына тікелей байланысты қарыз алушының қарызды таңдап алынған әдіспен өтеуге қабілетінің болуы өтеу әдісін таңдаудағы маңызды фактор болып табылады.
Себебі, заңнамалық тұрғыдан қарыз алушыға таңдау берілгендіктен, қандай да бір әдістің тиімді әрі артық екендігі туралы мәселе туындайды.
Салыстыру әдістері
Қандай да бір әдістің тиімділігі, әдетте, алынған қарыз бойынша жиынтық сыйақы сомасын салыстыру жолымен айқындалады. Кредиттеу талаптарының бірдей болуы (мерзімі, сомасы, пайыздық мөлшерлемесі) жағдайында аннуитеттік әдісте сыйақы бойынша төлемдердің жалпы сомасы әртараптандырылған әдіс бойынша төлемдердің жалпы сомасына қарағанда көбірек болатынын барлық қарыз алушылар білуі қажет. Мұндай айырмашылық аннуитеттік әдіс кезінде бастапқы төлемдер сыйақыны, ал қалған бөліктен кредиттің өзін өтеуге жіберілетіндігіне, соған байланысты қарыз алушы негізгі борышты баяуырақ төлеп, тиісінше, қарызды пайдаланғаны үшін сыйақыны көбірек төлейтіндігіне байланысты.
Аннуитеттік әдістің артықшылығы қарыз алушының ай сайын бір соманы төлеуінде. Ол отбасы бюджетін тиімді жоспарлауға көмектеседі.
Аннуитеттік әдістің тағы бір артықшылығы – төлем қабілетіне қойылатын талап.
Аннуитеттік әдіспен салыстырғанда әртараптандырылған әдістің жиынтық сома бөлігінде айтарлықтай арзан болғанына қарамастан, кредитті әртараптандырылған төлемдермен өтеу, кредит бойынша алғашқы төлемдердің бүкіл кредиттеу кезеңінде ең қомақты, ал алғашқы жылдар – қаржылық салмақ тұрғысынан ең ауыр болатынын болжайды.
Тиісінше әртараптандырылған төлемдерді таңдаған кезде отбасының жалпы кірісі аннуитеттікке қарағанда шамамен төрттен бір бөлікке көбірек болуы тиіс.
Қарыз алушыға арналған есеп
Дұрыс түсіну үшін мысал келтірейік. Айталық, қарыз алушы 100 000 валюта бірлігін, жылдық 20%-бен, 24 айға қарызға алды. Өтеудің аннуитеттік әдісі жағдайында ай сайын өтелетін төлем сомасы 5 089,58 валюта бірлігін құрайды, бүкіл кредиттеу кезеңінде (24 ай) қайтарылатын жалпы сома 122 149,92 валюта бірлігін құрайды. Өтеудің әртараптандырылған әдісі жағдайында бірінші төлем 5 833,33 валюта бірлігіне тең және ол біртіндеп азая береді, ал қайтарылатын жалпы сома 120 833,33 валюта бірлігін құрайды. Қандай қорытынды шығару керектігі айтпаса да түсінікті.
Ал енді төлем қабілетін бағалап көрелік. Айталық, егер ай сайынғы төлем сомасы клиенттің орташа айлық табысының 40%-нан аспаса (бұл – шартты талап, ол әр банкте әртүрлі болуы мүмкін), клиент төлем қабілеті бар деп саналады. Осылайша, жоғарыда көрсетілген мысал жағдайында қарыз алу үшін, аннуитеттік әдісті таңдаған кезде қарыз алушының орташа айлық табысы 12 724 валюта бірлігінен, ал әртараптандырылған әдісті таңдаған кезде 14 583 валюта бірлігінен кем болмауы тиіс. Демек, өтеудің әртараптандырылған әдісін таңдаған кезде төлем қабілетіне қойылатын талап қатаңырақ болатынына дайын болуы керек.
Өкінішке орай, қарыз алушы – жеке тұлғалардың көпшілігі банкке белгілі бір қарыз сомасын алу үшін емес, «жалақыма қарай барынша ең көлемді» қарызды алу қағидатымен барады. Яғни банкте орташа айлық кірісін көрсете отырып, клиенттер банк бере алатын ең көп соманы алғысы келеді. Әрине, төлем қабілетіне қоятын талап бірдей болғанымен, сол клиент әртараптандырылған әдіске қарағанда, аннуитеттік әдісті таңдаған кезде сомасы көбірек қарызды ала алады. Осыған байланысты қарыз алушылар жаппай аннуитеттік әдісті таңдайды. Әрине, банктер де қарыз алушының осы әдісті таңдағанын қалайды.
Бірақ, аннуитеттік әдістің қолайлы, артық болғанына қарамастан, қарыз алушылар аннуитеттік әдіс кезінде жиынтық сыйақы сомасының әртараптандырылған әдіске қарағанда көп болатынын білуі тиіс.
www.afn.kz сайтының «Қаржылық қызметтерді тұтынушыларға арналған ақпарат» бөлімінде қарыз бойынша ай сайынғы төлемдерді өз бетінше есептеуге болатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің, әлеуетті қарыз алушы бюджетінің, аннуитеттік және әртараптандырылған әдістермен берешекті өтеу кестелерінің есебі берілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің www.nationalbank.kz сайтында да Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне арналған бетті ашу жоспарланып отыр, онда көрсетілген есептеулер орналастырылатын болады.
Жасұлан МҰРАТОВ,
ҚР ҰБ Жамбыл филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы.