• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Тамыз, 2020

Снукер: финалда Ронни О'Салливан мен Кайрен Уилсон күш сынасады

390 рет
көрсетілді

Англияның Шеффилд қаласында снукерден 31 шілде күні басталған әлем чемпионаты өзінің шешуші кезеңіне де келіп жетті, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Жартылай финалда әлемнің бес дүркін чемпионы Ронни О'Салливан дүниежүзілік рейтингте 7-орында тұрған Марк Селбиді аса тартысты өткен ойында 17:16 есебімен тізе бүктірді.

Ал екінші жартылай финалдағы Кайрен Уилсон - Энтони МакГилл арасындағы жекпе-жек те дәл осындай есеппен аяқталып, нәтиже алғашқысының пайдасына шешілді. Айта кету керек, снукер тарихында жартылай финалдардағы ойын нәтижелерінің дәл осындай есеппен аяқталуы тұңғыш рет кездесіп отыр.

Снукер ойынындағы деңгейі ең жоғары турнирдің бас жүлдесін финалда сарапқа салатын Ронни О'Салливан мен Кайрен Уилсон бұған дейін түрлі турнирлерде алты рет кездесіп, өзара кім мықтыны анықтаған екен. Әзірге, жалпы есепте 4:2 есебімен Ронни О'Салливан алда тұр. Айта кететін бір жайт, бұл қос снукершінің жолы  финалдық ойындарда екі рет түйісіпті. Алғаш рет олар 2017 жылы English Open турнирінің шешуші кезеңінде күш сынастырып, Ронни О'Салливан 9:2 есебімен басым түсіпті. Сондай-ақ, 2018 жылы өткен Champion of Champions додасының финалында тағы да Ронни О'Салливан 10:9 есебімен жеңіске жеткен екен.

Биылғы әлем чемпионатының жүлде қоры £2,400,000 құрайды (шамамен  1 317 765 467,52 теңге). Чемпионға £500,000 тиесілі болса, жеңіліп қалған снукерші 200,000 фунт стерлингпен көңіл жұбатады.

Снукерден әлемнің 2020 жылғы чемпионы ертең, 16 тамыз күні белгілі болады. Егер, 45 жастағы Ронни О'Салливанның қолы жүріп берсе, әйгілі снукерші әлемнің алты дүркін чемпионы атанады. Ал 28 жастағы Кайрен Уилсон ғайыптан тайып жеңер болса, ол өзінің спорттық мансабындағы ең жоғары атаққа тұңғыш рет қол жеткізеді.