Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финал матчтары аяқталып, жартылай финалға шыққан командалар белгілі болды.
Пандемияға байланысты турнирдің кейбір ежелеріне өзгеріс енгізілуі кей командаларға өз пайдасын тигізіп жатыр. Бір матчтан тұратын ойынның арқасында екінші деңгейде қалып қойған клубтар барын салып, кішігірім сенсация тіркеп жатыр. Мәселен, ширек финалда Германияның «РБ Лейпциг» клубы жыл сайын Еурокубок бәсекелерінің финалында өнер көрсетіп келген Испанияның «Атлетико» командасын 2:1 есебімен жеңіп кетсе, ширек финалда Роналду бастаған «Ювентусты» турнирден шығарып жіберген Францияның «Лион» командасы ағылшынның азулы ұжымы «Манчестер Ситиден» 3:1 нәтижесімен басым түсті.
Сондай-ақ жартылай финалға «Барселонаны» 8:2 есебімен жеңген «Бавария» мен «Аталантадан» соңғы минутта жеңісті жұлып алған ПСЖ клубы жолдама алды. Осылайша ½ финалда Германия мен Францияның екі-екі командасы өнер көрсететін болды. Жартылай финалдағы ПСЖ және «РБ Лейпциг» арасындағы матч тамыздың 18-нен 19-на қараған түні, ал «Бавария» мен «Лион» арасындағы кездесу 19-нан 20-на қараған түні өтеді. Финал 23 тамызға жоспарланған.