• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 18 Тамыз, 2020

Ішкі саяхат (Жаһандық өзгерістер айқындаған мүмкіндіктер)

513 рет
көрсетілді

Жуырда Kazakh Tourism ұлттық компаниясына қарасты kazakhstan.travel интернет басылымы шетелдік сапарлар шектелгеннен кейін тек қана өзге елдің саяхатшылары емес, қазақстандық туристердің де баруы тиіс мекендер туралы қызықты мәліметтер жариялады.

Оңаша саяхаттау – жаһандық індет бекітіп берген жаңа тренд. Қалыптасқан жағдайда Қазақстан ұсынар игіліктері мол. Бүгінгі таң­да коронавирустың белең алуы жаһандық тұрақтылық пен өмі­ріміздің барлық саласындағы қалыптасқан қатынастардың берік­тігіне аса күрделі сынақ болып тұр. Індетпен байланыс­ты жағдай әлемдік туристік нарық­тың жұмысына елеулі өзгерістер енгізіп, дамудың жаңа ережелерін бекітуде. Тынысы тарылып, аясы шектелген саяхат саласының құлдырауын болдырмау үшін індет салдарының кері әсерін төмендетуге қауқарлы өзіндік бағыт-бағдарымызды айқындап, сол бойынша әрекет етуіміз шарт. Туристік өнім құраудың ғасыр­лар бойы еш түрленбеген тәртібі «әлеуметтік қашықты сақтау» сияқты өмірлік маңызы бар та­лаптармен толығып келеді. Ел аумағының кеңдігі, халық тығыз­дығының төмендігі, табиғи саябақ­тардың көптігі сияқты көрсет­кіштерді негізге алатын болсақ, Қазақстан – көпшіліктен шалғай, оңаша саяхаттаудың тап­тырмас мекені екенін аңғара­мыз. Соның негізінде елімі­здегі әлеуметтік қашықтықты сақ­тау қатаң қадағаланар талап емес, еш жасандылығы жоқ қалып­ты құбылыс – табиғи әлеумет­тік қа­шықты сақтау деп қабыл­дана­ды.

Кейінгі жылдары әлемдік туризм картасында еліміз эко-дестинация ретінде жиі белгіленіп жүр. Қазақстанның экотуризм бойынша рейтингтерде бой көр­сетуі де соған дәлел. Мысалы, жыл басында британдық бэкпекерлер қоғамы белсенді эко-саяхатқа әуес туристер үшін 2020 жылы must visit тізімінде Қазақстанды «үздік бестікке» жайғастырды. Беделді Gulf News басылымының мәлімдеуінше, Үлкен Алматы кө­лі БАӘ тұрғындары үшін «Үз­дік-5 дестинация» қатарына кіре­ді. Қазақстанның бұдан бөлек табиғи байлығы, игілігі өте көп. Ұлы дала жерінде 13 ұлттық сая­бақ, 10 қорық, 6 табиғи резерват, 50 қаумал, 5 қорықтық аймақ, 79 табиғи ескерткіш орналасқан. Ел­дегі ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтардың жалпы ауда­ны республика жерінің 9%-ын алып жатыр. Салыстырмалы түр­де айтатын болсақ, бұл жерге то­лық­тай Ұлыбритания сыйып кетер еді.

Экологиялық туристік өнім жай­лы сөз қозғағанда, оның бас­ты құраушы бөлігі – түрлі табиғи және климаттық жағдайлардағы белсенді демалыс екенін мойын­дау керек. Бір ғана елді, не бір ғана аймақты таңдай отырып, Қазақстанға келген турист қыс­қа уақыт аралығында әр жыл мезгілін толық сезіне ала­ды. Еліміздің оңтүстік және оңтүс­тік-шығыс бөлігіндегі асқар тау­лары мен асау өзендері жайлы климатпен үйлескен Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында жоғарыда аталған сипатқа сай бірегей турлар бел­сенді түрде ұсынылады.

Ұлы дала – ежелден-ақ қайсар жиһанкездер ұмтылған тылсым мекен. Көне тарихтың мәңгілік мөріндей болған Қазақстанның оңтүстігі Ұлы Жібек жолы мен көшпенділер өмірінің мән-жайы жайлы сыр шертеді. Ұлы Жібек жолы бойымен саяхаттап жүріп, туристер Марко Полоның ізін жалғап, 2000-жылдық тарихы бар Тараздың тағылымынан хабардар болып, түркі әлемінің бесігі – Түркістанның тамашасын танып, рухани байлыққа кенеле алады. Бағдар бойында түрлі көрнекті нысандар тізілген, оның ішінде: бірде-бір шеге қағылмай тұрғызылған Жаркент мешіті, будда ғибадатханалары, сәулетті кесенелер, қызғалдақтармен құл­пырған алқаптар және көне Отырар қалашығының қалпына келтірілген бөлігі бар. Қайсыбірі болсын ұмытылмас естеліктер сыйлап, керемет фотосуреттер жасауға мүмкіндік береді. Ата­мұрамыз болған көшпенділер мәдениетінің тұңғиығына үң­ілетін болсақ, бүгінгі таңда бар әлем бас қатырып отырған жауапсыз сауалдардың шешімін табуымыз ғажап емес. Көшпенділердің дәс­түрлі сәлемдесуінің өзі әлеуметтік қашықтықты сақтай оты­рып ізет білдірудің керемет үлгісі.

Осы сияқты тамақтану салты, тазалық сақтау әдебі, жеті атаға дейін қыз алыспау сияқты бір­қатар тағылымды әдет-ғұрып­тарымыз қашанда ұрпаққа жол көрсетер темірқазық болмақ. Сол үшін де, ұлттық сана – қазіргі таң­да негізгі екпін түсіруімізді қа­жет ететін қайталанбас туристік өнім.

Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, саяхат жасаудың теңдессіз орны екені сөзсіз. Ну ормандар, көкпен таласқан шыңдар, айдыны айнадай көлдерге қоса, туристер Алматы облысындағы Қайыңды көліне, Маңғыстаудағы өзге ғаламшарлық көріністерді бейнелейтін Бозжыра, Тұзбайыр, Торыш, Айрақты жерлеріне, Марс ғаламшарының Жердегі жұр­нағы – шығыстағы Қиынкеріш шатқалына, орталықтағы Ақжар тау­лары­на саяхат жасай алады. Ғарышқа бір елі жақын­дағысы келген ізденімпаз туристер Байқо­ңыр­ға барып қанағаттанары анық.

Өткен жылдар тәжірибесі анықтап бергендей, әлемдік дағ­дарыс – озық ой мен жаңа­лықтарға жол ашып, қалыптасқан жарамды-жарамсыз құрылымдарды сұ­рыптайтын құбылыс. Осы сын сағатта этникалық және экологиялық туризмге баса назар аударуымыз індеттен кейінгі кезеңде туризмді дамытудың сәтті үлгісіне айналып, болашақта отандық туризм саласын ілгері­летуге мықты серпін береді.