• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Тамыз, 2020

Шырғалаң шырмаған шартарап

318 рет
көрсетілді

«Жаңа коронавирус 2012 жылдан бері адам ағзасына бейім­делген болуы мүмкін», дейді ви­русолог Джонатан Латэм мен биолог Эллисон Уил­­сон. Бұл туралы The Sun ха­бар­лады.

Ғалымдар Юньнань провинциясында жарқанаттардың саңғырығынан шахтаны тазартқан кеншілерді емдеген дәрігердің жазбасын оқығаннан кейін осындай тұжырым жасаған. Өйткені кеншілердегі ауру белгіле­рінің қазіргі COVID-19-дан айырмасы болма­ған. Пневмония болып, құрғақ жөтелге булы­ғып, аяқ-қол­дары сырқырап, қызулары қатты көтерілген. Шахтерлер өз­дігінен дем ала алмай, өкпесі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылып, алты пациенттің үшеуі көз жұмған көрінеді.

Кеншілерден алынған сынамаларды Уханьдағы зертханаға жібергенде олардың атипті пневмонияға ұқсас пневмонияға шалдыққанын анықтаған. Осыған қарап зерттеушілер КВИ сол кездің өзінде адамдар ағзасына бейімделген деген ой айтты.

 * * *

Аустралияда бір тәулікте вирустан 25 адам о дүниелік болған және бұған дейін 24 сағатта мұндай дерек тіркелмеген.

17 тамыз күні Аустралия ден­саулық сақтау министрлігі 24 сағат ішінде елде ауру жұқ­­тыр­ғандардың саны 289-ға артқа­нын, ал барлығы 23 576 аус­тра­лиялықтан вирус табылып, пан­демия жарияланғалы 14 080 па­циенттің жазылып шыққанын айтты. Ауруханаларда 680 адам емделіп жатыр, оның ішінде 47 пациент қарқынды ем қабылдап, дәрігерлердің жіті бақылауында.

COVID-19-ды анықтау үшін 5,3 млн тест тапсырылып, көз жұм­ғандардың жалпы саны 421 адам болған. Әсіресе, Виктория штаты тұрғындары арасында індет шарпуы өзге аймақтарға қарағанда жоғары екен. Жалпы тізімдегі ауырғандардың 17 047-сі викториялықтар болған соң мұн­дағы карантин 13 қыркүйекке дейін созылған.

* * *

Канададағы Манитоба уни­вер­­ситетінің ғалымдары таза мақта-матадан тігілген киім­­дер мен тұмшаға түскен COVID-19 вирусы бір тәулікке жетпей бел­­сенділігін жоятынын анықтаған.

Зерттеушілер түрлі материал­дарда – ни­трилден жасалған қол­ғапта, N-95 және N-100 маскада, өте жеңіл, әрі берік Tyvek атты тоқылмаған материалда, плас­тик және тат баспайтын болатта вирустың қалай тіршілік ететінін 3 апта бойы саралаған. Сонда мақтадан тігілген бұ­йымдарда вирус тәулікке жетпей құрып кетіп отырғаны белгілі болды.

Иллинойс университетінің ғалымдары да таза мақтадан то­қылған жұмсақ матаның 3 қа­баты хирургиялық арнайы қор­ғаныш киімді алмастыра алады деген тұжырымға келіп отыр. Ал Ресейдің зерттеушісі Станислав Отставнов мақтадан тігілген киімді үйге әкеліп, іліп қойып, бір тәуліктен соң еш қауіпсіз, күмәнданбастан киіп кетуге болады дейді.

 * * *

АҚШ вирус шырмауына іліккен елдердің көшін бастап келеді. Пандемия жер жаһанды жаулағаннан бері 170 мыңнан аса америкалық дүние салды.

COVID-19 Батыс жарты шарды тұтастай шыр айналдырып тұр десе де артық айтқандық емес. Ең алдыңғы орында АҚШ, одан кейін Бразилия әлем бойын­ша вирус шырмауына түскен мемлекеттердің басында тұр. Бір елде 5,4 млн адамның вирус жұқтырғанын көзге елес­тету қиын болғанымен, алпауыт АҚШ індетпен күресін тоқ­татқан жоқ. Аурудан демі үзіл­гендер Нью-Йорк (32 840 адам), Нью-Джерси (15 912) және Кали­форния (11 234) штаттарында көп кездесті.

Мамыр айында Вашингтон университетінің Адам өмірінің сапасы мен ұзақтығын зерттейтін институтының директоры, доктор Кристофер Мюррей АҚШ-та вирус құрбандары 147 мың адамды құрайды деп болжаған еді. Ал бұл долбардың дәл келмегенін бүгінгі жағдай көрсетіп берді.

 * * *

Әлемдік өркениет бесігінің бірі көне Үндістан вирус құр­сауынан босай алар емес. АҚШ пен Бра­зилиядан кейінгі үшінші орынға шыққан Үндіс­тан­ның тұрғындары күніне мың­дап ауру жұқтырып жатыр.

17 тамызда Үндістанда 2 648 353 адам КВИ жұқтырған, 51 059 пациент вирус кесірінен көз жұмып, 8944 адам ауыр хәлде жа­тыр. COVID-19 жұқтыру көр­сеткіші бойынша ең алдыңғы орын­да – Махараштра штаты, одан кейін – Тамилнад, үшінші – Дели штаты.

Үндістанның фарминдустрия­сы жақсы дамыған елдердің қа­тарында екені белгілі. Пандемия жарияланғаннан бері үндістандық ғалымдар індетке қарсы вакцина жасау ісіне кірісіп кеткен-ді. 15 тамыз – Үндістанның тәуел­сіздігі мерекесінде ескі Делидің Қы­зыл қамал мінберінде дәстүрлі құттықтауын айтып, сөз сөйлеген елдің премьер-министрі Нарендра Моди үш түрлі вакцинаның кли­никалық тәжірибеден өтіп жат­қанын хабарлады. Екпе дайы­н бо­лысымен қысқа мерзімде өн­діріске шықпақ.

 

Дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»